• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

01 Қараша, 17:17:54
Алматы
+12°

02 Сәуір, 2014 NEWS

Түркі елдері одағының құрылуына бір қадам жасалды

Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан...

     Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.  Құжатқа сәйкес, екі мемлекеттің немесе біреуінің қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда қос тарап ол мәселені кеңесіп, ортақ шешімге келетін болады. Соған сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан өзара әскери және әскери-техникалық салаларда, азаматтық қорғаныс саласында ынтымақтасады. Яғни, екі ел бір-біріне қауіпсіздік мәселесінде арқа сүйей алады.  Осыған  мәселеге байланысты, заңгер, Қазақ Ұлттық кеңесі төрағасының орынбасарыМақсат Ілиясұлының пікірін білген едік...

     Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің «Қазақстан Республикасы мен   Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдауы өте құптарлық. Ресей Федерациясының 1994-жылғы 5-желтоқсанда қол қойылған Будапешт меморандумын бұзып, Украинаның тәуелсіздігіне, жерінің тұтастығына қол сұға отырып, Қырымды өзіне озбырлықпен қаратып алуы геосаясатта үлкен дүрбелең туғызды. Бұл жағдайға қарап отырып біз қандай сабақ алуымыз керек? Біріншіден, Ресей Федерациясы өзінің империалистік саясатын жүргізу жолында өзі қол қойған кез-келген халықаралық келісімді ойланбастан және қымсынбастан бұза салатынын дәлелдеді. Екіншіден, аталған меморандумға қол қойған АҚШ пен Ұлыбритания үшін әлдебір шағын, әлсіз Украина, Қазақстан сияқты мемлекеттердің тәуелсіздігін қорғау, жерінің тұтастығын сақтау жөніндегі кепілдігін жүзеге асырғанға қарағанда Ресей Федерациясымен «жылы» қарым-қатынасты сақтау маңыздырақ екенін көрсетті. Үшіншіден, өзінің бауырлас Украина мемлекетіне осындай озбырлық жасап отырған Ресей Федерациясы Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғыз еліне жақсылық жасамайтыны дәлелденіп, Ресей елі туралы «мәңгілік дос», «тату көрші» деген елес жойылды. Сонымен бірге, Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының вице-спикері, ЛДПР партиясының әрі фракциясының жетекшісі Владимир Жириновскийдің "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында «Никаких республик в Средней Азии. Среднеазиатский федеральный округ – главный город Верный! Сегодня у него чужое название Алмата – мой родной город. Это придумали Узбекистан, Киргизия, Таджикистан, Туркмения, Казахстан. Среднеазиатский федеральный округ!» деп мәлімдеуі аталған елдердің наразылығын туғызды және Ресей Федерациясының империалистік саясаты ол мемлекеттердің тәуелсіздігіне анық қауіп туғыза бастады. Осындай жағдайдан кейін түркі тілдес мемлекеттердің өзара ынтымақтасуы заңды құбылыс және болуы тиіс маңызды қадам болатын. Жалпы, Ресейдің империалистік пиғылына, саясатына қарсы тұрудың жалғыз жолы түркі тілдес мемлекеттердің одақтасуы екенін осыған дайін де айтып келемін. Түрік халықтарының дүниежүзілік Ассамблеясы (1991), Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы (1992), Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясы (2008), Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (2009) жұмыс істейді. Түркі кеңесіне қазір Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз және Түркия мүше болса, Түркіменстан мен Өзбекстан әлі ойлану үстінде. Бұл мемлекеттер біріксе 200 миллиондық одақ құрылуы мүмкін. Бұл қазіргі көтеріліп жатқан Еуразиялық одақтан әлде қайда көп. Бұл мемлекеттерді жалаң экономикалық немесе саяси ұстаным емес, ортақ тіл, дін, тарих және түбі бір түркілік бауырластық байланыс жалғастырып жатыр. Тек Қазақстан ғана емес, Қырғыз елінің, Өзбекстан, Түркіменстанның тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығын сақтап, Ресейдің ақпараттық, экономикалық экспанциясына қарсы тұрудың бір жолы осы елдер арасындағы стратегиялық байланысты нығайту болмақ. Осы заң қабылданған соң Өзбекстан Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне толыққанды мүше болса тіпті жақсы болар еді деп ойлаймын. Өзбекстан Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымына (ОДКБ) мүшеліктен шығып кетті. Енді Қазақстан да осы ұйымнан шығып, Ресейдің 7 әскери жаттығу полигондарын жабуға тиіс.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір