• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 06:01:02
Алматы
+12°

01 Сәуір, 2014 NEWS

Ақберен Елгезек: Интернет-конференция(І жауап)

Ең әуелі, «біздің порталдың интернет-конференциясына қатыссаңыз қалай болады?» деп шақырған qamshy.kz сайтының ұжымына алғысымды білдіре кеткім кеп отыр. 3-4...

Ең әуелі, «біздің порталдың интернет-конференциясына қатыссаңыз қалай болады?» деп шақырған qamshy.kz сайтының ұжымына алғысымды білдіре кеткім кеп отыр. 3-4 күндей жүрген интернет-конференцияда сұрақ қойып, белсенділік танытқан «Қамшының» барша оқырмандарына рахмет айтамын!

Ал, енді сұрақтарға көшейік.

"Тәуелдіміз, біз сорлымыз" дейтіндерді суханым сүймейді

 Динара: Мен Сізді “Бүгінгі қазақ жігіті қандай болу керек десе мынау деп” көрсетуге тиіс азаматымыз деп бағалаймын. Сізге шығармашылық табыс тілеймін. Қоятын сұрағым: Еліміз сіздің қатарыңыздағы жастарға қаншалықты көңіл бөлуде? Немесе біздің жігіттер өздерін осы елдің толыққанды қожасы ретінде сезіне ала ма?

Жауап: Ниетіңе, тілегіңе көп рахмет, айналайын! Менен 3-4 жас үлкен, менімен құралпас азаматтар мен азаматшалардың балалық шағы Кеңес Одағы ыдырап, халықтың тоз-тозы шыққан алмағайып заманға тұспа-тұс келді. Бозбалалық шақ та аса жырғаған жоқ. Есесіне, біздің буын кеңестік идеологияның темір тырнағына көп іліне қойған жоқ. Біз елмен бірге ашқұрсақ болсақ та, еркін өстік. Сол заманда қайта оянып, серпілген қазақи  сана-сезімнің аурасында ержеттік. Тәуелсіз елде еркелеп жетілдік. Болып жатқан жағдайға түсіністікпен қарадық. «Мемлекет неге бүйтпейді, билік неге сөйтпейді, бізге неге үй бермейді, бізді неге жарылқамайды?» деген жоқпыз, қысқаша айтқанда мемлекетке масыл болмай, өзімізге ғана сендік. Соған үйрендік те. Барды бар, жоқты жоқ деу керек. Мүмкіндігінше әділ болуымыз қажет. Ол кезде мемлекеттің өзі біздей жас болды. Қалт-құлт басқан әр қадамын жан-жақтан алпауыт мемлекеттер қай жерде сүрінеді екен деп жіті бақылап отырды. Шекарамызды бүтіндеу керек болды, ішкі және сыртқы саясатымызды бір қалыпқа түсіріп алуымыз керек еді. Ол кезде билік басында кім болса да, халықтың аман қалуы үшін осы жолмен жүретіні ақиқат.

Біз аяғына тік тұрып алған, ішкі шаруасы түгенделіп, енді сыртқы саясатпен ғана айналысатын дамыған, әлеуетті ел емес едік. Ал, енді осы уақыт аралығында біздің буын да ержетті, етек-жеңін қымтады. Ойлана бастады, пікірін түйіндей бастады. Қазір бізден жасы үлкен, біздің буынның азаматтары өз еліне тіл тигізгенге өре түрегелетін болды. Елдің ертеңіне алаңдайтын болды. Халықтың жағдайын қайтсек жақсартамыз деп толғанатын болды. Еркіндіктің тәтті дәмін сезген соң, ұлттың өткен жолын білген соң, тәуелсіздікті жоғалтып алу – өлімнен де күшті екеніне көзі жетті. Мұндайды елдің қожасы ойламағанда, кім ойлайды, істемегенде кім істейді? Мен өз басым, біз бұл елдің қожасы емеспіз, біз тәуелдіміз, біз сорлымыз, өліп барамыз, құрып барамыз деген жамандықты шақыратын, кертартпа сөздерді айтатын ынжық жігіттерді суханым сүймейді. Бұл жерді бізге Құдай берді, осы жерге бізді қоныстандырды. Бізге ата-бабамыз бұл жерді аманат етіп тастап кетті. Сонда осы ұлан-ғайыр Атамекеніміздің қожасы біз емей, кім екен? Керек болса, қорғаймыз, аман болсақ өркендейміз!

Ержан: -  Мен сізді ақын ретінде ғана емес азаматтығыңызды көбірек сыйлаймын. Сондықтан, бүгінгі Қазақ елінде қалыптасып отырған саяси жағдайға қалай қарайсыз? Өзіңізді болашақ Президент, министр, әкім ретінде елестете аласыз ба? Яғни Қазақстанда мәнсап арқылы халыққа жұмыс жасауға бола ма осы…

-Бірінші сұраққа былай жауап берейін. Бұл жалғанда Қазақ - ұлт ретінде көрмегені жоқ халық. Бізге көп дүние оңай келген жоқ. Әлі де, өкінішке орай, біздің елде қазақтан басқасының жағдайы жақсы. Көшпенді халыққа тән мінезіміз бар, «бес күн жалған» дей салатын болмысымыз да бар. Осы болмыстың арқасында көп жағдайдан қалыс қалып жататынымыз тағы рас. Алайда, мемлекет Қазақтікі. Сол себептен, мемлекет ең алдымен жердің иесінің жағдайын жасау керек. Қоғамның да, мемлекеттің де міндеттері бар. Мемлекет жағдай жасау керек, қоғам сол жағдайды тиімді пайдалану керек.

Екінші сұраққа, келесідей жауап беремін. Мені Тәңір әуелі адам, содан кейін ақын қып жаратты. Ақынның парызы – жанның түкпірінде болатын құбылыстарды қағаз бетіне түсіру. Қоғамдағы міндетім – халықтың сөзін сөйлеу. Қазақта басшы болатын менен білімді, менен айлалы, менен ықпалды жігіттер жетіп артылады.

Асыл : -   Ақберен аға! Конференцияға келуіңізді құптаймыз! Сізге сұрақтарымыз жетерлік. Себебі, сайтыңыз арқылы біраз түйткілді мәселеге қанықсыз. Айтыңызшы, Қазақстан қайда бара жатыр? Ресейдің қолтығына келіп тығыламыз, ал олар тоқыраудың сәл-ақ алдында тұрмыз. Ресейге тығыламыз деп басқа елдерге жексұрын болып отырмыз, Мұның соңы қайда апарады?

- Бүгінгі Путиндік Ресейдің мінез-құлқы қатты бұзылып тұр. Бұл өзіне де, көршілес жатқан елдер үшін де жақсы нышан емес екені белгілі. Мұндай пиғылдағы мемлекеттің әрекеттері жақсылыққа апармайды. Қай заманда болсын, басқыншылықпен келген байлық, жорықпен келген табыстың қайыры болған емес. Демек, Ресей өзін мемлекет ретінде көрге тығуға барын салып жатыр. Мұндай елмен бізге ешқандай одаққа кіруге болмайды. Аман тұрғанымызда іргемізді аулақ салып, алыстан сәлемдесіп отырғанымыз жөн болмақ. Кейбіреулер Ресей Қырымға басып кіргендей, Қазақстанның солтүстік аймақтарына әскер кіргізуі мүмкін деп жүр. Ештеңені жоққа шығаруға болмайды. Алайда, біз Еуропада отырған жоқпыз. Құдай бетін әрмен қылсын, бізге қауіп төнсе, ол күллі Орталық Азияға төнген қауіп болып қабылданады. Ал, мына жағымыз Қытай, мына жағымызда Иран, ортаазиялық мемлекеттер мұны өте ауыр қабылдайтыны анық. Мұны Путин жақсы түсінеді. Әлем Ресейге қабақ шытып отырған кезеңді пайдаланып, бізге солтүстік көршіміздегі қарым-қатынасты өз есебімізге тиімді етіп реттеп алғанымыз абзал.

Елбасының еңбегін жоққа шығару тым әділетсіз болар еді

 

Самат : -  Ақберен інім, еңбектерің бұданда әрі жемісті бола берсін! Менің сұрағым, келіссіздеу болса да сұрайын, еңбегіңе қарай сый-сыйапатты берген үкіметке және елбасына қандай көз қарастасыз? Бүкіл бір мемілекетті жекеге айналдырып алған адамды, қалай түсінуге болады?!

- Рахмет! Мен бір сөлкебайдан ғана тұратын «Дарын» сыйлығы үшін Үкіметті жырлап кеткен жерім жоқ. Алайда, жазбаларымда дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп айтқанымнан танбадым, танбаймын да. Үкіметке баға бергім жоқ. Біздің Үкімет сайланбалы емес, сондықтан оның шешімдері тәуелсіз шешімдер емес. Ал, Елбасымызға келсек, ол кісінің еңбегін жоққа шығару тым әділетсіз болар еді. Елбасы қазақтың сындарлы кезеңінде елдің саяси сахнасына шықты, өзіне тиісті міндетті атқарды, жұрттың ықыласына бөленді, елі де Елбасына риза болған кездері де жетерлік. Мемлекеттік институттар қандай да болсын құрылды, қателіктер де болды, мойындауымыз керек, жеңістеріміз де аз емес. Адам табиғаты шыдамсыз ғой, тезірек болса екен, бірден шарықтап кетсек екен деп тілейді. Ол да заңды. Тіріңде көргің келеді бәрін. Алайда, бәрі эволюциялық жолмен дамиды. Елбасына бағаны мен емес, тарих береді деп ойлаймын.

Ермұрат : -  Поэзиядағы үзеңгілестерің туралы не айтасың Акош? Кім озып, кім тозып жүр? Шын ақын кім? қуатын кім?

- Көптеген сұхбаттарда осы тақылеттес сұрақтар қойылып жатады маған. Мен сыншы емеспін және анау тозды, мынау озды деп баға бере алмаймын. Бәріне, оның ішінде маған да төреші – уақыт. Қуатын да, туатын да ақындар жетерлік. Оны енді оқырман өзі екшеп, ұнағанын оқиды, ұнамағанын елемейді де. Бәрі әділ.

Ақжан: -  Қазіргі қазнеттің аяқ алысы на қандай баға берер едіңіз? Әрине, бұл тек менің субъективті пікірім, бірақ қазнетте терең талдау жоқ секілді көрінеді маған. Көбіне, көпірме сөз, алақ-жұлақ жазбалар, қысқа мақалалардың шеңберінен шыға алмай жатыр. Сіздердің сайтыңызда да бұл мәселе бар деп ойлаймын. Қазнет мұндай олқылықты қайтсе жояды?

- Қазақ интернеті, оның ішіндегі қоғамдық-саяси бағыттағы интернет-ресурстардың пайда болғанына аса көп уақыт болған жоқ. Өз басым бұл бағыттағы жұмысты 2009 жылдың тамыз айында өз қызметін бастаған Абай.кз порталының іске қосылу кезеңінен бері таратамын. Абай.кз ұлттың мүддесін қорғау, қазақтың сөзін батыл айту майданында жалғыз өзі 2012 жылға дейін 3 жыл бойы айқасып келді. Соңғы екі жылда қазақ интернет кеңістігінде ұлттың ұстанымы мен қажеттілігін ашық айта алатын бірнеше портал пайда болды. Қарап отырсаңыз, соңғы екі жылда жұмысын жүргізіп келе жатқан «Жақсы. kz», «Қамшы. kz», «Шын. kz», «Намыс. kz», «Ұлт. kz» секілді сайттардың контенті алғашында бір-біріне ұқсас болғанмен, қазір жариялайтын материалдары әртүрлі бола бастады. Демек, сапаға қарай бағытталған жұмыс жүріп жатыр. Ең оңай шаруа – сайт ашу. Оны жүргізу, оқырманды тартып қана қоймай, сол қадірлі оқырманды ұстап тұру – қиынның қиыны. Егер, біз және біздің әріптестер нашар дүние ұсынып жатсақ, бұл сайттарға оқырман басын да сұқпас еді. Терең талдаулар, экономикалық сараптамалар жасау үшін, қызықты сұхбаттар алу үшін әрине үлкен ұжым, білікті журналистер керек. Ал, оларға алаңсыз жұмыс жасау үшін қажетті еңбекақысын, қаламақысын төлеу керек. Ондай мүмкіндік қазақ сайттарында өкінішке орай әзірге жоқ.

Астаналық ақын ініңіз : -  “Алаң” бағдарламасында Ұлт порталында 2 адам ғана жұмыс істейміз дедіңіз. Сол рас па? Рас болса, бірі сіз, екіншісі Жомарт Айтқазы. 2 адам ғана болсаңыздар да бірнеше тілші, бірнеше дизайнер, бірнеше менеджер ұстайтын билікшіл, нұротаншыл сайттардан рейтингілеріңіз де, беделдеріңіз де жоғары. «Ұлт»  порталының танымал болуының сыры неде? Және Астанадағы басқосуларда байқағаным Жомарт Айтқазы үнемі сіздің қасыңызда жүреді. Сіздер сырт көзге мафиоздар сияқты көрінесіздер. Болашақта Қазақстандағы кландардың бірі бола аласыздар ма?

- Сұрағыңыз қызық екен)). Иә, шынымен қазір «Ұлт.kz» сайтында екі адам жұмыс істейді. Біздің негізгі міндетіміз – авторлармен жұмысты үйлестіру, қазақтың және әлемнің ақпараттық кеңістігінде болып жатқан процесстерді жіті қадағалап отыру, дер кезінде сол үдерістерге қатысты материал дайындау, сол арқылы қазақ оқырманын хабардар етіп отыру. Бүгінгі таңда Ұлт.kz сайтының тұрақты авторлары бар. Біз олардың белсенділігі үшін, батыл қоғамдық позициялары үшін әрдайым риза болып отырамыз. Құдайға шүкір, сайттың электрондық поштасында жариялануға асық мақалалар күнбе-күн келіп тұрады. Бұл әрине, бізге үлкен қуаныш сыйлайды. Демек, біздің бастаған шаруамыз елге керек, жұрт оқиды, оқыған сайын қоғам дамиды деген сөз. Ал, соңғы қызық сұрағыңызға айтарым: біздің жүрісіміз кімге қалай көрінетінін білмеймін, бірақ бізде ұлттық мүддеге адал еңбек етуден басқа мақсат жоқ. Құдай ғұмыр берсін, жұмыс істейтін денсаулық берсін деп тілеймін.

Төлеген : -   “Мама” туралы өлеңіңіз жайында көп жазылды, көп айтылды. Айтылғаны жақсы. Дегенмен, мені сол өлеңінің бір тармағы ғана ойландырады. ” Сен бәрібір маған ұнайсың, мама”. Бұл қазақ поэзиясында бұрын айтылмаған әңгіме. Осы “ұнайсың” сөзі кейінгі жадағай тілді жастардың сөзі емес пе? қалай қарайсың? әлде ендігі жас буын осылай жазу керек пе?

-Төлеген, мен осы өлеңіме қатысты сұрақтарға (интернетте бар) бірнеше сұхбаттарда толығымен жауап беріп кеткен. Қайталап отырғым келмей отыр. Дегенмен, сұрақ қойғаныңызға рахмет айтамын.

Мақсат Ерболат : -  Ақберен аға, қазақ сайттарын ашып,үлес қосып жүргеніңізге рахмет! Қазақ сайттарын дамыту үшін , сіздің ойыңызша қандай жұмыстар жасау керек. Қазақ билігінің  қазақ сайттарына деген көзқарасы кандай?!

- Қазақ сайттарының дамуына қаражаттың аздығынан бөлек, тағы бір жағдай кедергі келтіріп отыр, ол - қоғамның екі тілділігінде. Көп жағдайда оқырман интернет сайттарға жаңалық оқу үшін жүгінеді. Ал, ол ақпаратты біздің оқырман орыс тілінде де оқи береді. Біз секілді порталдардың орыстілді сайттардан басты ерекшелігі – ешқайда жарияланбайтын өткір ұлттық мәселелерді көтеруінде. Сондай ақпаратты іздеген жұрт тек жоғарыда атап өткен сайттардан ғана табады.

Енді биліктің қазақ сайттарына көзқарасына келейік. Соңғы жылдары белсенді боп жұмыс істеп келе жатқан сайттар бәрібір де қоғамға қандай да болса ықпалы пайда болды. Қазақ қоғамы телеарналар мен ресми БАҚ-нан көре алмайтын дүниені бізден көріп, оқиды. Ал, оқырманға тұсау сала алмайсың. Сондықтан менің ойымша билік қазақ сайттарының жұмысын міндетті түрде сараптап, зерделеп отырады. Керегін алар, керек емесін қалдырар. Бір сөзбен айтқанда, билік қазақ интернетіндегі процесспен санаса бастады.

(Жалғасы ІІ жауапта)

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір