21 Наурыз, 2014 NEWS
Сырыңызды жылыңыз айтады
Осыдан
Осыдан 5 ғасыр бұрын жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабы аса бағалы медициналық ғылыми еңбек қана емес, сонымен қатар кемелді астрономиялық және философиялық құнды шығарма. Кітапта адам мінезі мүшел жыл белгілерінің ерекшеліктеріне қарай әртүрлі сипатталған. Сондықтан оқырман көңіліне қызықты ой салар деген ниетпен Өтейбойдақ бабамыздың «мүшел жыл белгілерінің мінездемелік ерекшеліктері туралы» жазғандарынан үзінді беруді жөн көрдік.
Мүшелдік жыл сумақыда жымысқы қулық, күндіз үйкүшік, әшкере харакеті аз, түнде жасырмалы харакеті көп, суыққолдылығымен қарақшылық жегіштігі мол, дәулет жиғыштығы күшті. Әлдіден қорыққыш, әлсізді басынғыш, һалал, һарам шикілі-пысылы талғаусыз жегені ас болатын, өсексіз болсада ұластырмалы айласымен елді шулатқыш, қырқыстырғыш. Ар-ұяты аз, шімірікпес, лыпылдаған сайқал, күлді-көмеш қулықтар мінездемелік әйгіленшілер көбірек болмақ.
Маңғаз (сиыр)
Мүшелдік тектелгі саналғы бұл жылдағылар сусағыш, тамақсау, өзара шығысымы үй ішіндік болсада қағыспалы, бірақ зілсіз, кексіз, харакеті бір тоға, көмпіс, оңайлықша сөз өтпейтін, қамшы жүргізіп, таяқ шектейтін, тілге азбайтын, иісалмас болғанымен, жау тискенде айғай-аттанын естісе не қан көрсе болғаны намысы қозғыш, өлген-тірілгеніне, алды-артына қарамайтын, бір қалмай атқа қонатын, сонымен қоса бірауызды, қаратұяғынан хал кеткенше айқасатын, қауқарлы-қауқарсыздығына қарамайтын әрі өздерін және жастарын аялауға құштарлығы басым, не жеңіп, не өліп тынатын, досқа адал, ақ пейіл, достары мен туған жерінен әсте айырылғысы келмейтін, тек өлім ғана айыратын, ер көңілді желіп етпес сабаздар молаң болмақ.
Айбар (барыс)
Тектелгі бұл мүшел жылда бардам мен жарлыны айырмайтын, обал-сауапы білмейтін, қатігез, қаражүрек, басынан сөз асырмайтын, асырғысы да келмейтін, торуылы көп, басқаларға тізесін батырмаса, ұйқысы келмейтін, жауына бөзек болғанша, өлгенді жақсы көретін, өзінен басқа адам пендесін көзге ілмейтін, өзін күшті, алып, шақ келтірмес, теңдессіз, шендессіз саналғылықты. Басқаны әлжуаз, арғыжық қисапталғылық. Дүниенің тірегі мен ғана болсам дейтін қараниеті қағыныңқы, ержүрек, қайтпас, батыл, түпсіз құлқынды, «тістейін, жұлынса кетсін», дейтін өкше ізге түскіш, кекшіл, ұстамдыларлық құлақтағылар елеулілік көзге түспекті.
Секем (қоян)
Мүшел тектелгі секем жылындағылар сөз аңдығыш, бірақ сыр сақтағыш, көңілі кірсіз, сезікшіл, сөзі нілсіз, кейі аңғал, айта салғыш, қулықты, сұмдықты білмейтін аңқау, біраз бұлтағы бар, ол бұлтағынан өзіне түсер қылтағы бар. Жауығыш көп, қорқақ. Басқаға жабір-жапа келтірмейтін, тіпті оны ойына келтіріп ойламайтын, жауына қарсылығы аз, жоқ дерлік, жәбір де сала алмайтын бейуаздар аудандырақ болмақ.
Иіртек (ұлу)
Міне осы тектелістік мүшелдік жылдылардың харакет мандымы болмайтын, көрнегі өндімейтін, қуаныш пен уайымының айырмашылығын жете ұғынбауыш, «несіне жырғап ыржалаңдайды екен»,- деп бетке айта алмай, қайда болса сонда, ел естіместе күңкілдеп тыжырынғыш, күйсіз күлік, байыпсыз тірлік. Су ішкіш, шайшыл, шайнамаға көп зауқы болмайтын, солай болса да өңін бермейтін, ешбір жанды ренжітпейтін, ренжіткісі келмейтін, елмен хақысы жоқ, қорғаншақ, секемшіл, болмашыдан қорқып, тықырдан шошып, үйінен шыққысы келмейтін, шошаңсыз, іште түйнегі, сыртында күйреуігі бар болмақ.
Енді бір топ бұл тектелгі мүшел жылдылар бітісі алып, жұтысы жалмауыздан кем емес, дос-қасын парықтамай, қарыны тойымдық құлқыны үшін адамгершілік ізгілікті парықтап-нарықтамай жұта бергісі келетін, жемеңгер, ылпа ілгісі, ұзақ жүргісі келмейтін, адам пендесі емес, хайуан деседе болғандай ашкөз астырғы болмақ ауқымдырақ.
Сумаң (жылан)
Тектелгі мүшел бұл жылдылар көп сөйлемейтін, бақырайып қарап, бадрая шоқшиатын, сыршыл, ылпылдақ, жарасымы сәнделгі, әдемі, күлгір, жасырын харакеті мен әшкере харакеті орасан парықталғы, ойы оң мен әлпеті және сөз лебізі айырмашылығы ерекше зор, тартпа, шүңет тілді, шақпа мінезді, тискенін оңдырмағыштығы, қаражүрек, сұрқияниет, ел-жұртқа тіксінетіндей жексұрын, сәйкескілі құбылымдығы таңқаларлық тез де шапшаң, алаяқтылық дендеңкі шықпақ.
Тұлпар (жылқы)
Мүшелдік тектелгі бұл жылдастар өте сезгір, секемшіл, сезікшіл, қорс етпе, жатырқауық. Кісі сырын алып болғанша өзін тежемдеп ұстамдауы қиын, мықты, сыр алған соң өзім дегенге бүкпесіз, оқыстылықты көп тудырғы, шамшыл, сөзшең, адал, ақпейіл, үйірсек, елкезектігі де, дала безерлігі де тең, харакетшіл, досына жанынан айырылғанша көмегін аямайтын, жауына жаны шыққанша қарсылық көрсете білетін самдағай сап етпелер көбірек болмақ.
Шопан (қой)
Бұл жылдылық тектелгілік мүшелдер жұрт мақтаса, ісіп кетпейтін, жамандап даттаса, ұнжырғасы үгітілгі болмайтын, өзіне тән қасрет-қайғы ауыртпалығы болсын, қуаныш-мерей шалқытпалығы болсын басқаға таудай сезілсе де, өзіне тары құрлы білінбейтін, шыдамды, албаты қыңқылдамайтын, тіпті сыр бермейтін, көпшіл, жалғызсырағыш. Соның үшін: «май толғылықты шопан ғана көтереді, басқа көтерместік»,- сөйлемелгі бізге қалған. Жаны шықсада айтқанынан қайтпай, сыр, деректі басқаға бермейтін, сездірмейтін, жан баласына титтейде емес, тинімдей қастығы жоқ, сабаз, досы үшін пайдасымен өлетін, қасы үшін алдамаға түсіп не қарсыласып өлетін аңқау, сабырлы, салмақты, ұстамды, адал, бір тоғалар дендемек ауқымы.
Мешін (маймыл)
Бұл тектелгі мүшел жылдағылар өз қолынан елді таңдандырып, жұртты тамсандыратын көзге түскілік келмегі жоқ болмақ. Ел қарасы жүрсе де басқаның жақсы пиғыл, жаман мінін қазғыштап, оның қимыл-харекетін айнытпай өз қимыл-харекетімен, сөз-сөйлемін, ләмін бейнелеп, еліктеп, көрсетімдегішке құштар, сайқымазақ, келеке-мысқылшыл, ылғи елді күлдіруді өз борышы санағыш, өз харекетіне күлген елге сүйсінгіш, ешбір пендені өзіне қарсы шықпауды армандағыш, елірме, есірік, қылжақ, қылжаңқой, титтей артық сөзді басынан асырмағыштаулық. Шармаяқшыл, қызғаншақ, тиіскенді оңдырмауға жанын салғылық болғыш. Кекшілдеулік, көрілгілік болғанымен сабасына тез түскіш, ұмытшақ, көбірегін иелемегі шарт ауқымдық.
Шақырауық (тауық)
Шақырауық мүшел жыл тектелімдегілерде ауызы дуалы, еліне сөзі өтімді, халқына қадірменді, бес уақыт намазын қаза жібермегіш, іс ықтылығы тыңғылықты, әрқандай істі өз уағында тындырғыш, жамандыққа жаны қас, тойымы аз, ішуі-жеуі талғаусыздық, былапыт, еліне жаршы, досына ғаршы, қастандық пен өсек ілескіш. Ешқандай пендеге мейлі досы, мейлі қасы болсын істер жамандығы жоқ. Кектелгіштігі болса да, кек алу жолын таба алмайтын, бой тасалауды жөн көргіш, ізгі ниеті мен шынайылық, адамдық пейілі өз түбіне жеткіш болатындар көбірек болмақ.
Айтақ (ит)
Айтақтың тектелгі мүшел жылындықтар арпылдаған өсекші, шімірікпес сазбет, арсылдаған сойқаншыл, көклет, шарнауыл, шалдауыр, шаңқылдап елге, қаңқылдап үйге маза бермейтін, дос-дұшпанын долылығы ұстаса айырмайтын, аямайтын, долылығы ұстамаса жайдары, әйбат әзіл, әдемі қалжыңы бар, әйткенмен, шымбайына тисе кешіру ойына кіріп, шықпай беттен алатын, аузынан ақ айтақ шығып, көк айтақ кіріп ойнақ салатын болғыштығы ерекше көз көргілік. Бірақ қастандығы аз, достаналығы көп, сырын білмегендер де, білгендер де оңай-оспақ сүйкене алмайтын, батырып жібергендерден өш алмай қоймағыш, ала алмаса өлгенде ойында кеткіш, қасиетін біліп, ардақтағандарға ақпейіл, соның жолында мүрдем кетуге әзіршілдер аудандамақ.
Қорысқы (доңыз)
Бұл тектелгі мүшел жылдағылардың ойлаған күтпелілігі құлқыны ғана болмақ. Басқаға қастық сайлалдығы тым аз, балалы-шағалы болуды армандағыш, харекетшіл, тер төккіш, кем сөзді, тоңмойындылығы, айтқанынан қайтпайтын, ашуланса астындағы атын басқа ұрып, қатынын сабап, қарсы келгенді мерт қылатын, басқаларды сөзбен түйіп тастағанын өзі сезбейтін, келер-кетерді аңғарымы онша болмақты, сыйлағанға сыпыра құрметін аямайтын, көңілі қалса қайырылмайтын, қулығы аз, батылдығы күшті, аусарсоқ, тамақсаулық ақылы болғы ашқарақтар дендемек.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір