12 Наурыз, 2014 NEWS
Полигондар... Халық - үкімет үшін есепте жоқ, қой тәрізді
Ресей тарапы Қазақстандағы әскери полигондарына бағыттаған зымырандарының дәл тиіп жатқанын айтып әлемге жар салуда.
Ресей тарапы Қазақстандағы әскери полигондарына бағыттаған зымырандарының дәл тиіп жатқанын айтып әлемге жар салуда.
Соңғы оншақты жыл ішінде қазақ жерінде мекендейтін сирек жануарлардың жаппай қырылуы жиі орын ала бастады. Каспийдегі итбалықтардың, Сарыарқадағы киіктердің бір сәтте жаппай қырылып қалғанына қазір мән бермейтін болдық. Маңғыстау мен Семейде кеміс балалардың тууы әлі күнге дейін орын алып отыр. Байқоңырдан атылған протонның гептилінің зияны анау! Ал, Ақмола облысы Качар ауылының тұрғындарының жаппай ауру себебін республикалық дәрігерлер қауымдастығы болып анықтай алмай жатыр. Сөйтіп отырып, «Атом қалдықтарын Қазақстанда сақтайық» дейміз, «Эпидемиялық бактериологиялық зерттеу орталығын Алматыда ашайық» дейміз. Артық электр энергиясын Ресейге беріп отырып, «Атом электр станциясын салайық» дейміз! Халыққа бұлардың пайдасынан, пәлен жүз жылдыққа созылатын залалы мен зардабы көп. Билік мұны түсінбейді деп те айту қиын. Әрине,бұл саясаттың басқа да бір қыры болуы мүмкін. Қалай болса да, мемлекет тарапынан жүргізілетін кез келген әрекет пен саясат халық мүддесі тұрғысынан шешілгені жөн ғой. Егер, еліміздің бүгінгі және келешектегі экологиялық қауіпсіздігі жағдайына келетін болсақ,ол қазақ жеріндегі Ресей полигондарының мәселесі.
Ресейдің Қазақстандағы қару сынайтын полигондары туралы соңғы кездері баспасөзде де, телебағдарламаларда да жиі айтыла бастады. Полигон демекші,кешегі Кеңес Одағы кезінде жеріміздің айтарлықтай пайызы орыстардың қаруларын сынайтын полигон алаңы болып келген екен. Жақында бір газетте жарияланған деректер бойынша анау Маңғыстау облысынан бастап сонау Шығыс Қазақстанға дейінгі жеріміздің біраз бөлігі әлі сол Ресейдің қару сынайтын полигоны екен.Батыстағы Капустин Ярдан атылатын сынақ ракеталарының қалдығын сонау Ақтөбе жерінен бастап Балқашқа дейін табуға болады. Сөйте тұрып енді, билік басындағылардың дүние жүзі атом қаруын сынаушыларының қалдықтарын жинап әкеп, қазақ жеріне көмбек ойы бар. Бұның келешекте халыққа тиетін зияны ядролық полигоннан кем болмайтынын ешкім «білмейтін» сияқты. Халық -үкімет үшін есепте жоқ, қой тәрізді. Олардың пікірін сұрап, санасайын деп отырғанда ешкім жоқ . Қазақстан аймағында осы күнге дейін жұмыс істеп тұрған Ресей полигондарынан түсетін жалдау құнынан халыққа да, мемлекеткеде тиімділігі болуы тиіс сияқты. Бірақ олардан пайда түгілі,халық зұлмат зиян көріп отыр. Басқасын қойғанда, Байқоңырдан құлап түсіп жатқан протондардың зиянын әлі ешкім есептеген емес. Керісінше, «оның әсері жоқ» деп теріске шығаруда.Осы аймақта қырылған киіктердің неден өлгендерін нақты анықтауда мүмкін болмай отыр.Полигон аймағын мекендейтін елді рак және басқада белгісіз аурулар жайлаған. Олардың нақты диагнозын қою өте қиын. Бұл аймақтарда кеміс балалар өте көп тууда, малдардан сау малға ұқсамайтын жан жануарлар тууда. Каспийде балық, Арқада киік қырылып жатыр. Осының бәрі сол полигондардың әсері. Мәселен,Байқоңырдан ұшырылатын протон ракеталарының қалдықтары Арқадан бастап сонау Шығыс Қазақстанға дейін шашылып жатыр, ал орталық Қазақстанға орбитаға жете алмай жарылып кеткен протон ракеталарының керемет зиянды , әрі көрінбейтін (гептил)булары кеңінен тарауда.Үкімет оны басқаша дәлелдегісі келеді. Айтпақшы, Ресейге қару сынайтын полигондардың жалға беру құны қанша екенін сол полигондардан зардап шегіп отырған жұрт оны білуге хақылы емес пе.Тәуелсіздігіміз тұсында болсада,сәл ертеректе болған, Байқоңырды Ресейге жалға беру туралы келісім бойынша ел бюджетіне түсуге тиісті қаржының жоғалып кетуі туралы да кезінде баспасөзде жазылған. Сол сияқты полигондардан түсетін қаржылардан зардап шеккен халық еш қаржылай көмек алып көрген емес. Ол қаржылардың қайда кетіп жатқанын айтып, халық алдында есеп беріп жатқан үкімет тағы жоқ. Сонда ұшан теңіз қазақ жерлері мемлекетке, оны мекендеп отырған елге пайдасы тимеседе, халықтан сұраусыз басқа мемлекетке арзанға жалға беріле бере ме! Олай болса, жалға берілген жерлердің пайдасын көріп отырғандар кімдер? Бұл мәселенің беті ашық, халыққа айқын болуы міндет. Полигондардан денсаулықтарына байланысты зор зардап шегіп отырған халықтың азаматтық құқығын қорғау ел билігіндегі адамдардың ғана емес, халық қалаулыларының да абыройлы міндеті болуы тиіс .
Жұмат АЮТЕГІ
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір