• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 04:41:52
Алматы
+12°

10 Наурыз, 2014 NEWS

Егер соғыс басталса, Қазақстан Ресей жағына шығары анық (сауалнама)

Жақында Қазақ билігі қорғаныс саласының басшыларын жинап, шұғыл жиналыс ашты. Бұл іргесіндегі елге басып кірген Ресейден қорғанудың амалы ма, әлде, Ресеймен...

Жақында Қазақ билігі қорғаныс саласының басшыларын жинап, шұғыл жиналыс ашты. Бұл іргесіндегі елге басып кірген Ресейден қорғанудың амалы ма, әлде, Ресеймен бірлесіп, Украинаға оқ атудың дайындығы ма? Біздің елдің Ресеймен одақтастығы болашақта Түркі елдеріне де мылтық кезеуге әкелмей ме?

«Қамшы» сауалы

    Әміржан Қосанов, тәуелсіз сайсаткер:  Өз басым осындай шұғыл жиынды екі нәрсемен байланыстытрамын. Біріншіден, соңғы кезде Қорғаныс министрлігіндегі жемқорлық туралы әңгіме көп, оның өзі қазіргі президент  Әкімшілігі жетекшісінің қазіргі министр, бұрын дәл сол президент Әкімшілігін басқарған Жақсыбековке қарсы ұйымдастырған науқанның көрінісі іспеттес. Бәлкім, енді ол адамға соңғы «қытай ескертуін» Елбасының өзі айту керек болған шығар. Өйткені, жиналыста президент дәл осы фактілер туралы ашық әрі қатты-қатты айтты. Екіншіден, бұл жиын президенттің Мәскеуге сапарынан кейін және Ресейдің көрші Украинаны іс жүзінде бөлшектей бастауынан соң өткізіліп отыр. Бәлкім, бұл жиын арқылы Ақорда Кремльге көрсеткен бір сесі болар. Бірақ ол нәтижелі болады деп ойламаймын. Бір ғана себеп:  Қазақстанның Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі толықтай Ресейлік күштермен біте қайнасқан, ол туралы тиісті келісім-шарт бар. Осындай жағдайда, әскери күштердің дәл осы Әуе күштері басымдық алған кезде, дербес қорғаныс жайында айтудың өзі қиын! Ал,  Украинаға қарсы ортақ қимылға келетін болсақ, оның болашағы жоқ.  Өйткені Украина Ресейге шабуыл жасап жатқан жоқ. Ал, одақтас ретінде біз тек сол жағдайда ғана Ресейге қол ұшын беруге міндеттіміз.

      Серік Мұратханұлы, қазақ блогері: Қорғаныс саласының басшыларын жинап алып,шұғыл жиналыс ашудан екі түрлі ой түюге болады.  Бірінші:  Украина жағдайынан кейін Елбасы шынымен де ел қауіпсіздігін ойлап,"біздің қорғаныс саласы не болып жатыр?"-деп Қорғаныс минстірлігіне жаңа тапсырмалар берген болуы мүмкін. Өйткені қандай жағдай болмасын билік таяқтың екі басын да ойлау керек болады. Совет кезінде одақ бойынша қуаттылығы жағынан екінші орында тұрған Украин елі соңғы жылдарда экономикасымен қатар, қорғаныс саласын да күйретіп алған болатын. Украин елі қорғаныс саласын үздіксіз дамытып, жаңа техникалармен толықтырудың орнына советтен еншіге қалған ірі әскери техникалары мен қару-жарақтарды шетел асырған болатын. Қазақстанда бұл жағынан Украинамен ұқсас жағдайда деуге болады! Сондықтан, Елбасы Украин жағдайынан сабақ алып, қорғаныс саласын сілкіп алуы мүмкін. Екінші: ел ішіндегі Кедендік одаққа наразылық, Еуразиялық одаққа болған наразылық,әлеуметтік наразылықтар күшейіп келеді. Осы жағдайды көзде ұстай отырып, Елбасы қорғаныс саласын жинай отырып "жағдайдың оңай емес екенін,елде береке-бірлік,тыныштық болмаса Украинадағы жағдай бізде де қайталануы мүмкін! Біз ел ішін бүлдіріп,сырттан жау шақырмаумыз керек!" деген ойды елге меңзеп отыр!  Тағы бір мәселе, біз Ресейдің одақтасы болсақ та, болашақта одақтас ретінде Түркі елдеріне оқ атпаймыз.Біз ешқашан Ресеймен әскери одақта болып,әскери агрессиялық қимылдарға қатыспаймыз деп ойлаймын. Украина жағдайынан кейін Елбасы Кедендік одақты тек "экономикалық одақ "ретінде сақтауды қайта-қайта еске салып отыр. Сондықтан оған жол берілмейтін шығар.  Алда АҚШ, Еуропаның  Ресейге жасаған қимылдарына сай біздің саясатта өзгеруі мүмкін!

Жұмаш Кенебай,  ақын:  Меніңше, қорғану емес, Украинаға жабылу жолын ойластырған шығар. Ол кімнен қорғанады, өзі қайта орыстың қолтығына кіріп бара жатыр емес пе?  Сондықтан, қорғану туралы айтудың өзі артық дер едім.

Уайс Ерсайынұлы: -  Қазақстан ұжымдық қорғаныс шарты ұйымына мүше екендігі белгілі. Қазіргі Шығыс Еуропадағы соғыс алдындағы жағдайға байланысты Қазақстан басшысы өз әскери-саяси одақтасы Ресей болғандықтан, егер соғыс басталып кетер болса, Ресей жағында соғысатыны анық. Сол себепті кеше Мәскеуге барып, одақтасымен ақылдасып қайтқан ел басшысы бірден қорғаныс саласы өкілдерін жинап, кеңес өткізіп, оңтүстік пен батыс округтарын қосымша әскери күшпен нығайтуды тапсырған. Мұны егер дүниежүзілік соғыс басталып кетер болса, НАТО мен АҚШ әскери күштері Өзбекстан арқылы кіреді деп есептеп, шекара жаққа күшті шоғырландырып жатқан болуы керек. Әскери тілде "вероятный противник» (әскери қарсылас) деп айтылады ғой. Қазақстан билігі Ресейді  "вероятный противник" деп есептеп отырған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің  кепілі деп есептеп отыр. Сол себепті , қазір негізгі күш оңтүстік пен батысқа шоғырлануда. Бұл ары-беріден соң, Путиннің тапсырмасы. Қазір Путин тордағы арыстан сияқты жанталасып жатыр. Ол құрдымға кетсе,  өзі ғана кетпей одақтастарын да ала кетуді көздеп отыр. Біздің басшының  бұған келіспеске амалы жоқ. Кезінде ішкі толқудан қауіптеніп, халық көтерілісі жағдайында арқа сүйеймін деп есептеп, осы ҰҚШҰ ұйымын құруға атсалысқан. Енді, осы қадамдары елдің Тәуелсіздігіне қатер болуы да мумкін. Бірақ, барлығы Путиннің  ендігі әрекетіне байланысты.

 

 

 

 

 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір