03 Қаңтар, 2024 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалаушы органдар болуы керек. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында айтты.
"Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ.
Керісінше, реформалардың нәтижесінде адам құқықтарын қорғау жүйесі нығая түсті. Заңдарға қазылардың тәуелсіздігін күшейтетін түзетулер енгізілді. Алқа билердің қарауына жататын істердің аясы кеңейді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты толық жұмыс істеп тұр. Оған конституциялық мәртебе берілді. Мен былтыр желтоқсан айында адам құқықтарына қатысты екінші Жарлыққа қол қойдым. Мұның бәрі осы салада дәйекті әрі түбегейлі өзгеріс жасалып жатқанын көрсетеді", деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының қатысы жоқ.
"Кейбіреулер прокуратура органдарының ескертуіне қарамастан, адам түсініп болмайтын кесірлік көрсетіп, заң бұзады. Ондай адамдар өзін заңнан жоғары қойып, «Атың шықпаса, жер өрте» деген ұстаныммен елге танымал болғысы келетін сияқты.
Көптеген тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істеп тұрған, саяси цензура атымен жоқ елде саяси қудалау бар деу қаншалықты орынды?
Ол аз десеңіз, жаңа заң қабылданып, бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алудың орнына хабарлау тәртібі енгізілген соң, Қазақстандағы бейбіт жиындардың саны еселеп артты.
Мен түйткілдердің түйінін айқай-шумен алаңда емес, диалог үшін арнайы құрылған орындарда, ең алдымен, Парламентте өркениетті жолмен, салиқалы түрде тарқату керек деп үнемі айтамын", деп айтты Тоқаев.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір