• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Шілде, 23:53:37
Алматы
+35°

Біржан Дәулетқазы 15 жылға жуық уақыттан бері Алматыдағы Бақорда базарының маңында көлік радиаторын, кондиционерін, пешін жөндеумен айналысады. О баста бұл салаға келем деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Оқу оқимын, білім қуам, қызмет істеймін, Америкаға барсам деп армандайтын. Алайда өмір жолы өзгеше өрбіді. Әйткенмен оған еш өкінбейді, ал Америка туралы ұмытқан емес. Түбінде бір барып қайтатынына сенімді. 

Кейіпкеріміз Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық облысына қарасты Күнес ауданы Зекті қалашығының тумасы. Ер жете бастағаннан Қазақстанға келуді ойға алған. Үйге салмақ салмас үшін еңбекке жастай араласып, оқушы кезінен ересектермен қатар қант зауытында, кірпіш шығарытын жерде істейді. 2005 жылы мектепті тәмәмдап, жиған-тергенімен Қазақстанға келеді. Жоғары оқу орнында оқу ниетімен қандастарға арналған бағдарлама аясында бір жыл Шымкентте даярлық курсынан өтіп, 2006 жылы Алматыдағы аграрлық университеттің агро-химия мамандығына грантқа түседі. Американы көру туралы алғашқы ойлар осы шақта пайда болған. АҚШ-та оқып жатқан досының айтқандарына қызығып, фильмдердегі америкалықтардың өмір салты, “америкалық арман” туралы әңгімелер құштарлығын арттыра түсті. Осы ойдың жетегімен 2 курста сырттай бөлімге ауысып, ағылшын тілін оқиды. Курс ақшасын төлеу үшін сауда орталықтарында, мейрамханаларда даяшы болып жұмыс істейді. Арасында шет тілін бір жыл Үрімшіге барып оқып, келісімен Қазақстан азаматтығын алады. Бірақ Америкаға бірден кете қою қайда… Жанбағыс, күнкөріс деп ойламаған жерден көлік радиаторын жөндеумен шұғылданатын ағасының жанынан бір-ақ шығады. Үш айда ненің не екенін түсініп, бір жылда шаруаның сырын бір кісідей ұғып алады. Содан бері бұл кәсіп тұрақты жұмысына айналды.

Фото: Qamshy.kz

Биылғы аптап ыстықта көлік шеберінің алдынан адам үзілмеді. Ұйқыны ұмытып 14-15 сағатқа дейін жұмыс істеген кездер көп. Мұндай нөпір күнде бұйыра бермейтіндіктен, жұмыстан еш қашпайды.

Фото: Qamshy.kz

Сол бір тынымсыз күндердің өтеуі іспетті тамыздың орта шегінен бері жұмыс саябырсыған. Бұл – әдеттегі жайт. Осы саланың өзіндік ерекшелігі. Бірер ай осылай болып, пешін жөндетушілер қазанның ортасынан жаңа жылға дейін жұмысты қайта қыздырады да қаңтардан сәуірге дейін жұмыс бір қалыпта жүреді.

Жұмыс бірде қауырт, бірде баяу болғанымен табыссыз қалған кезі жоқ. Өз үйі мен үлкен үйді теңдей қамтамасыз етіп отыр. Үлкендерді Зектіден көшіріп алған. Оларды осында жайғастыруда да негізгі жүкті өзі көтерген. Ара-тұра шетел аралап тұрады. Ел іші мен Қытайды айтпағанда Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Грузияны көрген. Ендігіде Бакуге баруды ойлайды.

Фото: Qamshy.kz

Фото: Qamshy.kz

Өзі “шетелде демалу үшін асқан бай болу шарт емес, тек қолда барды ұқсата білу жеткілікті” дейді. Биыл Еуропаның 5 еліне саяхаттамақ болған. Алайда алған қос бірдей үйіне жөндеу жүргізіп, жоспарын кейінге шегерген. Айтқандай кейіпкеріміздің Алматыда үш пәтері бар. Кейінгі екеуіне үйдің іргетасы қалана бастағаннан қаржы құйып, нарықтық құннан төмен бағаға алған. Бәрі ұл-қызының болашағы мен жайлы қарттықтың қамы. Алдағы жылдары паспорттағы елдердің санын арттырып, АҚШ-қа визаға тапсырып көрмек. Сөйтіп, Американы көрем деген балалық арманын орындауды ойлайды.

Біржан Дәулетқазы қоғамдық өмірден де тысқары емес. Елдегі саяси оқиғаларға бейжай қарамайды. Qamshy порталының астарлы әзілге негізделіп, саяси сатираға құрылған Qamshylike жобасын жасауға белсене араласып, көптеген бейнероликтерде актерлік қырын сынап көрген.

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 

Публикация от Bilal Quanysh (@bilal_quanysh)

Шеберді іздеп келушілердің дені тұрақты клиенттер, жаңа адамдардың өзі негізінен танысының кеңесімен келіп жатады.

 

“Жөнделсе оны, жөнделмесе оны айтам. Жасауға болатын нәрсені жаңасына ауыстырғызып әурелетпеймін. Бұл кәсіпте адал істеген дұрыс. Қулық, өтірікпен іс алға баспайды. Адамды бір разы етсең, тұрақты клиентіңе айналады, таныстарына да айта жүреді. Ал риза болмай кеткен адам қайтып келмейді, сөйтіп клиент жоғалтасың” дейді өзі.

 

Салада жүрген 15 жылда 20 шақты бала тәрбиелеп шығарған. Бүгінде олардың 10-нан астамы кәсібін дөңгелетіп отыр. Кейіпкеріміздің келешекте іске асырсам деген ойлары баршылық. Ол жайлы жар салғанды емес, уақыт еншісіне қалдырып, “арық айтып, семіз шыққанды” құп көреді. Оған дейін нәсібін осы кәсіптен теріп жүре бермек.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір