• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 03:54:15
Алматы
+12°
 
Мәжіліс депутаттары, «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы мүшелері Азат Перуашев пен Қазыбек Иса Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне белсенді Абзал Достияров пен оның жас қызын ұстаудың заңдылығына тексеру жүргізуді, Алматы қаласы полиция департаменті қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне құқықтық баға беруді, оның нәтижелері бойынша тиісті әрекет шараларын қабылдауды сұрап, депутаттық сауал жолдады.
 
 
"Өткен аптада, 2023 жылы 5 қаңтар күні Алматы қаласы полицейлерінің белсенді азамат Абзал Достияровты таңертең төрт жасар қызын балабақшаға апарар кезде ұстап алып, қызымен қоса полиция бөлімінде ұзақ ұстағанына қарсы әлеуметтік желіде наразы жазбалар жарияланды. Солардың қатарында, ақын Tanagoz Tolkynkyzy да фейсбук парақшасында біздің атымызға сауал жасаған екен. Сол жазбаға және сол күні хабарласқан Qamshy.kz сайты тілішісіне берген жауабымызда айтқандай, «Ақ жол» фракциясы бұл мәселеге байланысты шара қолдануды талап етіп, депутаттық сауал жолдады" деді депутат желідегі жазбасында. 
 
Депутат айтқандай, болған оқиға әлеуметтік желіде біршама резонанс тудырғанына қарамастан құзырлы органдар оқиға туралы ләм-мим демеді.

Құқыққорғаушы Маржан Аспандиярованың айтуынша, белсендіні 4 жасар қызымен қоса күштеп әкету полиция қызметкерлерінің төменгі моральдық-этикалық келбетінен хабар береді, ал  полиция қызметкерлерінің осындай әрекеттерінің қайталануы мен оған лайықты құқықтық баға бермеу азаматтық қоғамды үрейлендіру, саясаттан алшақтату үшін жасалады.

– Билік бір жағынан заңсыздықты осылай көпшілікке жария түрде жасау арқылы кімде-кім белсенді болса, ойын ашық айтып, билікке талап қойса, көретіні осы болады, осылай аямаймыз дегенді ашық түрде көрсетіп отыр. Сол үшін де бұған дұрыс құқықтық баға бермейді. Егер өздерінің заңсыз әрекетін мойындаса, өзге де белсенділер көрген заңсыздықтары туралы айта бастауы мүмкін. Ал ондайлар өте көп. Қазақстанда белсенділерді қудалаудың түр-түрін көріп жүрміз, – дейді ол.

 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір