• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 19:33:07
Алматы
+35°

Ғылым ордасының Ғылыми орталық кітапханасында Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі, тарихшы, шыңғыстанушы этнограф, аудармашы Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайынның «Шыныңа көш, тарих! Шыңғысхан кім?» деген атаумен баспадан шыққан 10 томдық зерттеу еңбегінің таныстырылымы өтті.

Алқалы жиынды Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және «Ғылым ордасы» ШЖҚ РМК-мен бірлесе ұйымдастырған.

Кіріспе сөзді Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов айтып, іс-шараны бастап берді.

Артынша Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Ресей ғылым академиясы Тарих институты Сібір бөлімінің директоры Вадим Рынков, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Қопабаев ғалымды толағай еңбегінің жемісі болып отырған көп томдықтың жарыққа шығуымен құттықтап, Тілеуберді Тыныбайынның ізденімпаздығын, ғылымға деген құштарлығы мен еңбекқорлығын жоғары бағалады.

Мұнан соң салтанатты жағдайда көптомдық еңбектің тұсаукесері рәсімі өтіп, жинақ көпшілікке таныстырылды.

Фото: Ұйымдастыру алқасы

Артынша бір топ ғалым тарихшы, этнограф Тілеуберді Тыныбайынның шығармашылығы, шыңғыстану іліміне қосқан үлесі, бойлаған тақырыптары мен мән берген мәселелері, ашқан дерек-дәйектері мен енгізген тың мәліметтері туралы,  баяндама жасады. Олардың қатарында Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің меңгерушісі Арман Жұмаділов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Жомарт Жеңіс, белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев, этнограф-жазушы Данияр Әлбозым, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы бар.

Фото: Ұйымдастыру алқасы

Баяндамашылардың ғалым шығармашылығы туралы сүбелі сөз, салиқалы сарапқа толы орамды ойларынан кейін Т.Ә.Тыныбайын атындағы стипендия тағайындау рәсімі өтіп, таныстыру жиыны пікір алмасып, іс-шаны түйіндеумен қорытындыланды.

Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын (09.01.1964 – 23.07.2021) – Қытай Халық Республикасы Алтай аймағы Қаба ауданында дүниеге келген. Қытай елінде жоғары білім алып, зерттеу жұмыстарын сол елде бастаған. 2002 жылы атамекені Қазақстанға қоныс аударып, қазақ тарихын зерттеу жұмысын жалғастырған.

Фото: Ұйымдастыру алқасынан

Тілеуберді Тыныбайынның «Ата жазу алыстан сыр қозғайды», «Құпия шежіренің құпиясы», «Түгел тауарихтың» түбінде не жатыр», «Шыңғысханның ата мекені мен ата тегі және тілі мен діні (төрт дәлел)», «Шыңғысхан тарихы – қазақ тарихы», «Шыңғысхан әулеті туралы бастау мәліметтер не дейді?», «Таныс та, бейтаныс Шыңғысхан әулеті және қытай жылнамаларындағы құнды деректер», «Наурыз және Ай мен Амал» қатарлы көптомдық зерттеу ізденістері жарық көрген.

Ала әб-Дін Атамәлік Жөбенейдің «Әлем әміршісінің тарихы», Уиллиям Рубруктың «Рубруктың Шығысқа сапар естелігі», Плано Карпинидің «Маңғұл тарихы», Сы-Ма Чиәннің «Тарихнама» еңбектерін және Күлтегін құлпытасындағы көне қытайша мәтін сияқты аса маңызды деректерді түпнұсқадан және көне қытайшадан тікелей аударма жасап, оларға түсініктемелер берген.

Шыңғысхан тақырыбындағы қыруар зерттеу мақалалары Тілеуберді Әбенайұлын еліміздің іші-сыртындағы қазақ зерттеушілерінің арасында көрнекті шыңғыстанушы маманға айналдырды. Сол еңбектері үшін 2014 жылы «ҚР ҰҒА-ның Құрметті академигі» атағына ие болған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір