• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 12:33:31
Алматы
+35°

14 маусымда – әлемде Дүниежүзілік қан доноры күні аталып өтіледі. Бұл атаулы күнде қан тапсырудың мұқтаж адамдардың өмірін құтқарып қалудағы маңызы, қан тапсырудағы баса назар аударуға тиіс мәселелер туралы айтылады. Осы орайда қан тапсырудың пайдасы, қандай адамдар донор бола алмайды, қандай қан топтары тапшы, осы және өзге сұрақтардың жауабын өзі донор болған және қан зерттеу орталығында тәжірибеден өткен резидент-психиатр Зарина Ғабитовадан білуге тырыстық.

– Қан тапсырудың маңызы туралы айтыңызшы?

– Тапсырылған қан босану кезінде туындаған қан кету жағдайында, анимеяның ауыр түріне шалдыққандарға, жазатайым оқиға кезінде зардап шеккендердерге пайдаланылып, мұқтаж адамның денсаулығын түзеуге, тіпті кейде адамды ажалдан арашалап қалуға себеп болып жатады. Сондықтан бұл – маңызды әрі сауап іс. Соңғы уақытта жастар арасында қан тапсыру белсенділігі артқаны қуантады.

– Бұл процедураның денсаулыққа пайдасы бар ма?

– Қан тапсырған кезде ағза қан жасаушы органдарының қызметін ынталандырады, сол арқылы қан құрамы жаңарады, адамның жалпы жай-күйін жақсартады, еңбекке қабілеттілігін арттырады. Тұрақты донорлық семіздіктің алдын-алады. Жаңа алынған қанның бір донациясы барысында адам 650 ккал, плазма донациясы кезінде 470 ккал жоғалтады. Әйелдер үшін бұл жас, әдемі және сымбатты болудың тағы да бір жолы. Қанның жаңаруы, өз кезегінде, асқазан-ішек жолдары, оның ішінде бауыр ауруларының профилактикасы. Нәтижесінде донорлардың бет әлпеті жақсарады, терісі жарқырап, таза болады. Қан донорлығы онкологиялық ауруларға шалдығудың қауіп-қатерін төмендетеді. Мамандар ұдайы қан тапсырып тұру арқылы адамдар өмірін 5-7 жылға ұзартатынын айтады.

– Қан тапсырарда қандай дайындық керек? Таңертең, түске дейін қан тапсырған тиімдірек дейді, соны ашып айтсаңыз, не себепті?

– Қанды аш қарында тапсырған жөн. Бір тәулік бұрын ауыр тағамдарға шектеу қою қажет. Мәселен, майлы, қуырылған, ысталған, ащы және тәтті тағамдардан бас тартқан жөн. Сонымен қатар, қан тапсырардан 3 күн бұрын дәрі-дәрмек, спиртті ішімдіктер ішуге болмайды. Бастысы – қан таза болу керек. Таңертең, түске дейін тапсыру керек дегенге келсек, таңертең жаңа гормондар оянады. Кеште тұтынған тағамдар таңертең тез сіңеді. Жалпы гемоглобин түсіп кетпесе, қан аздық етпесе, қан тапсыра беруге болады.

– Қандай адамдар қан тапсыра алмайды?

– Антибиотик қабылдаған адамдар, гармондық препараттар пайдаланғандар, тұмау немесе суық тиіп сырқаттанғандар, жұқпалы аурумен ауырғандар, татуировка, пирсинг жасатқандар, босанғандар, тісін жұлғызғандар, сонымен қатар әйелдерде менструация болып жүрген жағдайда қан тапсыруға болмайды. Өйткені қан тапсырарда қан таза болуы керек.

– Қандай қан топтары тапшы?

– Өзіміз білетіндей, қан топтары төртке бөлінеді және резус факторға байланысты оң және теріс болып жіктеледі. III/IV топтағы теріс қан топтары сирек кездеседі. Резурс оң қан топтары негізі көп таралған.

– Қанды қайда тапсыруға болады? Қандай құжаттар керек?

– Бұл шаруа өте оңай. Мекен-жай бойынша жергілікті емханаға тіркеліп, терапевтке анализ тапсырып, сәйкес кеп жатсаңыз, қан тапсыра бересіз.

Сұхбаттасқан Шуақ Қайратқызы

Шуақ Қайратқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қан тапсыру

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір