• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 03:58:54
Алматы
+35°
Белгілі мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов Демократиялық партия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамайдың үстінен қозғалған қылмыстық істерді сынап, оны әділетсіз қамап отыр деп санайтынын жеткізді.
 
– Жанболатты қамауда ұстағаны ешқандай әділеттікке жатпайды. Мен Жанболатты осы өмірімдегі ең бір жақсы жан деп білемін. Онымен таныстығымды өмірімдегі керемет олжам деп білемін. Мен онымен ертеректе танысқанмын, ол сол кездері жап-жас еді. Менен сұхбат алды, әңгімелесіп, таныстық, білістік. Содан кейін де, елдің алдына жиі шығып таныла бастады. Ашаршылық туралы кино түсіргенде, оның өте дарынды жігіт екенін түсіндім. Нағыз ғылыми зерттеу жүргізген. Басқа зерттеушілерге қарағанда, бұл күрделі тақырыпқа тереңірек үңілген. Сондықтан, ол – үлкен азамат, көпті бірлікке ұйымдастыра білетін азамат. Көптен ұшқан ұшқынды халықтың игілігіне айналдыра алатын азамат. Қандай ұлтқа болмасын, мұндай азаматты сирек береді. Ол тарихтан белгілі.
 
Жанболатқа байланысты айтуым керек тағы бір мәселе бар. Оның басына түскен, бүгінгі күнгі жағдай – үлкен әділетсіздік. Оны жасап отырғандар түбінде өкінеді. Өздері болмаса да, ұрпақтары опық жейді. Менің шешем Фатима үш рет айдауда болған. Ол кезде балалары кішкентай. Әкеміз Мұхтар Әуезовтың арқасында, Алматыда кішкене бір үй сатып алған. Сол кездері біздің айдауға кеткен ұлы азаматтарымыздың, атылып кеткен ұлы боздақтарымыздың жесірлері, жақындары Алматыға орала бастады. Бейімбет Майлиннің жесірі Гүлжамал, Сәкен Сейфуллиннің жесірі Гүлбахрам тәтелеріміз үйге келетін. Самауыр қойып, үшеуі шәй ішіп отырып, айдауда көрген қиындықтары, бастарына түскен әділетсіздік туралы әңгіме айтатын. Ол кезде, мен кішкентаймын, үйге кіріп-шығып, үстелдің астына өтіп, ары-бері ойнап жүріп, көп нәрсені еститінмін. Сонда түсінгенім, біріншіден, мұндай әділетсіздік ұмытылмайды. Өйткені халық көріп отыр, ал, халық – мәңгі. Мұндай жауыздық, мұндай әділетсіздікті ұмытпайды. Тіпті, ең болмағанда, ұрпақтары бар, жақындары бар, солардың жадында сақталып қалады, – дейді мәдениеттанушы.
 
Мұрат Әуезов Жанболат сияқты халықтың ішінен шыққан, адал да дарынды адамды, әділетсіз қамап, отырғызу, сөйтіп, оны әлсірету – зор зұлымдық, күнә және обал деген пікірде.
 
–  Әсіресе, қазақтың басына түскен, қазіргідей, ауыр жағдайда, оның үстіне санымыз аз, сапалы да мықты азаматтар аз кезде, Жанболат сынды жігіттер түрмеге түсіп, айдауда жүрмеуі керек. Бұл – былай қарасаң, барып тұрған мисыздық! Осыны істеп жүрген үкіметтегілердің мисыздығы. Олар көп нәрсені сезбейді, білмейді. Мен, бір кездері, иттік жасап жүргендердің ұрпақтары не болғанын көрдім. Күл болды. Ал біз, халық ретінде, қолымыздан келгеннің бәрін жасап, Жанболатты шығартуымыз керек. Онсыз болмайды! Қазір халықаралық мәселелер шиеленісіп барады. Ресей бар, іргемізде "іріленіп" тұрған. Қытайды да ескеруіміз керек. Тағы басқасы да жетерлік. Соған қатысты көп нәрсені шешуіміз керек. Болмаса, ертеңгі күніміз қараң! Ондай мәселені шеше алатын азаматтар, өкінішке қарай, елімізде көп те емес. Ал сондай санаулы азаматтарға осылайша иттік жасап, еш бір дәлелсіз, еш бір кінәсіз қамап ұстау сұмдық қой! Жанболат қандай білімді, қандай жарқын азамат. Тіл десе, тілі бар – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ағып тұр. Өте сауатты. Алаш ұлыларының армандағаны осындай, Жанболат сынды, азаматтар еді ғой! Алаңға шығып, ол алаңды ұлттық майданға айналдыра білетін азаматтар санаулы ғана, –  деген қоғам қайраткері әрдайым Жанболаттың жанкүйері болып жүретінін, оны қамау халықты үмітінен айыру екенін айтады.

Белсенді, оппозиционер Жанболат Мамай ақпан айынан бері қамауда отыр. Ол алдымен қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған қаралы митингті ұйымдастырғаны үшін 15 тәулікке, артынша екі қылмыстық іс бойынша екі айға қамауға алынған. Оған  "қарабет" дегені үшін құқыққорғау органы қызметкерін қорлады, несие амнистиясына байланысты "жалған ақпарат" таратты деген айып тағылып отыр. Аталған айыптарға сәйкес, сот кінәлі деп тапса, белсенді 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жуырда Жанболат Мамайдың жақтастары оны абақтыдан амнистиямен алып шықпақ болған. Рақымшылық үрдісі бойынша, айыпталушы кінәсін мойындауға тиіс. Алайда Мамай "мойындайтындай еш кінәм жоқ" деп, өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартып, қамауда қалған.

Жанболат Мамайдың жақтастары мен адам құқығы саласындағы беделді халықаралық Human Rights Watch және Amnesty International ұйымдары белсендіні қудалаудың саяси астары бар екенін айтады.
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Жанболат Мамай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір