Фото: Getty
"Der Spiegel" неміс журналының хабарлауынша, Германияның BND барлау агенттігі Ресей әскерлері Украинаның Буча қаласында бейбіт тұрғындарды өлтіру мәселесін талқылап жатқаны естілетін радиотрафиктерге қол жеткізген.
BND әзірге бұл мәселеге қатысты ашық түсініктеме берген жоқ.
Украина "ресейлік күштер Бучада 300-ден астам бейбіт тұрғынды өлтірді" дейді. Ал Мәскеу бұған қатысы жоқ екенін айтады.
Буча көшелерінің мәйітке толып жатқанын айғақтайтын суреттерден кейін халықаралық қауымдастық Ресейді айыптаған. Суреттерден кей жәбірленушілердің қолын байлап, басынан оқ атқаны көрінеді.
Украина президенті Владимир Зеленский Бучадағы қырғын үшін Ресейді "геноцид жасады" деп айыптады, Мәскеу айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Путин 24 ақпанда Украинаға шабуылдау туралы бұйрық бергеннен кейін Ресей әскерлері Бучаны басып алып, қаладан бір айдан астам уақыттан кейін шыққан.
"BND барлау мәліметтері сәрсенбі күнгі брифинг кезінде неміс парламентінде жарияланды" деп хабарлады бейсенбіде "Der Spiegel".
Бір радиохабарламада ресейлік сарбаздар адамдарды жауапқа тартып, кейін оларды атып тастау туралы сөйлескен көрінеді.
Тағы бірінде бір сарбаз велосипед мінген біреуді атып тастағаны туралы айтқан.
Рейтер агенттігіне аты-жөнін атамаған қауіпсіздік қызметкері "[Германия] федералдық үкіметтің қолында Бучада Ресейдің қылмыс жасағаны туралы дәлелдер бар екені рас" деп айтқан.
Ресей Бучадағы жағдай туралы түсірілімдер "жалған өлі денелер" көрсетілген, орыс әскерлері қаладан шыққаннан кейін "сахналанған" дейді. Алайда Нью-Йорк Таймс жариялаған 19 наурызда жасандысеріктен түсірілген суреттер Ресейдің мәлімдемесіне тікелей қайшы келді.
"Maxar" технологиялық компаниясы жасандысерік арқылы түсірген фотосуреттер Бучадағы мәйіттердің орнымен сәйкес келеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір