• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 18:44:24
Алматы
+35°

Қаңтар оқиғасынан кейін түрлі айып бойынша істі болып жатқан азаматтардың туыстары Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Марат Ахметжановке үндеу жолдады. Олар түрмеде, тергеу кезінде, сот отырысында жасалып жатқан заңсыздықтар тоқтамай, керісінше азаптау, қудалау, жалған айып тағу ушығып жатқанын айтады.

Жиынға қоғам белсенділері, қамауда отырған адамдардың ата-аналары мен жақын туыстары қатысты. Араларында күдікті ретінде тергеліп жатқан азамат та болды.

Алдымен қоғам белсендісі Әсет Оңалбаев Алматы облысы бойынша қамалған, тергеу жүріп жатқан азаматтардың ісі бойынша қалыптасқан ахуалды баяндады.

Фото: Qamshy.kz

Оның сөзінше, қазіргі уақытта Алматы облысында қаңтар оқиғасынан кейін 91 адам қылмыстық іс бойынша тергеліп жатыр. Атап айтқанда 24 адамға қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі (ұрлық), 13 адамға 272-бап 2,3-бөлігі (жаппай тәртiпсiздiк), 25 адамға 274-бап 4-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру), 28 адамға 291-бап 4-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу) бойынша айып тағылған. Олардың дені 15-25 жас аралығындағы балалар.

 

– Істер өте баяу жүріп жатыр. Тергеушілер, прокурорлар үлгермей жатса, өзге өңірлерден, отставкадағы, зейнеттегі бұрынғы қызметкерлерді шақырсын. Тергеу изоляторларында жатқандардың бірінің сабағы, бірінің жұмысы, бірінің кредиті бар. Сонда айлап жататын болса, оқудан шығып кетуі керек пе? Онсыз да қанша адам жұмыстан шығып, кредитін төлей алмай жатыр. Оның үстіне оларға медициналық, моральдық, психологиялық көмек керек. Ал ол жақта олармен дөрекі сөйлесіп, адам құрлы көрмейді. Президенттің кінәлілігіне қарай жазаны жеңілдету керек деген сөзін құлағына іліп жатқан ешкім жоқ. Балалардың ата-аналары, туған туысы "передача" тасып бар ақшаларын тауысты. Олардың да жұмысы, басқа бала-шағасы жоқ па? Біздің басты талабымыз – СИЗО-да жатқан балаларды кепілмен, қолхатпен шығарсын, жазаларын жеңілдетсін. Біз ешкімді судан таза, сүттен ақ деп тұрған жоқпыз. Тек тергеуші, прокурорлар бәрі қазақтың балалары ғой, "форманы шешіп" адамша сөйлесуін сұраймыз. Өйткені абақтыда жатқан балалардың ауыр қылмыстарға кінәлілігін дәлелдейтін бірде-бір видео, фото айғақ жоқ. Демек олар бүлдіруге, қиратуға қатыспады деген сөз. Қару ұрлады дейді. Балалардың көбі қаруды ашық-шашық жатқан жерінен тауып алған. Тауып алғаннан кейін 102-ге хабарласқанында ешкім жауап бермеген. Артынша дүрбелең басылғанда қаруды әкеп, түсініктеме жазып кет деп, бас салып ұстап алып, аяусыз азаптаған. Біз сол балалардан тәркіленген қарудан бір оқ болса да атылды ма деп сұрадық, олар жауап бере алмады. Демек атылмаған, –  деген ол күдікке алынғандардың көбісін ұрып-соғып әлдебір қағаздарға қол қойдырып алғанын, ол жердегі жазумен танысуға мұрша бермегенін айтады.

 

Жиында сөз сөйлеген ата-аналардың бірі баласының кінәлі еместігін айтып босатуды талап ететінін жеткізсе, бірі тағылып отырған айып тым ауыр деп, оны жеңілдетуді сұрайды.

Фото: Qamshy.kz

"Балаларымызды босатпаса, ата-аналар болып митингке шығайық", "форма кигендер адам да, форма кимегендер адам емес пе, қаза тапқандардың аты аталсын" деушілер болды.

 

Жиналған жұртшылық бір ауыздан карантин шаралары жеңілдегендіктен сот процестерін онлайн емес, ашық түрде өтуін талап ететінін мәлім етті.

 

Үш жерінен оқ тиіп, ауруханада жатқан жерінен абақтыға алып кетіп, азапталған Қосай Маханбаев есімді азамат өзі сияқты қылмыстық кодекстің 272-бабы, 2-бөлімі – "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып тағылған өзге де адамдар қолхатпен босатылуға тиіс дейді. Ол "қамаудағы балалардың жазасын жеңілдету немесе толық босатуы керек, өйткені бейбіт шеруде адамдарды автозагке қамап, граната жарып арандату жасаған биліктің өзі" деген пікірде.

Баспасөз мәслихаты соңында жиналғандар заңсыздықтарды тоқтату туралы үндеу жасап, төмендегідей талаптарын қойды.

"1. Қазақстан түрмелерінде қамауда отырған туыстарымызға түрме қызметкерлерінің, тергеушілердің, соттың түрлі азаптау, жалған істі мойындауға мәжбүрлеу, қысым жасау, бопсалау, қорқыту әрекеттерін қатаң түрде тоқтатуды;

2. Қазақстан Республикасында Короновирусқа байланысты барлық шектеулер алынып тасалса да, қаңтар оқиғасына байланысты қамалған азаматтарға қасақана “онлайн” сот өткізуді тоқтатып, ашық және “оффлайн” сот өткізуін;

3. Қаңтар оқиғасында оқ тиіп немесе басқадай жарақат алып мүгедек болып қалған азаматтардың отбасына мемлекеттік қызметкерлерге жасағандай көмек көрсетулін;

4. Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың отбасына қайтыс болған мемлекеттік қызметкерлердің отбасына жасаған мемілекеттік көмекті жасауын;

5. Кәмелетке толмаған балалары бар жас отбасы немесе қарт әке-шешесі бар бір үйдің жалғыз асыраушысы болып отырған азаматтарды кепілдікпен шығаруды;

6. Қаңтар оқиғасы кезінде қамауға алынған азаматтардың кейбірін 3 ай өтседе әлі де ісін қарамай отырғандарды жазалап, олардың ісін тез қарауды;

7. Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт шеруге шығып алаңда немесе басқа орындарда заң бұзушылық жасамаса да тек видеоға түсіп қалғаны үшін оларды қудалап, жауапқа тартуды тоқтатуды.

Талап етеміз!!!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сіз Қазақстан Республикасының азаматтарының құғығын мен бостандығының кепілі ретінде біздің жоғарыдағы талабымызды тиісті орындарға тапсырма беріп қана қоймай, өзіңіз тікелей араласуыңызды, қадағалауыңызды сұраймыз, себебі қазіргі кезде аталмыш құзырлы мекемелер сізге жалған мәліметтер беріп, халықтың мәселесін одан ары ушықтырып, қоғамның тыныштығы мен орнықтылыған бұзуда, бұл өз кезегінде сіздің Жаңа Қазақстан құру жоспарыңызға халықтың сенімі мен қолдауын азайтуға алып баратынын айтқымыз келеді, оны біз қарапайым халық ретінде сезініп отырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, біз сізден заңсыздықты тоқтатып, қамаудағыларды босатуды талап етеміз!" делінген үндеу мәтінінде.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қаңтар оқиғасы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір