21 Қаңтар, 2022 NEWS
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесмендермен кездесу барысында "Самұрық-Қазына" қорындағы мемлекеттік сатып алу істерін реформалауды тапсырды.
– Мемлекеттік сатып алулар – өте үлкен экономикалық ресурс. Оны дұрыс пайдалану керек. Бізде бұл үлкен проблема. Сатып алуларды бәсекесіз жолмен алып жүргендердің үлесі әлі де басым. "Самұрық-Қазына" қорының компанияларындағы сатып алуларды ерекше назарға алу керек. Сатып алулар саласындағы сыбайластық, жасырын өткізу және бағаны жоғары қою мәселелерімен шұғыл түрде айналысу керек. Бір ай уақыт беремін. Егер шешімі табылмаса, өте қатаң шаралар қолданылады. Менің "Платон менің досым, бірақ, ақиқат қымбат" деген қағиданы берік ұстанатыныма көздеріңіз жеткен болар, – деді президент.
Тоқаев сондай-ақ ірі кәсіпорындардың салық төлеу және есеп беру мәселелерін ретке келтіру қажеттігін атап өтті.
– Ірі компаниялардың салық төлеуі – күрделі мәселе. Қолымызда түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарып отырған алпауыттар жөнінде арнаулы органдар ұсынған мәліметтер бар. Премьер-министрге осы мәселені түбегейлі шешуді және қазынаны тиесілі қаражатпен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді президент.
Тоқаев елге жаңа салық саясаты қажеттігін, ол астыртын қитұрқы әрекеттерге жол бермейтін, бизнеске де, үкіметке де ашық, түсінікті саясат болуы керек екенін атап өтті.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір