• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 04:29:37
Алматы
+12°

Соңғы жылдары адам құқықтарына қатысты алаңдаушылық халықаралық спортта тұрақты тақырыпқа айналып барады. Алайда бұл мәселе бұған дейін Бейжіңдегідей үлкен дау тудырма,ған еді. Осыған байланысты BBC "Бейжің-2022 бойкотының қаншалықты маңызы бар?" деген сұраққа жауап іздеп көрді. Қамшы тілшісі мақаланы аударып, назарларыңызға ұсынады.

Қытайдың Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ сияқты азшылықтарға жасаған зорлық-зомбылығы туралы көптеген айыптауларға байланысты АҚШ, Австралия және Ұлыбритания сияқты елдер 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялаған.

Құқық қорғау ұйымдары мен Батыс үкіметтері Қытайды "Шыңжаң аймағында геноцид жасады" деп айыптайды. Қытай бұл лагерьлер желісі ұйғыр, қазақ сияқты этникалық азшылықтарды "қайта тәрбиелеуге" арналған деп, өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.

Гонконгтағы саяси бостандықтар мен демократияны жақтайтын шерушілерді қудалауға, жақында Қытай үкіметінің жоғары лауазымды қызметкерін "сексуалдық зорлық-зомбылық жасады" деп айыптағаннан кейін теннисші Пэн Шуайдың жұртшылық көзінен ғайып болуына байланысты алаңдаушылық шиеленісіп кетті. 

Батыстың бірнеше елі өз өкілдері олимпиадаға бармайтынын мәлімдеді. 

Қытай АҚШ-ты ойындарды саяси айла-шарғы жасау үшін пайдаланды деп айыптап, "қатаң қарсы шараларға" уәде беруде.

Италия мен Франция сияқты елдер бойкотқа қосылудан бас тартып, франция президенті Макрон бойкотты "символдық және елеусіз" деп сипаттады.

Бейжің олимпиадасына қарсы науқанды құрайтын Тибет, Ұйғыр, Оңтүстік Моңғолия, Гонконг және Тайвань құқықтарын қорғау топтарының коалициясы дипломатиялық бойкоттарды құптап, сппортшылар, корпоративтік демеушілер мен ірі хабар таратушылар осы жолда бірігуі керек деп санайды. "Егер шынымен Қытайға қысым жасалса, солай әрекет ету керек" дейді олар.

Кейбіреулер "геноцид жасап жатыр" деп айыпталған елге толықтай бойкот жариялау қазір орынсыз болса, онда толық бойкот қашан болатыны туралы сұрайды. Әйелдер теннисі қауымдастығы Пэн Шуайдың жағдайына қатысты сұрақтарға жауап ретінде Қытайға барлық турнирлерді тоқтата тұру арқылы тиімді бойкот жариялағаны үшін Батыста кеңінен мадақталды, бұл спорттық органның сирек кездесетін мысалы себебі Қытай маңызды коммерциялық нарық болып есептелетін ел.

Олимпиадаға қатысудан бас тарту Қытайда болып жатқан құқық бұзушылықтар туралы әлемді хабардар етуге пайдасы бар. Сонымен қатар Қытайдағы адам құқықтарының бұзылуына қатысы барларға ескерту жасауға көбірек әсер етер еді. Алайда олимпиадаға қатысу үшін жылдар бойы дайындалған жазықсыз спортшыларға бұл өте әділетсіз болып көрінеді.

Кейбіреулер 1980 және 1984 жылдарда қырғи-қабақ соғыстағы ойындарға бойкот жариялаудың саяси әсері аз болғанын, сайып келгенде мұның зардабын спортшылар тартқанын айтады. Алайда өзге сарапшылар 1970-80 жылдардағы апартеидтік Оңтүстік Африкаға жасалған спорттық бойкоттарды мысалға келтіреді. Олар сол кездегі оқиғаны Оңтүстік Африка билеушілеріне қысым көрсетуде шешуші рөл атқара алатынының дәлелі ретінде көрсетеді.

"Біздің пікіріміз мынадай: өзгеріске басқалармен бірлесіп жұмыс істеу арқылы қол жеткізуге болады, осылайша біз дұрыс сұрақтар қоюды жалғастыра аламыз, сонымен бірге бұл елде біздің адам құқықтарына қатысты қиындықтарымыз бар екенін әрқашан есте сақтаймыз" делінген олимпиаданы басқарушы органның жақында жасаған мәлімдемесінде. .

Дегенмен, 2008 жылғы Бейжіңдегі жазғы олимпиада ойындарынан кейін Қытайда да, 2014 жылғы қысқы олимпиада ойындары мен 2018 жылғы әлем чемпионатын өткізгеннен кейін Ресейде де адам құқықтары тұрғысынан ілгерілеушілік туралы ешқандай дәлел көрінбейді.

Үкіметтердің немесе спорт жанкүйерлерінің Бейжің 2022-ге толық бойкот жариялауға ниеті аз болып көрінгенімен, спортшылардың өздері өзгеріс жасай ала ма? Нәсілшілдік пен әйелдер құқығынан бастап, психикалық денсаулық пен қоршаған ортаға дейінгі бірқатар әлеуметтік мәселелер туралы көбірек айтатын спортшылардың соңғы жылдардағы белсенділігін ескерсек, бұған таңқалудың қажеті жоқ.

Жақында ережелері жеңілдетілгеніне қарамастан, ХОК-тың 50-ші ережесі әлі де олимпиадашылардың іс-шара кезінде не айта алатынын немесе не істей алатынын айтарлықтай шектейді. Мінберде, ресми рәсімдерде немесе ойын алаңында саяси наразылықтың, демонстрацияның немесе үгіт-насихаттың кез келген түріне тыйым салынған.

Баспасөзде және әлеуметтік желілерде сөз бостандығына рұқсат етілген, бірақ жаппай цензурасы бар  және шетелдік журналистерді қорқытқаны үшін сынға алынған елде спортшылар бұл мүмкіндікті пайдалана ма, жоқ па, бұл – даулы мәселе. Әсіресе, жақында WTA төрағасы Стив Саймон "2022 жылы Қытайда іс-шаралар өткізетін болсақ, біздің барлық ойыншыларымыз бен қызметкерлеріміз тап болатын қауіптерге қатты алаңдаймын" деген.

Қытай билігі спорт жұлдыздарының айыптауын қабылдамайтын сияқты. Бостон Селтикстің баскетбол жұлдызы Энес Кантер Си Цзиньпинді сынап, қазан айында "Еркін Тибет" қозғалысын қолдаған кезде ауқымды қарсылық болды. Оның есімі қытайлық Weibo әлеуметтік медиа сайтында бұғатталып, Селтикс ойындарының трансляциясы тоқтатылды. Сол сияқты, 2019 жылы бұрынғы жартылай қорғаушы Месут Озил Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ сияқты азшылыққа жасалған қарым-қатынасты атап көрсеткеннен кейін "Арсенал" ойыны Қытай мемлекеттік телеарнасынан алынып тасталды.

Көптеген құқық қорғау топтары ХОК-тан оқиғаны өткізу үшін жаңа орын табуды өтінді. Алайда ол өте кеш айтылған сияқты. Бірақ Бейжің-2022 төңірегіндегі қызу қайшылықтар ұйымның хосттарды таңдауына және олармен қарым-қатынасына қатысты бақылауды күшейтті.

Жақында Human Rights Watch ұйымының президенті Томас Бах алаңдаушылықты жеңілдету мақсатында үш дүркін олимпиада чемпионы Пэн ханыммен бейнеқоңырау өткізгеннен кейін ХОК-ты қытайлармен "ынтымақтастығы" үшін айыптады. ХОК айыптауды жоққа шығарып, "бейбіт дипломатияны" қолдануын қорғады. Бірақ Қытайдың адам құқықтары саласындағы рекорды олимпиадалық құндылықтарға қаншалықты сәйкес келеді деген сұраққа олимпиадада ең ұзақ қызмет еткен басқарма мүшесі Дик Паунд Бейжіңнің қонақ ретінде таңдалғанына өкінбейтінін және болжамды оқиғалар туралы "білмейтінін" айтқаны көпшілікті алаңдатты. 

"ХОК саяси өзгерістерге ықпал ету үшін ешқандай рөл атқармайды. Біз ойындарды елге бергенде, оны сол елдің саяси мақсаттарын қолдайтынымыздың белгісі ретінде жасамаймыз" деді ол.

Сыншылар "ХОК толығымен бейтарап" деген сөзді үзілді-кесілді жоққа шығарады. Олар ұйымның 2018 жылы Солтүстік пен Оңтүстік Корея арасындағы келіссөздеріне назар аударады. Сонымен қатар олар "президент Владимир Путин 2014 жылы Сочиде ойындарды әлемге Ресейдің де, өзінің де күшін көрсету үшін пайдаланды" деп санайды.

Ойындарды өткізу үшін Бейжіңді таңдау спортшылардың таңдауы болмағанымен, геосаяси шиеленіс күшейген сайын, олардың қазір Қытайда өнер көрсетуі дұрыс па, қате ме, не істеу керек? деген сияқты жаңа сұрақтарға тап болды. 

Көбісі өте қиын жағдайда қалғандай сезінеді.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: BBC Бейжің 2022

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір