• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

29 Қараша, 10:54:17
Алматы
+2°
Бүгін президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов облыс активіне Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалған Қанат Бозымбаевты таныстырып, облысты бұған дейін басқарған Амандық Баталовқа президенттің алғысын жеткізді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ерлан Қошанов Амандық Баталов 7 жылдан астам уақыт Жетісу өңіріне басшылық еткенін, осы жылдарда облыс жақсы көрсеткіштерге жетіп, көптеген ірі жобалар іске асырылғанын, бұл – өңірдің дамуына үлкен серпін бергенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Амандық Ғаббасұлының жұмысын өте жақсы бағалап, облыс әкімі лауазымында көп жыл жемісті қызмет атқарғаны, өңірді дамытуға және облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосқаны үшін алғысын жеткізуімді тапсырды. Амандық Ғаббасұлының мол тәжірибесі, ақыл-кеңесі қоғам өмірінде әлі де пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Бүгін облыстық мәслихат депутаттарының келісімен осы өңірдің тумасы, бұған дейін Жамбыл, Павлодар облыстарын басқарған, Энергетика министрлігіне жетекшілік еткен, бірқатар ұлттық компаниялардың басшылығында болған, өте тәжірибелі іскер басшы Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Президенттің Жарлығымен Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Алматы облысының дамуын президент ерекше назарда ұстайды. Сондықтан жаңа әкім алға қойған міндеттерді лайықты атқарады деп сенемін, – деді Ерлан Қошанов.

Амандық Баталов Алматы облысында қызмет еткен 20 жылдай уақытта Жетісу жері туған өлкесіндей ыстық мекенге айналғанын айтты.

– Ең алдымен кезінде мені жоғары лауазымға тағайындап, міндет артқан Елбасына үлкен рахмет айтамын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өкілеттігімді ұзартып, бастаған істерімді жалғастыруға мүмкіндік беріп, сенім білдірді. Сондықтан мемлекет басшысына айтар алғысым зор. Осы жеті жылда ұжымыммен бірге үлкен істер атқардық, ауқымды жоспарларды орындадық. Бұл ретте өзіңіз, Ерлан Жақанұлы, үнемі қолдау таныттыңыз, сол үшін ризашылығымды білдіремін. Қанат Алдабергенұлын ерте кезден танимын, қатар еңбек еттік. Алматы облысын басқару осындай білікті маманға сеніп тапсырылғанына ризамын, – деді ол.

Қанат Бозымбаев Алматы облысын басқарудың өзіне сеніп тапсырылуы зор жауапкершілік екенін жеткізді.

– Алматы облысының орны мен үшін ерекше. Өйткені Жетісу ата-бабам өмір сүрген мекен. Сондықтан да ыстық. Жалпы облыстың әлеуеті зор, шекаралы аймақ. Оны халықтың игілігіне пайдалана білуіміз керек. Өңірде Амандық Ғаббасұлының басшылығымен іргелі істер атқарылды. Мен де өз тарапымнан облысты дамытуға бар күш-жігерімді жұмсаймын деп уәде беремін. Халықтың сенімін ақтауға барымды саламын, – деді Қ.Бозымбаев.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір