• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 12:55:27
Алматы
+12°

Фото: Мод Фернхоут/ "Нағыз еркектер қалай жылайды" жобасы аясында түсірілген сурет

19 қараша – Халықаралық ерлер күні. ЮНЕСКО тарапынан қолдау тапқан бұл атаулы күнде медиада ерлерге байланысты түрлі мәселелер қозғалады. Қамшы тілшісі қоғамдағы ер адамның рөлі туралы образ бен гендерлік стереотиптер ер азаматтардың өзіне қалай әсер ететіні туралы ізденіп көрді.

Әлемде, соның ішінде Қазақстанда ерлер арасында суицид жиі кездеседі. Ресми статистикаға сай, 2020 жылы ел бойынша 3515 адам өзіне қол салған. Оның 2765-і ер-азамат. 2075 ер адам бұл әрекетке алкогольдің, есірткі затының ықпалынсыз, яғни сау күйінде барған.

Әлеуметтанушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Айтуар Коспаков ер азаматтарға қоғам тарапынан қойылатын талаптар әлі де жоғары екенін айтса, психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов "қазіргі таңда қоғамның ашық болу түсуі, демократиялық құндылықтардың енуі ер адамдарға деген талапты төмендетті" дейді.

 

– 30 жасқа дейін ер адам мынаны жасап үлгеруі керек, қаржылық жағдайы тұрақты, қандайда бір жетістікке жетуі керек деген сияқты көзге көрінбейтін қоғамдық пікір, талап адамдар, топтар арасында әлі де бар, – дейді әлеуметтанушы.

 

Ал Балабек Сақтағанов ер адамның қоғамда орны мен отбасын асырауда, адамдармен қарым-қатынаста белгілі бір рөлі болғанымен, бүгінде жанұядағы барлық мәселені тек ер адам шешуі керек деген түсінік, стереотип жоқ деген пікірде.

 

– Қазіргі таңда әйел азаматтар ер адамдармен бірге жұмыс істейді, бірдей ақша табады. Бұдан бөлек, қоғам, қыз-келіншектер тарапынан қанша жүк артылғанына қарамастан, оны қабылдау, сезіну және соны орындау ер адамның тұлғалық ерекшелігіне байланысты болады. Егер ер адам өзінің әлеуметтік рөліне жауапкершілікпен қараса, онда қандайда бір әлеуметтік жүкті, жауапкершілікті сезінеді, – дейді ол.

 

"Ер бала өсіп келе жатқан кезде "сен ер-азаматсың", "сен мықты болуың керек", "әлсіздігіңді көрсетпеуің керек" деп бала кезден санасына белгілі бір стереотиптерді қалыптастыру әлі де бары жасырын емес" деген психолог ер адамның бейнесі туралы түсінік адамдардың санасындағы мәселе екенін, бүгінгі уақытта "ер адам мынандай болуы керек", "мынаны жасауы керек" деген түсінік қоғам талабына да, жаңа трендтерге де сәйкес келмейтінін айтады.

психолог Балабек Сақтағанов

– Әрине түрлі жарнама арқылы ер адам сымбатты болуы, ақшасының көп болуы секілді түсініктерді санамызға сіңіруге тырысады. Бірақ шындап келгенде көп нәрсе әр адамның өз мүмкіндігіне, жұмыс істеу қабілетіне, өзін-өзі көрсете алу қабілетіне байланысты. "Сен мықты болуың керек", "әлсіздігіңді көрсетпеуің керек", "еркек емессің бе" деген сияқты түсінік салдарынан кей ер-азаматтар моральдық, психологиялық қысым жағдайында жүретіні рас. Бұл да мәселені қабылдауына байланысты. Егер адам жауапкершілікті өзіне үлкен етіп алатын болса, отбасыдағы тәрбиесі, ортадан алған үлгі-өнегесі болса, идеалды адам портретін, оның өмір тәжірибесін алдына қойып алған болса, онда бұл – адамға психологиялық тұрғыда қысым түсіреді. Ал қазіргі уақытта қоғамның ашықтығы, демократиялық құндылықтардың енуі ер адамдарға қатты жауапкершілік артпайды. Орташа есеппен алғанда ер адамдар көп нәрсені жеңіл қабылдайды. Қандайда бір мәселе туындаса оны шешудің жеңіл жолдарын іздейді. Мәселен, кредит алу, ажыраса салу, ұрлық жасау, тағысын тағы дегендей, – дейді Балабек Сақтағанов.

Мамандар "көбіне ер адам әлсіздігін, дәрменсіздігін, сенімсіздігін, бір істің қолынан келмейтінін білдіргісі келмейді. Ал мұның бәрі үлкен эмоция" дегенді жиі айтады. Сарапшылар сөзінше, ер адамдар эмоцияны түрліше шығарады. Сыртқа шықпаған эмоцияның жағымсыз салдарына болады.

– Ер адам мәселенің шешімін таппай қиналғанда оған түрліше реакция білдіруі оның қандай темперамент, типке жататынына байланысты. Холерик, сангвиник типтеріндегі ер-азаматтар қолынан іс келмей қалуды ұят деп біледі. Олар мәселені мүмкіндігі келгенше шешеді. Мүмкіндігі келмесе, таныстары, әлдекімдерді қолдану, пайдалану арқылы болса да реттеуге тырысады. Ал меланхолик, флегматик типтеріне жататын ер-азаматтар үшін әлсіздігін басқа адамның біліп қалуы үлкен соққы болады. Жалпы ер адамдар эмоцияны жолдастарымен отырып ішімдік ішіп, болмаса, спортпен айналысып шығарады. Кейбірі эмоцияны отбасына келіп айқайлап, жанжал жасап шығарып отырады. Сыртқа шықпаған эмоция денсаулыққа әсер етеді, – дейді психолог.

Әлеуметтанушы Айтуар Коспаков

Әлеуметтанушы Айтуар Коспаков ер адамдар эмоциясын сыртқа шығармауы түрлі ауруға соқтыратынын статистикалық деректер айғақтап тұрғанын жеткізді.

– Ер адамдар проблемасы туралы айтқанды онша ұнатпай, жасырып келеді. Былайша айтқанша іштей тынып жүреді. Сондықтан да ерлер арасында суицид пен жүрек талмасы деректері жиі кездеседі. Ер адам проблемасын сырта шығарса, оған көбіне мән берілмеуі мүмкін. Тіпті "еркек емессің бе, осыған да бас қатырып жүрсің бе" деп оны келемеждейтіндер де табылуы мүмкін. Осындай токсиндік маскулизм элементтерімен ұшырап, ыңғайсыз жағдайға тап болып қалмас үшін ер адамдар проблеманы жасыруға тырысады. Проблеманы шеше алмаса, кейде оның арты ауруға, тіпті суицидке ұрындырып жатады, – дейді ол.

Психогтың сөзінше, "сен күштісің", "сен мықтысың" деген стереотиптердің кесірінен ер адам үшін проблеманы айту – әлсіздік, дәрменсіздік, өмірінің сәтсіз екенін мойындауы ретінде сипатталады. Сондықтан да еркектер психологке жиі келе бермейді.

Әлеуметтанушы еркектер менталдық денсаулығына да, физикалық денсаулығына да көп мән бермейтінін, соның салдарынан түрлі ауруға шалдығып, өмір жасының ұзақтығы қысқара түсетінініне назар аударды,

Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы – 71,1 жас. Ер адамдарда – 66,8, әйелдерде – 75,3 жас.

Айтуар Коспаков ер адамдардың іштей күйзелісі түрлі созылмалы ауруларға ұласып, өмірінің ерте қиылуына әсер ететінін айтады.

 

– Сондай-ақ ер адамдар істейтін денсаулыққа қауіпті жұмыс түрлері көп. Күндіз мемлекеттік қызметте істеп, түнде таксист болатын таныстарым бар. Бірнеше жұмыс істейтін ер адамдар көп. Бұл – белгілі бір дәрежеде риск. Түптеп келгенде мұның бәрі "ер азамат" деген ұғым талабынан шығу жолында жасалады, – дейді ол.

 

Социолог орта жастағы ер адамдар арасындағы суицидтің жоғарылығын қоғамда өз орнын таба алмау, қалыптаса алмау процесімен түсіндіреді.

Қазақстанда 2020 жылы 35-44 аралығындағы 667 еркек, 45-54 жас аралығындағы 515 еркек өзіне қол жұмсаған. Бұл – жас ерекшелігі бойынша бөлінген он топ ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.

 

– Адамдарда орта жасқа дейін әлеуметтенуге, қоғамда қалыптасуға үміт бар деген ой болады. Ал орта жасқа келгенде адам айналасына қарап, өміріне, қоғамдағы маңызы мен орнына көңілі толмауы мүмкін. Ғұмырының жартысына жуығы өткенін қарап, неге қол жеткіздім, алда не күтіп тұр, оны қалай жеңем деп толғанады. Әлеуметтануда "субъективті қолайлылық" деген термин бар. Ол адамның менталдық, физикалық денсаулығы, жұмыс, қаржылық мәселе, отбасылық жағдай, баспана секілділерден құралады. Осы "субъективті қолайлылыққа" көңілі толмаған адам, оны төмен деп бағалайтын адам суицидке жиірек баруы мүмкін, – дейді ол.

 

Айтуар Коспаков сондай-ақ гендерлік кемсітуге жол бермес үшін экономикалық, әлеуметтік шараларды қабылдау арқылы ер мен әйел жалақысын теңестіру шаралары әлеуметтік мәселелерді тудырып жатыр дейді. Оның сөзінше, сапалы зерттеу әдістері атты зерттеу нәтижесінде, жалақысы әйелінің жалақысынан төмен кей еркектер намыстанатыны, соған бола өзін қолайсыз сезінетіні анықталған.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір