• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

29 Қараша, 11:33:17
+4°

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен Парламент Мәжілісі жанындағы Партияаралық Кеңестің кезекті отырысы өтті.

Отырысты ашқан Палата Төрағасы Кеңес жұмысының басты мақсаты маңызды мәселелер бойынша парламенттік және парламенттік емес партия өкілдерімен бірлесіп, тиісті ортақ шешімді қабылдау екенін айтты. Нұрлан Нығматулин Мәжіліске өтпеген партия өкілдері осы жерде өтіп жатқан барлық іс-шараларға белсенді қатысып жүргенін алға тартып: 

– Осы жолда біз жиі кездеспесек те, бүгінгі күні барлық партия өкілдері, соның ішінде, Парламентке кірмеген партия мүшелері, біздің заң шығару жұмысымызға қатысып, өздерінің нақты ұсыныстарын жеткізіп келеді. Осының барлығы, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Еститін мемлекет» тұжырымдамасымен сәйкес келеді. Бұл өте маңызды. Біріншіден, сол үшін, баршаңызға алғысымызды білдіреміз. Екіншіден, осы жұмысты одан әрі тұрақты жалғастыруымыз керек. Себебі, ол халыққа қажетті заң қабылдау үшін де, парламенттік емес партиялар жұмысы үшін де тиімді деп есептейміз, – деді.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, VII шақырылымдағы Парламент жұмысы басталғаннан бері Мәжілістің қарауында барлығы 128 заң жобасы болды. Бүгінде оның 80-і мақұлданып, Сенатқа жолданды. Мәжіліске енгізілген барлық 128 заң жобасы бойынша Парламентке енбеген партиялардың өкілдері жұмыс топтарына қатыса отырып, тұжырымдамалық ұсыныстарын береді. Ол көбіне қоғамда резонанс тудырған заң жобаларына, сонымен қатар экономикалық және әлеуметтік сипаттағы заң жобаларына қатысты.

Сонымен қатар, Палата Спикері депутаттардың Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарын айта келіп:

- Біз «Сайлау туралы» Конституциялық Заңға өзгерістер енгіздік. Олар Президенттің Мәжіліске «өту шегін» 7-ден 5% - ға дейін төмендету, сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсы» бағанын енгізу, сондай-ақ, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу туралы ұсыныстарын іске асыруға бағытталған, - деді.

Мәжіліс Төрағасы VII шақырылым депутаттары мақұлдаған заң жобалардың ішінде ел Президенті бастамашылық жасаған шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге толық заңнамалық тыйым салуды көздейтін Жер қатынастары мәселелері бойынша заң жобасын ерекше атап өтті. 

Суретті түсірген Ж. Жұмабеков

Іс-шарада Нұрлан Нығматулин «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға өзгерістер мен толықтырулар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілгеніне тоқталды.

Депутаттар «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» заң жобасын қарап, мақұлдады. Онда сатып алуды жүзеге асырудың қағидаттары мен тәсілдері, сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер, сатып алуды жоспарлау қағидалары және әлеуетті өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптары айқындалады.

– Осы және басқа да заң жобалары бойынша «Nur Otan», Қазақстанның Халық партиясы және «Ақ жол» партияларының парламенттік фракциялары, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы жемісті еңбек етті. Осы жолда көптеген ұсыныстары заң жобалау жұмысында көрініс тапқан «Ауыл», «Adal» партиялары мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының белсенді ұстанымдарын атап өткім келеді, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, қазіргі уақытта Мәжіліс қоржынында 41 заң жобасы бар. Олар: бәсекелестікті дамыту, кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу, бюджеттік заңнаманы жетілдіру,  бала құқықтарын қорғау,  волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар туралы, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және тағы басқалар. 

Отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы саяси партиялардың Палатаға енгізілетін заң жобалары бойынша тұжырымдамалық ұсыныстарын Кеңес отырысында талқылауды ұсынды.

Мәжілістің баспасөз қызметі

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Партияаралық Кеңес

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір