• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

06 Қараша, 03:21:30
Алматы
+12°

Мұстафа Шоқай (Чокай, Чокаев, Чокай-оглы) – Ресейдегі және өзінің туған жері Қазақстандағы ең танымал тұлғалардың бірі, ғұмыры қысқа болған Түркістан автономиясының көшбасшысы. Қазақтың ақсүйек әулетінен шыққан Мұстафа Шоқай 1918 жылы жаңа билікті қабылдай алмай, 1921 жылдан 1941 жылға дейін Францияға қоныс аударып, сонда орнығады. Кеңес кезеңінде, 1930 жылдар мен 1940 жылдардың басында оған Германиядағы нацистік режіммен байланысып, ынтымақтастық орнатты деген айып тағылды.

Ал соңғы жылдары тарихшылар Қазақстан мен Тәжікстанда жүргізген зерттеулерінде Мұстафа Шоқайдың есімі тағылған айып пен кінәдан ада екенін дәлелдеп келеді. Қазақстан мен Францияда оған арнап орнатылған ескерткіштер – кейінгі ұрпақ тағзымға лайық азаматтың өмірі мен қызметіне берген заңды қорытынды мен жоғары баға.

Өнегелі өмір беттері

1917-1921 жылдардағы Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан Ұлттық Кеңесінің болашақ көшбасшысы Мұстафа Шоқай 1890 жылы 25 желтоқсанда Сырдария өзеніндегі Әулие-Тараңғыл ауылында, Қазақстанның қазіргі Қызылорда облысының жерінде, көзі ашық ақсүйек отбасында дүниеге келген. Орыс мектебінде бастауыш білім алып, 12 жасында Ташкент гимназиясында оқуын жалғастырып, оны алтын медальмен бітірген Мұстафа 1910 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетіне оқуға түседі.

Университет дипломын алғаннан кейін Мұстафа Шоқай 2 жыл Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясының хатшысы болып қызмет атқарады. Жас саясаткердің ең маңызды жетістігі Ташкенттегі Мемлекеттік Дума комиссиясының жұмысына қатысуы болды, нәтижесінде Комиссия басшысы Александр Керенский (Уақытша үкіметтің болашақ басшысы) патшалық Ресейде үлкен сұрақ тудырған Түркістан халқының жағдайы және адамдардың наразылығының себептері туралы баяндама жасады. Бұл құжатты дайындауда жас заңгер Мұстафа Шоқайдың да үлесі бар еді.

1917 жылы Ресей империясында революция болып, өзгерістер басталды. Большевиктер билікті басып алғаннан кейін Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясы құрылған Қоқанға қоныстанды, онда ол алдымен сыртқы істер департаментінің басшысы лауазымын атқарып, кейіннен автономияны басқарды. Түркістан автономиясының Кеңестік Ресей құрамына кіруін жақтаған Мұстафа Шоқай «қызылдар» ұйымдастырған қанқұйлы қырғын басталғаннан кейін большевиктік режіммен ынтымақтастықтан бас тартып, Ташкентте жасырынады. Онда ол болашақ жары – Петербургтен шыққан ақсүйек Мария Горинамен танысады.

Большевиктердің қудалауынан жасырынып, 1919 жылдың көктемінен 1921 жылдың ақпанына дейін Мұстафа Шоқай Тифлисте тұрып, публицистикалық қызметпен айналысқан. Алайда большевиктер Закавказье демократиялық республикаларын құлатқаннан кейін, саясаткер үшін ең дұрыс шешім эмиграция екені анық болады.

Асыл азаматқа жала жұқпайды

Мұстафа Шоқайдың Франциядағы эмиграцияда өткізген жиырма жылы жарқын болғаны соншалық, оның БАҚ-тағы бейнесіне күйе жаққысы келгендер ол қатысқан талай іс-шара мен оқиғаның өңін айналдырып көрсетіп жатты. Олар, әсіресе, Мұстафа Шоқайдың 30-жылдардың аяғы мен 40-жылдардың басындағы әрекеттерін бұрмалап, толығымен түрлендіруге тырысты. Жалған зерттеушілер оған тіпті Вермахт күштерінің құрамында Түркістан легионын құру мен оны іс жүзінде жүзеге асыру идеясын таңған.

Дегенмен саяси эмигрантқа қастық ойлаушылардың шабуылдарын келесі құжаттарға сүйене отырып, оңай теріске шығаруға болады: Түркістан легионын құру туралы бұйрықты Гитлер 1941 жылғы 22 желтоқсанда шығарды, ал фашистермен ынтымақтасудан бас тартқан Мұстафа Шоқай 1941 жылғы 27 желтоқсанда қайтыс болды (кей мәліметтер бойынша ол уланған). Шоқайдың нацистермен бірігіп, Түркістан легионын құрғаны туралы тараған дақпырт сөзді 2000-жылдардың басында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ақтау мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның басшысы, КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің полковнигі Әмірхан Бәкіров жоққа шығарды.

Ол 2004 жылғы 28 сәуірде «АиФ-Қазақстан» басылымында былай деп атап өтті: «Мұстафа Шоқай туралы ашық баспасөздегі барлық материалдан басқа, мен Қазақстан Республикасы ҰҚК мұрағатындағы 40 томдық қылмыстық істі де талдап шықтым, онда оны «Отанға опасыздық жасады және фашистерге көмектесті» деп айыптайды. Бұл айып Түркістан легионы ұйымына негізделген. Менің ойымша, қасіретпен танылған Түркістан ұлттық комитеті мен Түркістан легионын ол құрмаған, оларды Қызыл Армиямен күресуге де ол жіберген жоқ. Ол туралы не айтылса да, 1941-1944 жылдардағы Түркістан легионы мен комитетіне Шоқайдың ешқандай қатысы жоқ еді».

Мұстафа Шоқай мен Ресей Федерациясы

Шоқайдың кеңес дәуірінің тарихшылары баяндаған өмірі мен қызметі ұлы тұлғаға арнайы тапсырыспен күйе жағуға тырысқандардың әрекетіне ұқсайды. Кеңінен таралған жалған ақпараттарды бірнеше «автор» біреуді қаралаудың барлық ережесіне сай өңдеп отырғандай, яғни олар мұрағаттан бір деректі алып, шындықты бұрмалап, оны өтірікпен шебер көркемдеп жеткізген.

Шоқай бірде-бір мұрағат құжатында фашистердің Кеңес Одағын талқандауына шақырған емес. Санкт-Петербургте білім алып, орыс және Еуропаның бірнеше тілін жетік меңгерген Мұстафа Шоқай Қазақстанның болашағын көршілес Ресей мемлекетімен байланыстырған.

Соңғы жылдары Мұстафа Шоқайдың қызметін зерттеген тәуелсіз Қазақстанның тарихшылары анықтағандай, 1917 жылы 27 қарашада Түркістан автономиясы жарияланған Қоқанда өткен IV Өлке мұсылмандарының төтенше құрылтайында сөйлеген сөзінде Мұстафа Шоқай: «Қазіргі жағдайда толыққанды мемлекет құру оңай емес. Оған лайық кадр да, тәжірибе де, келешек автономияны қорғайтын қарулы күш те жоқ. Ресей қазір қаншалықты әлсіз болғанымен, ол бізден әлдеқайда қуатты. Біз Ресеймен достықта, бейбіт өмір сүруіміз керек. Осыған географиялық жағдайдың өзі еріксіз итермелейді».

Кейінгі жылдар көрсеткендей, оның ішінде КСРО ыдырағаннан кейінгі кезеңде де Қазақстанның Ресеймен одағы мен достығы мызғымастай берік болып қала берді.

Қорытынды орнына

2020 жылдың қазан айында Өзбекстанда кеңестік кезеңдегі қуғын-сүргін құрбандарының өмірі мен жағдайын зерттеу мен олардың есімдерін мәңгі есте сақтау үшін республикалық жұмыс тобы құрылды. Комиссияның жұмысы жарты жылдан астам уақытқа созылды және 2021 жылдың тамыз айының соңында Өзбекстанның Жоғарғы Соты ашық отырыста Орта Азиядағы басмашылар қозғалысының жетекшісі құрбашы Ибрагимбекті ақтау туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Тәуелсіз Өзбекстанның Жоғарғы Сотының осы шешіміне дейін кеңес дәуірінде Тәжікстан, Өзбекстан және Ауғанстан аумағындағы басмашылар қозғалысының жетекшісінің есімі кеңес өкіметінің жауларымен теңестірілген.

«Бұл тұлғаның тағдырында Орталық Азия халықтарының күрделі де қарама-қайшы тарихы көрініс тапқан. Тәжікстанда, Өзбекстанда, Ауғанстанда Ибрагимбек біреу үшін жеккөрінішті баскесер, қатыгез әрі сауатсыз жауыз адам. Ал басқалары оны ұлттық батыр ретінде мақтан тұтып, есімін үлкен мақтанышпен айтады», деп жазды тарихшы Камолудин Абдуллаев.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесі қазір Қазақстанда да жүріп жатыр. Камолудин Абдуллаевтың түйіндеуінше, Қазақстанның ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Мұстафа Шоқайды Орта Азияның алғашқы саяси эмигранты деп атауға болады. Тәуелсіз Қазақстанда басып шығарылған болашақ тарих оқулықтарында оны дәл осылай атайтынына еш күмән жоқ.

Андрей ЗАХВАТОВ

саясаттанушы, публицист

(Ресей)

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір