• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:15:59
Алматы
+35°

Соңғы уақытта қазақстандықтар Ыстамбұлдан арзан тауар әкеліп, саудамен айналысамын деп алаяқтарға жем болып жатқан жағдайлар жиілеп кетті. Түркияда тауар шынымен де арзан ба, түрік базарлары Ыстамбұлдың қай жерінде орналасқан, бағасы төмен тауарларды қай базардан табуға болады, осы және өзге де сауалдарға жауапты Қамшы тілшісінің материалынан білуге болады.

1. Лалели базары – орыс тілді туристер арасында танымал сауда нарығы. Бұл жерде негізінен қымбат брендердің киімдері сатылады. Сондықтан тауар бағасы қымбат. Бірақ сапасы да соған сай. Базарда әйелдер, ерлер және балалар киімдерінің түрі көп. Базардың үлкендігі сонша, оны толықтай 4-5 күнде аралап шығу мүмкін емес. Лалелиге қаланың кез-келген жерінен оңай жетуге болады. Метромен Сұлтанахмет бекетіне дейін жетіп, ары қарай он бес минут трамваймен жүрсеңіз болғаны. Базар аптасына 6 күн таңғы 8:30-дан кешкі 7-ге дейін жұмыс істейді. Жексенбі күні – демалыс. 

Qamshy

2. Мертер базары – ақша үнемдеу үшін таптырмайтын жер. Бұл жерде дүкендер кішігірім болғанымен, тауар бағасы арзан. Киімдер жақын маңдағы цехтарда тікелей тігіледі. Тауардың бағасымен қатар сапасы да жақсы. Мертер базарынан әйелдер мен ерлерге арналған киімдер, спорттық костюмдер сатылады. Ал балаларға арналған киімдер сирек. Алайда бұл базардың Лалелиден айырмашылығы, орыс тілінде сөйлейтін сатушылар өте аз.

Мертер базарына метромен "Мертер" бекеті арқылы бірден келуге болады.

Qamshy

3. Осман бей  – Ыстамбұлдың ең танымал сауда орталықтарының бірі. Осман бей базарында танымал бренд дүкендер мен жергілікті брендтер де бар. Бұл жерден той көйлектері мен бітіру кешіне арналған көйлектер, балалар мен ересектер киімі мен аяқ киімі, электроника мен тұрмыстық техника, ойыншықтар, кәдесыйлар және басқаларын табуға болады. Базардағы тауар бағасы Лалели базарына қарағанда 2-3 долларға арзан. Сондай-ақ ол жерде ерлерге арналған киімдер көптеп кездеседі.

Осман бей ауданы Стамбулдың қақ ортасында орналасқан. Оған метро арқылы жетуге болады. Таксимен жету оңай және тез. 

Qamshy

4. Махмут паша (Мамут паша) – Стамбулдағы аса танымал сауда орталықтарының бірі. Базар қаланың ескі – Фатих ауданында орналасқан. Махмут паша базарында жаулықтар орамалдар тастармен неше түрлі, қыз жасауы, маталар, аяқ киімдердің (эко кожа) алуан түрі бар.

Махмут паша базарына қоғамдық көлікке отырып "Беязыт-Капалычаршы" аялдамасынан түсу керек. Қаладағы ең танымал №T1 трамвай бағыты осы жерден өтеді.

Qamshy

5. Капалы чаршы – қаладағы ең үлкен базарлардың бірі. Базар маңындағы 66 көшеге 4000 дүкен орналасқан. Бұл жерге тәулігіне 1,5 миллионға жуық адам келеді.

Капалы чаршыдан:     

  • бренд киімдердің көшірмесін;
  • түрлі тәттілер, рахат лукум, шай, бал, шоколадтар, шөп шай;
  • орамал, жаулықтар;
  • дастархан, жастықтың тыстары секілді үйге керек заттар;
  • сувенирлер (ыдыстар, құран, жайнамаз);
  • аяқ киім алуға болады.

Капалы чаршыдағы киімдердің бағасы қымбат болғанымен, сапасы нашарлау. Әсіресе ішкі базарлардағы баға жоғары. Бұл жерде көбінесе америкалық және еуропалық туристер сауда жасайды. Сондықтан саудагерлер қаланың басқа базарларына қарағанда қымбат баға айтады. Мәселен, сыртта 50 теңге тұратын затты базар ішіндегілер 5000 теңге деуі мүмкін.

Капалы чаршы Стамбұлдың тарихи ауданында, Беязыт пен Сұлтанахмет алаңынан солтүстік-батысқа қарай 1 шақырым жерде орналасқан. Мұнда Кабаташ-Багджылар бағытынан Кабаташқа қарай жүретін трамваймен жетуге болады. Ол үшін Беязыт аялдамасынан немесе Чемберлиташ станциясынан түсу қажет.

Базар 08:30-да ашылып, 19:00-де жабылады. Кешен дүйсенбіден сенбіге дейін жұмыс істейді, жексенбі – демалыс күні.

Qamshy

6. Зейтинбурну (өте үлкен базар) базары Зейтинбурну ауданында орналасқан. Бұл жер былғары және аң терісімен танымал. Ондағы базарлар бір-біріне өте ұқсас. Дүкендердегі  бағаны айтарлықтай төмендету қиын, өйткені тауар бағасы зауыттан шыққан бағаға жақын. Сондықтан бір екі дүкенге кіріп, бағаларын салыстырып шығу жеткілікті.

Бұл базардан тон, пальто, түрлі күртелерді бір-бірлеп те, көтерме бағамен көптеп те алуға болады. Бірақ аларда саудагерлермен саудаласу керек. Бұл жерден алатын заттарды базардан ғана емес, фабрикадан да тапсырыс беріп алуға болады

Зейтун бурму базарына жету үшін сауда жасаушылар бүкіл ауданды аралауға уақыт кетіреді. Уақыт үнемдеудің ең тиімді тәсілі метроға отыру. Қала орталығынан жүретін жерасты пойызы тура базардан "Зейтинбурну" бекетінен түсіріп кетеді. Базарға таксимен де, автобуспен де жетуге болады.

Qamshy

"LC Wakiki", "Defacto", "Zara", "Koton" секілді бренд киімдерін Түркияның үлкен қалаларынан да табуға болады. Алайда бұл дүкендердегі киімдердің Қазақстаннан ерекшелігі киімнің алуан түрі бар, әрі Қазақстандағы тауарға қарағанда әлдеқайда сапалы, бағасы да қолжетімді. Бұл дүкендерді ойын-сауық орталықтары мен көше бойларыннан кездестіруге болады.                    

Мархабат Ілияс

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Стамбул Базар

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір