• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:56:10
Алматы
+35°

17 қыркүйекте көрсетілімге шыққан "Кальмар ойыны" сериалы Netflix стриминг сервисі тарихындағы ең сәтті жобаға айналды. Стриминг сервистің өзінде веб-сериалды 142 миллион адам көрген. Өнімді түрлі пираттық сайттар мен бейресми телеграм каналдар арқылы  тамашалағандар да аз емес. Алайда оның нақты санын анықтау қиын. Сериал қазірдің өзінде барлық дерлік рекордтарды жаңартып үлгерген.  Десе де оны әлеуметтік желілерде қызу талқылап, түрлі сын айтып жатқандар да баршылық. Соған қарамастан көп сериалды фильмнің жалғасын күтушілер көп. Қамшы тілшісі сарапшылардан сериалдың аз уақыт ішінде феноменге айналу себебін сұрап көрді.

Фильмнің сюжеті не туралы?

Фильм сценарисі Хван де Хек фильм идеясы 2008 жылы анасы және әжесімен бірге тұрып, қаражаттан қысылған шақта пайда болғанын айтады.

Сценарий бойынша өмірде қарызға белшесінен батқан 456 адам ешкім білмейтін, жұмбақ ойынға қатысуға шақырту алады. Олар 38,5 миллион АҚШ долларын ұтып алу үшін өз өмірін қатерге тігеді. Алғашында қатысушылар ойын құны өміріне пара-пар екенін түсінбейді. Бірақ екінші рет олар ойынға қатысуға, ұтылса өлімді сол күйінде қабылдайтынына келіседі. Өйткені қатысушылар ол жердегі ойындардың шынайы өмірден еш айырмасы жоғын түсінеді. Сериалдағы бас кейіпкерлерді Ли Чон Чжэ, Пак Хэ Су, Хо Ён Чжон, Хо Сон Тэ, Ким Чжу Рён, Анупам Трипати және Ли Ю Ми сынды атақты актерлер сомдайды.

Фильмнен соң не өзгерді?

  • Телехикая көрерменге ұсынылған 10 күннің ішінде әлемнің 90 елінде ең көп қараған фильмдер қатарына енген;
  • Фильм аз ғана уақыт ішінде 110 миллионнан астам қаралым жинаған;
  • 10 жыл ішінде Netflix-ке дейін туындыны ешкім қаржыландыруға ниет білдірмеген;
  • Кейбір көрермендер аватарларына сериалдағы кейіпкерлерді қойған;
  • Тиктокерлер сериалдағы бірінші ойынды қайталап, 200 мың видео жүктеген;
  • Сериалдағы кейіпкерлердің бірі – модель Хо Ен Чонның Instagram-дағы жазылушы саны 10 күнде 11 миллионға жеткен;
  • Әлеуметтік желі қолданушылары сериалдағы қанттан жасалған тәттіні үйде жасап, одан үшбұрыш, дөңгелек немесе қолшатырдың формасын шығарып көріп жатыр;
  • Сериалда көрсетілетін байланыс нөмірі ойдан шығарылмаған. Күніне сол нөмірге 4 мың қоңырау келетін көрінеді. Тіпті, танымал байланыс нөмірін мыңдаған долларға сатып алғысы келетіндер де табылған.

  Бүкіл әлемнің дәл осы фильмге аузын ашып, қарап отыруы – таңғаларлық жағдай

Кинотанушы Дана Әмірбекова фильмге 10/6 деген баға беріп, веб-сериал сюжетіне қатты таңғалмағынын айтты.

Qamshy

– Дәл осы фильмде қозғалатын әлеуметтік сатылар, бүгінгі заманда қалыптасқан жүйе, дәл сол жүйенің адам еркіндігіне тұсау салуы жайлы фильмдер бұған дейін де түсірілген болатын. Оларға америкалық ең атақты "The Hunger Games" (Голодные игры), "Игра на выживание" фильмдерін жатқызуға болады. 

Фильнің негізгі ерекшелігі адамға "үрей, қорқыныш" тудыратын сезімдермен өз көрерменін жинай алуында. Өйткені күнделікті өмірде адамдарда ондай сезім көп кездесе бермейді. Экранның құдіретті басыңызды қатерге тікпей-ақ, сол сезімдерді сезінуге, адреналин алуға мүмкіндік береді. Яғни, фильм арқылы сіз бүкіл үрейді сезіне аласыз. Сондықтан осындай фильмдер көрермен тарапынан қызығушылық тудырады.

"Кальмар ойыны" веб-сериалының сюжеті драматургиялық тұрғыда мені қатты  таңғалдыра алмады. Фильмде оқиға басталмай жатып оның не жайлы болатынын, соңы қалай аяқталатынын алдын ала біле аласыз. Өйткені олардың бәрі жаттанды шаблондардан құрылған. Және де бүкіл әлемнің дәл осы фильмге аузын ашып қарап отыруы таңғаларлық жағдай. Өзіме сериал тым ұзақ болып кеткен сияқты көрінді. Кейбір тұстарын қысқартып көрсетсе де болатын еді, – дейді кинотанушы.

Маман веб-сериалдағы түстердің ерекшелігі мен мәніне тоқтала кетті.

– Фильмде ашық, жарқын, ерекше түстер бірден көзге түседі. Америкалық туындыларда "күңгірт, қара" түстер көп кездесетіндіктен ол фильмдердің "қантөгіс пен үрейлі" екенін бірден білуге болады. Ал "Кальмар ойыны" веб-сериалында болашағынан үміт күтпейтін адамдарды көрсету арқылы шынайы өмірді көрсете білді.  Фильмдегі ойынға қатысушылар ойын ойнауға барғанда "ашық, жарқын" бала-бақшада пайдаланылатын түстер қолданылғанын байқауға болады. Ойыншылар ол жерге  барған кезде де ондай жерде қатерлі ойын болады деп ойламайды.

Кейде дәл солай өмірде "қауіпте емес"  деп ойлаған нәрсе қиыншылық туғызуы мүмкін. Қазір халыққа нешетүрлі несиелер беріледі. Ең басында ақша алғанда адамдарға бәрі жақсы болып көрінуі мүмкін. Содан кейін ақшаны қайтара алмай соның қазанына қайнап, ең соңында өмір құртылып, быт-шыт болып кеткенін сезбей де қалады, – дейді Дана Әмірбекова.

Кинотанушының сөзінше, веб-сериалдағы кейіпкерлердің киген киімдерінен-ақ олардың әлеуметтік жағдайын бірден аңғаруға болады.

– Фильмдегі  кейіпкерлер жауапкершілігі жоқ адамдар. Мысалы, олардың бірі ойынның жетегінде кеткен, екіншісі адамдарды алдау арқылы өмір сүрсе, үшіншілері адам өлтіруге дейін барған. Олар өз өмірлерін дәл осындай жағдайға өздері жеткізген  кейіпкерлерден құралған.

Веб-сериалда ойыншыларға ақша тіккен, "арыстан, бұғы, жапалақ, түлкінің" бетпердесін киген ойын ұйымдастырушыларына қарап олардың кім екенін шамамен болжап көрейік.

"Арыстан" бетпердесіндегі адам ең жоғарыдағы бәрін басқарушы болуы мүмкін. Себебі арыстан – аң патшасы, сол арқылы біз біле бермейтін күш-қуатқа ие.

"Бұғы" бетпердесіне қарап, жасырылған адам мәдениет, дін саласының өкілі болуы мүмкін деп болжам жасар едім. Себебі "Бұғы" Орта Азия мен корей мәдениетінде рухани деңгейі жоғары адамның символы. Дін, мәдениет саласында жүрген адамдар әдемі сөйлеп, беті жылтыр болып көрінгенімен, көп нәрсенің артында солар тұруы да мүмкін. 

Тағы бір бетперде ол "жапалақ". Жапалақ – өте ақылды, бәрін білгіш адамның символы. Жапалақтың бетпердесіндегі адам ақылымен әлемді билеп отырған, әлеуметтік желіні ойлап тапқан адам болуы да мүмкін. Ондай адамдар өздері ойлап тапқан нәрселер арқылы адамдардың өміріне ықпал ете алады.

"Түлкі" бетпердесін киген адамға қарап осы ойынды ұйымдастырушы екенін бірден болжауға болады. Бұл бетперденің ерекшелігіне қарап оның ауқаты мен күш қуатының өте жоғары екен аңғарамыз. Түлкі – қу, өте айлакер жануар. Қулығы арқылы көптеген жануарларды алдап, арбап, ойындағысын жасатып бәрін басқарып отыратын жануарлардың бірі. Сондықтан бетперде киген ойын ұйымдастырушылары қолында билігі бар осындай күшке ие деп айтар едім, – дейді ол.

 Фильм көрерменге материалдық құндылықты жоғары қояға насихаттайды

Психолог Ұлмекен Сәндібекқызы "Кальмар ойыны" фильмін балаларға ғана емес, үлкендерге де көрмеуге шақырады.

Qamshy

– Қазіргі уақытта “Кальмар ойыны” фильмі өте үлкен танымалдылыққа ие болып, талқыланып жатыр. Бұл фильмді тек балаларға ғана емес, ересектерге де көрмеуге шақырамын. Оған себеп, телесериал бала кездегі ойындарды еске сала отырып, адамның психологиясына кері әсер етеді. Фильм бастапқыда қызықты болғанымен, саналы түрде ойға салып қарағанда көрерменге материалдық құндылықты жоғары қоюды насихаттайды. Мысалы, ойын табысты жеңіл жолмен табуға, яғни “Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүруге үйретеді.

Көпшілік қателік жасауды трагедия көріп жатады. Соның ішінде балалардың психологиясы әлі әлсіз болғандықтан осы қателік жасауға деген қорқыныштың соңы өміріне қауіп тудыруы мүмкін. Фильмде қателік жасаған адамға кешірім бермей, оларды өлтіргенін көрген баланың психологиясы "қатігездік, жауыздық, сатқындық, агрессия" сияқты мінезді бойына сіңіреді. Мінез-құлқына өзгерістер алып келеді. Бала психологиясы губка тәрізді сіңіргіш болғандықтан оларда әлі фильтрден өткізетін мүмкіндік жоқ. Фильмді барлық бала көріп, сол туралы айтқандықтан олар қызығушылықпен көруі мүмкін. Сол себепті әрбір ата-ана баласының психологиясына теріс әсер ететін фильмдерді көрсетуге тыйым салуы керек деген ойдамын, – дейді психолог.

 

Мархабат Ілияс

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Кальмар ойыны

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір