• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 19:53:00
Алматы
+35°

Өткен 3 айда Ресей Федерациясы соңғы 8 жылда болып көрмеген пайдаға кенелді – мұнай-газ сатудан елге $134,9 млрд экспорттық пайда түсті. Бұл өткен тоқсандағыдан $19,8 млрд-қа артық, ал 2020 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 70%-ке көп. Шикі мұнайды экспорттаудан түскен валюталық түсім өткен жылғыдан 1,5 есеге, мұнай өнімдерін экспорттаудан түскен түсім екі есеге, "Газпромның" осы тоқсандағы табысы өткен жылғыдан 152%-ке көбейген. Көмірсутегінсіз экспорт өткен тоқсанмен салыстырғанда 25%-ға өскен (Мұнай өнімдері түсімінің 2 есе көбеюіне Қазақстанның да үлесі мол екендігін байқап отырған боларсыздар).

Жарайды, хош делік. Енді мына қызықты қараңыз. Қазынаға түскен осыншама мол қаржының сыртқа ағылуы да 2014 жылдан бергі рекордтық көрсеткішке жеткен. Мысалы екінші тоқсанмен салыстырғанда үшінші тоқсанда қаржының жеке сектор арқылы сыртқа тасылып әкетілуі 6 есе өсіп, $33,9 млрд-ты құраған. Бұл соңғы 7 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Жалпы осы жылда валютаның сыртқа ағылуы $69,5 млрд болыпты. Бұл да 2014 жылдан бергі рекордтық көрсеткіш, өйткені 2014 жылы ол $128,5 млрд-ты құрапты.

Бұл Орталық Банк (ОБ) есебіндегі жария көрсеткіштер ғана. Одан басқа "көлеңкелі капиталдың" да сыртқа ағылуы күшейген. Үшінші тоқсанда ОБ есептік баланста "қателер мен үңірейген бос кеңістіктер" байқапты, соны анализ жасағанда оның 2 тоқсанмен салыстырғанда 11 есеге көбейгенін тапқан.

Осынша мол табыстан Ресей халқы не ұтты? Мысалы рубль күшейді ме? Баға түсті ме? Әрине, ондай ештеңе байқалмаған, яғни халық мұны сезген де жоқ. Шілде-қыркүйек айларында рубль тек қана 0,5%-ке күшейген. Өйткені қазба байлықтан түскен табысты дұрыс бөлудің орнына Ресейде тек қана жоғарыда отырған шенеуніктер мен олигархтар ғана байи түседі.

Кезінде Жон Маккейн былай депті: "Ресей дегеніміз өздерін елміз деп мәймөңкелейтін, шындығында бар болғаны бензоколонка ғана. Ол клептократия, коррупция. Олардың экономикасы шындығында тек мұнай мен газға ғана тәуелді".

Сондықтан да Ресей сияқты ел болмауы үшін Германия канцлері Меркель енді 25 жылда климаттық тепе-теңдікке жетеміз деп айтқандай, 25 жыл күтудің қажеті жоқ, Батыс тездетіп РФ мұнай, газынан бас тартуы керек. Ол үшін сутегіні энергия көзі ретінде пайдалануда қолға алуға тиіс.

"Түйені жел шайқаса ешкіні аспаннан ізде" деген сөз бар. Ресейдегі жағдай осындай болса ендеше Қазақстандағы жағдай бұдан да нашар, оны статистикалық мәліметтерге жүгінбей-ақ күнделікті халықтың тұрмысынан да байқауға болады – бағалар өсімі тоқтар емес, күн сайын өсуде. Ал азды-көпті мұнай сатудан түскен түсімдердің қайда кетіп жатқанын жақында жарияланған "Пандора жәшігіндегі" шенеуніктер айқын көрсетті.

Құдай ақырын берсін, тек тәуелсіздіктен айырылып қалмасақ болғаны.

Қуаныш Еділхантегі

Шолушы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір