02 Қазан, 2021 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Грузин қоғамдық қорғаушысы Нино Ломжарияның айтуынша, Грузияда қамауға алынған экс-президент Михаил Саакашвили өзін саяси тұтқын санайды және аштық жариялаған. Қорғаушы Саакашвили қамалған Рустави түрмесіне барғанын мәлімдеді.
Ломжария сонымен қатар Саакашвилидің Украина азаматы ретінде Украина консулымен кездесуге өтініш білдіргенін мәлімдеді.
Ал Грузияның қазіргі президенті Саломе Зурабишвили экс-президент Саакашвилиді ешқашан кешірмейтінін айтады.
"Михаил Саакашвили Тбилисидегі тұрғын үйлердің бірінде ұсталғанын айтты. Ол жалғыз екенін жеткізді" деді Ломжария.
Премьер-министр Гарибашвили экс-президент Саакашвили ұсталғанын, тұтқындау кезінде де, одан кейін де оған күш қолданылмағанын, себебі ол қарсылық көрсетпегенін және жалғыз екенін атап өтті.
Бірнеше қылмыстық іс бойынша айыпталған Саакашвили кеше Тбилисиде қамауға алынған.
Михаил Саакашвили қыркүйектің басында 2 қазанда өтетін муниципалды сайлау алдында Грузияға оралуға уәде берген.
Ол Грузияда екенін айтып, теңіз жағалауындағы Батуми қаласынан ел азаматтарын билік партиясына қарсы дауыс беруге шақырған екі бейнеролик жариялағаннан кейін ұсталды. Оның Грузия шекарасынан қалай өткені әлі белгісіз.
Саакашвили 2004-2013 жылдары елдің үшінші президенті болды және 2012 жылы "Грузин арманы" партиясы билікке келгеннен кейін 2013 жылы Грузиядан кетті.
Тұтқындалған экс-президент Саакашвилиге қандай қылмыстық айыптар тағылды?
Михаил Саакашвилиге қатысты алты қылмыстық іс қозғалды: ол екі іс бойынша алты жылға бас бостандығынан айырылды, ал қалған төрт қылмыстық іс Тбилиси қалалық сотында әлі қаралуда.
Саакашвили сырттай екі жағдай бойынша айыпты деп танылды:
2005 жылы Тбилисиде бетперде киген қарулы адамдардың оппозиция депутаты Валери Гелашвилиге физикалық шабуыл жасау ісі.
2006 жылы Сандро Гиргвлианиді өлтіру ісі.
Бұл екі жағдайда да Саакашвили билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.
Қазіргі уақытта Тбилиси қалалық сотында төмендегідей істер қаралады.
- 2008 жылдың ақпанында тәртіп сақшыларының Имеди телеарнасына заңсыз рейд жасау ісі;
- 2007 жылғы 7 қарашадағы үкіметке қарсы жаппай наразылық акцияларын күшпен тарату ісі;
- 2000 жылдардың басында Imedi телеарнасын құрған және рейдтен кейін арна меншігінен айырылған магнат Бадри (Аркади) Патаркацишвилидің мүлкін заңсыз тартып алу ісі;
Мемлекет қаражатын жымқыру ісі.
Грузия прокуратурасы Саакашвилиге шекараны заңсыз бұзғаны үшін қосымша айып тағылатынын мәлімдеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір