02 Қазан, 2021 Әлем
Фото: newsae.ru
Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Грузияның премьер-министрі Ираклий Гарибашвили хабарлады.
Ираклий Гарибашвили Саакашвилидің елдің нақты қай аумағында ұсталғанын айтпады. Премьер тек құзырлы орган өкілдері экс-президентті тұтқындау операциясын жоғары деңгейде жүргізгенін атап өтті.
– Біздің құзырлы орган өкілдерінде оның Украинадан бастап Грузияға дейінгі сапары жайында алдын-ала мәлімет болды, – дейді Ираклий Гарибашвили.
Айта кетейік, бұған дейін Саакашвили видеоүндеу жасап, өзінің Батумиде екенін айтқан болатын. Алайда Грузияның Ішкі істер министрлігі бұрынғы президенттің шекараны кесіп өтпегенін айтып, бұл ақпаратты жоққа шығарды. Одан бөлек, ведомство Саакашвилиге іздеу жарияланғанын, егер ол Грузияға келсе, бірден тұтқындалатынын айтты.
Естеріңізге сала кетсек, Михаил Саакашвили 2004-2013 жылдар аралығында Грузия президенті болды. Кейін елден қашып кетті. Оған қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған және сот сырттай үкім кескен. Саакашвили өзіне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір