• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:00:41
Алматы
+35°
 
DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандықтардың АЭС құрылысы туралы пікірі» тақырыбында сауалнама жүргізгенін хабарлады.

Оған 2021 жылы 19-26 қыркүйек аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын 18 жастан асқан 1100 адам қатысқан. Қатысушылардың 53%-ы ер азамат, 47%-ы әйел. Зерттеуде Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылған. Бюро іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайтынын мәлім етті.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында 2030 жылдарға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болатынын айтқан.

Сауалнама нәтижесі сұралғандардың 55%-ы  атом электр станциясының салынуына қарсы екенін көрсеткен. Олардың 36%-ы үзілді-кесілді қарсы. Себебі олар Қазақстан АЭС секілді объектілерді салуға дайын емес дейді. АЭС қоршаған орта мен адамға қауіпті екендігін ескерген 19% респондент те мұндай шешімді құп көрмейтінін айтты.

Сұралғандардың 40%-ы президент бастамасын қолдайды. Олардың 30%-ы қандай қауіп-қатер бар екенін жақсылап зерттеу керек және өзге елдердің тәжірбиесіне талдау жасау керек, содан кейін ғана бастауға болады дейді. АЭС құрылысы мен қауіпсіз атом энергетикасын пайдалану туралы бастаманы толықтай қолдайтындар – 10%.

DEMOSCOPE  зерттеуі барысында респондентерге  «Қазақстанда атом электростанциясы салынатын болса, қандай негізгі қауіп-қатерлер болуы мүмкін?» деген сұрақ қойылған. Бұл сұрақта бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілген.

"Респондентердің көбі (39%) радиоактивті қалдықтарды сақтау мен жоюдан туындайтын экологиялық қатерлерден қауіптенетінін айтты. 37% қатысушы сыбайлас жемқорлық пен адами факторлармен байланысты апаттар болуы мүмкін екенін атап өтті. 15% қатысушы Ауғанстанға жақын орналасқанымызды ескерсек, экстремистер үшін таптырмас мүмкіндік болуы мүмкін деп қорқады. 12% респондент аймақтағы сейсмикалық қауіптің жоғары екенін негізгі қауіп-қатерге жатқызса, 8%  АЭС құрылысы экономикалық тұрғыда бекер екенін айтты. Ал 6% одан келіп-кетер ешқандай да қауіп-қатер жоқ деп жауап берді" делінген ақпараттық хабарламада. 

Сонымен қатар, сауалнама қатысушыларынан Қазақстанда атом электростанциясы құрылысының негізгі артықшылықтарын атап өту сұралып, бірнеше нұсқаны таңдауға мүмкіндік берілген.

"Респондентердің үштен бірі ешқандай артықшылығы жоқ деген ойда. 17% АЭС көмір тұтынуды және оның қоршаған ортаға зиянын азайтады деп сенеді. 14% АЭС болашақта болуы мүмкін энергия тапшылығының орнын толтырады және елді атом энергиясымен қамтамасыз ететініне сенеді. 12% АЭС құрылысы Қазақстанның атом потенциалын, соның ішінде уранның қорын пайдалануға көмектеседі дейді. 10% атом энергиясын экспорттаудың арқасында экономика гүлденеді десе, 8% инновациялық жобалар көбейеді әрі дамиды және Қазақстанның халықаралық аренадағы позициясы нығаяды деген жауапты таңдады. 24% респондент аталғандардың барлығын Қазақстанда атом электростанциясы құрылысының пайдалы тұсына жатқызды" делінген сауалнама нәтижесінде.

 

39% респондент АЭС-тен келер техногенді қатерлердің жоғары екенін айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 30% Қазақстанда әскери қоймаларда болған жарылыстарды ескеріп, Чернобыль АЭС-ы мен Фукусима-1 апаты қайталана ма деп қорқады.

 

"19% респондент кешегі күні болған қасірет пен апаттан сабақ алып, алдағы уақытта мұндай қателіктерге жол бермейтін боламыз деген үмітте. 12% қатысушы Қазақстан АҚШ, Қытай, Франция және басқа да дамыған елдердің ядролық энергетиканы пайдаланудың озық тәжірбиесін қайталап, жетістікке жетеді деген сенімде.

DEMOSCOPE сауалнамасында қатысушылардан АЭС құрылысы мәселесі бойынша ең дұрыс шешім қандай екені сұралды. 41% Бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Халық қалай шешсе, солай жасау керек деген ой айтылды. 22% қатысушы дұрыс шешім қабылдау үшін ең үздік халықаралық сарапшылардың көмегіне жүгінуге кеңес берді.

16%  ашық қоғамдық талқыға салғаннан соң ғана шешім шығару керек десе, 12% бұл мәселенің шешімі – Үкіметтің құзырында қалғаны дұрыс деп қысқа қайырды. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 9%-ы Қазақстанда АЭС құрылысына бірден мораторий жариялау керек деп санайды" дейді сауалнама ұйымдастырушылары.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: АЭС АЭС құрылысы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір