• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 16:03:00
Алматы
+35°

Токио олимпиадасының аяқталуына екі күн қалды. Қазақстан сапынан төрт жылдықтың басты спорт оқиғасына барған спортшылардың көбісі жарыс жолына шығып үлгерді. Әзірге қоржында 7 медаль. Оның барлығы қола. Бұл олимпиада тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең сәтсіз ойын болып отыр. Мамандар мұны әртүрлі жағдаймен түсіндіреді. Қамшы тілшісі сарапшылардан олимпиададағы сәтсіздіктің себебі туралы сұрап көрді.

 "ӨЗІНІҢ ЖЕҢІЛІСІН ТҮСІНДІРІП БЕРЕ АЛМАҒАН СПОРТШЫДАН НӘТИЖЕ КҮТУ ӨТЕ ҚИЫН"

Азаттық тілшісі Руслан Меделбек биылғы олимпиадада қазақстандық спортшылардың психологиялық және физикалық дайындығы дұрыс болмағанын байқағанын айтады.

– Биылғы олимпиадаға пандемия қатты әсер еткені аңғарылады. Рио олимпиадасында нақты бір спортшылар алтын алады деген үміт болған еді. Ал осы жолы "мына спортшы алтын алады-ау" деп айтатындай мықтылар өте аз болды. Әсіресе ұдайы бір алтынмен болса да оралып жүрген боксшылар олимпиадаға дайын болмаған сияқты. Кейбір кезде боксшыларда жаттығу өте көп болып кеткендей көрінді. Спортшыларымыз техника жағынан ақсап жатты. Бұның себебін ұлттық құраманың бас бапкерлері анықтап,  не себеп болғанын түсіндіріп айта жатар. Осыған ұқсас жайт, балуандардың бәсекесінде де байқалды. Кеше Нұрислам Санаев деген балуан еркін күрестен жеңіп тұрып, соңғы сәтте жеңіліп қалды. Юсуп Батырмурзаев деген балуан 10:0 есебімен ұтып жатып, соңғы сәтке келген кезде қарсыласының әдісіне түсіп ұтылды. Қарсыласы Юсупты кілемге жатқызып орнынан тұрғызбай қойды, – дейді ол.

Журналист сөзінше, Токиода қазақстандық спортшылар көңіл күйлері болмай, қысылып жүрген. Тілшілермен сөйлесу кезінде  өздерінің жеңісі мен жеңілісін түсінідіріп бере алмаған.

– Өзінің жеңілісіне түсінік бере алмаған спортшыдан нәтиже күту өте қиын. Кеше каратэден Дархан Асадилов деген спортшымыз жартылай финалға шығып қола медаль алды. Алтын мен күміске деген үмітіміз Дарханда  ғана еді. Олимпиада ойындарының бітуіне 2-ақ күн қалды. Басқа спортшыларда алтын мен күміске үміт те жоқ, – дейді Руслан Меделбек.

"ҚАЗАҚ БОКСЫ КРИЗИКЕ ҰШЫРАДЫ..."

Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов та боксшылардың олимпиададағы сүреңсіз ойнын пандемиямен байланыстырады.

– Қазақстанда бокс осы олимпиадада кризиске ұшырады. Оған басты бір себеп – дүниежүзіне келген пандемия. Біздің жігіттеріміз жарыстарға дер кезінде шыға алмай, үйінде қамауда болды. Соның бәрі оларға кері әсерін тигізді. Қазір мен бәріне кәсіби көзқараспен қарап отырмын. Боксшы Сәкен Бибосынов шыққан кезде біраз қателіктер жіберіп жатты. Сол қателігінің кесірінен шешуі кезеңдерде 3:2 есебімен британиядық боксшыдан жеңілді, – дейді ол.

Ермахан Ибраимов келесі олимпиада бұрынғыдай мамыражай уақытқа келсе, қазақ жігіттері қайтадан алтын ала алатынына сенімді.

Сондай-ақ ол бокстан ұлттық құрамаға өзін кеңесші ретінде алатын болса, аянбай бар күшін салауға сөз берді. 

– Боксшыларымыз тактикалық қателіктер жіберіп жатты. Биылғы спортшылардан алдыңғы екі қолымен арақашықтық арқылы соққы жасайтын боксшыны мүлдем көрмедім. Бәрі солақай болса, сол қолын, оңқай болса, оң қолын ала жүгіреді. Қолы "тисе терекке, тимесе бұтаққа" кетіп жатыр. Олардың әрқайсысына қарап қарным ашып отырды. Ерте ме, кеш пе дәл осындай жеңіліс болатыны белгілі еді. Осылай кете берсек келесі жолғы олимпиада ойындарында  біз қолаға да жете алмаумыз мүмкін. Сіздер арқылы министрлікке үндеу жолдағым келеді. Олардың құлағына алтын сырға. Бокстан олимпиадаға дайындайтын орталықты қалпына келтірсін, – деді олимпиада чемпионы.

"БІЗДІҢ СПОРТҚА БАСШЫЛЫҚТАН БАСТАП ӨЗГЕРІС КЕРЕК"

Комментатор Жандос Айтбайұлы спортшылардың деңгейіне қарап, биылғы олимпиада ойындарында ешкімнен алтын күтпегенін жасырмады. Ол бұл жолы бұрынғыдай жарқылдап тұрған спортшыны көре алмаған.

– Биылғы спортшылардың нәтижесі ала-құла болды. Бірінші жарыста ұтады, екіншісінен ұтылады. Бұрын 69 келі салмақтағы боксшылар жүлдені ешкімге бермейтін. Ол кезде Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сапиевтер мықты спортшылар қатарында болды. Осы жолғы спортшылардың өзіне күмәнмен қарадық, – дейді Жандос Айтбайұлы.

Ж. Айтбайұлы алтын болмаса да кімдерден жүлде күткені атап өтті.

– Біреулер Елдостың алтын алатын мүмкіндігі болды деп жатқан көрінеді. Бірақ жапондар өз жерінде оңайшылықпен алтынды бере қоймайтыны мамандарға алдын ала түсінікті болған. Бокстан Бекзат Нұрдәулетов медаль алады деп өзім үміт күткен едім. Үмітті ақтамады деп осы Бекзат пен Василий Левитті айтуға болатын шығар. Оларды алтын алады деп ойлаған жоқпын. Себебі біз алдын ала спортшыларды зерттедік, көрдік. Олардың қарсыластарының, қатысқан жарыстарының бәрін саралап, сондай ой түйдік. Дайындық мәселесіне келетін болсақ, спортышлар жыл 12 ай тер төкті. Біздің спортшылар теңіз деңгейінен 1200 метр биіктіке жаттығып үйреніп жүріп, бірден Жапонияға барды. Ол жер теңіз деңгейіннен бар-жоғы 50 метр ғана биіктікте екен. Мысалы, ресейлік балуандар Жапонияға барып алдын-ала жаттығыпты. Олар жергілікті жерге бой үйрете алмадық дейді. Сол сияқты біздің спортшыларға ол жердің ауа райы да әсер етуі мүмкін. Сондықтан алдын ала ғылыми тұрғыда жұмыс жасау керек пе еді деп ойлаймын. Мүмкін осылай бір қайнауымыз кем болған шығар. Тіпті спортшыларымызға білікті психолог мамандар керек болғанын да айттық.

Бірақ біз күтпеген спортшылар жүлде алды. Мысалы, Сәкен Бибосыновты осы олимпиада ойындарының алдында жүлде алады деп ешкім ойлаған жоқ. Кімдер жүлде алуы мүмкін деп болжам жасағанда ол тізімде Сәкен Бибосынов жоқ еді. Бәлкім, жеке бапкері Сәкенге сенген шығар. Сол Сәкенге сәттілік серік болып қола жүлде алды. Оның өзін үлкен бір сәттілік деп айтуға болады. Тіпті кеше жартылай финалдық кездесуде Сәкен ұтылған жоқ. Төрешілер жеңісті Сәкенге беруге болатын еді. Ол керемет нәтиже көрсетті, – дейді ол.

Комментатор спорт саласына үлкен өзгеріс жасау керек деген пікірде.

– Спортта жерге, елге, руға бөлінудің қажеті жоқ. Бапкерлер де кейде ауызбіршілік таныта алмай жатады. Бір бапкер былай десе, екінші бапкер басқаны айтады.  Бұл жерде тек спортшы ғана кінәлі емес, үлкен басшыдан бастап министірлікке де өзгеріс керек. Репортаж барысында спортшыларымыз тым мәдениетті болып кетті деп астарлы түрде айтып жатырмыз. Спорт пен мәдениет бөлек ұғым ғой. Сондықтан спорт министрілігін бөлек құрып оның тізгінін спортты білетін, кезінде спортта жақсы нәтиже көрсеткен азамат пен азамашаларды басшылыққа алған дұрыс.

Олимпиада ойындарына бөлек спортшылар арасында  іріктеу жарыс өткізген дұрыс. Шын мықтыға тұсау жоқ, дейді ғой. Кім жеңеді сол олимпиадаға бару керек, деген сияқты мамандар алдағы уақытта осындайды ұйымдастырып шешсе екен. Осы олимпиада ойындарынан кейін Париж олимпиадасына дайындықты жүйелі түрде бастап,  бапкерлерді де алмастыру керек, – деді Жандос Айтбайұлы.

Мархабат Ілияс

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір