• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 22:45:01
Алматы
+35°

Елде қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтарға шөп жеткізуші еріктілер қатары артып келеді. Солардың қатарында сазгер, әнші Ерлан Төлеубай мен Мұратбек Солтанбай есімді азамат бар.

Ерлан Төлеубай елдің батысы мен оңтүстігінде жем-шөп таба алмай мал қырылып жатқанда Алатауда арқасын кеңге салып жата алмағанын айтады..

– Қазір Оралдамын. Оралға келгеніме бір апта болды. Шілденің басында Құрмет Талапқазы  алашқа үндеу тастады. Үндеуге қосылып ерікті болып келдік. Нұрлыбай деген ағамыз бастаған еріктілер Шымкенттен Маңғыстауға 95 вагон шөп жіберді. Сол шөпті жіберген соң барлығымыз Оралға келдік.  Осында келгенде "Тұран бизнес групп 2021" - дің жігіттері және Серғазы Мақсұттың бастамасымен бір вагон жемді Алматыдан Бейнеуге жеткізуді ұйымдастырдық. Қазір Оралда Мұратбек Солтанбай, Нұрлыбай аға, Қарқын Сейсенұлы сияқты еріктілермен бірге шөп жинап жатырмыз. Бүгін 12 вагон дайын болуы керек. Осы 12 вагонды Оралдан Маңғыстауға жібереміз. Қаражат жағы азайып өз қалтамыздан шығарып жатырмыз, – деді Е. Төлеубай.

Еріктілер жергілікті әкімшілік тарапынан көмек болмай, үш күннен бері шөпті қолмен орып, жинауға мәжбүр болған. Еріктілер әкімдіктен тек трактор сұраған. Алайда әкімдіктің береміз деген тракторы 2 күннен бері келмеген.

– "Ел басына күн туса, ер етігімен су кешер" дейді. Осы кезде Міржақыптың бір ғасыр бұрын жазып кеткен "Қайда едің?" деген өлеңі еске түседі. Ертең ұрпақтарымыз бізге "қазақ қиналып жатқанда қайда едің?" демесін деп  келдік, – дейді Ерлан Төлеубай.

Ерікті Мұратбек Солтанбай да Құрмет Талапқазының әлеуметтік желілерде тараған видеосын көріп, асарға келіп қосылған.

– Әлеуметтік желіде Құрметтің видеосын көріп дереу жолға шықтым. 8 шілде күні Шымкент өңіріндегі Сарыағаш ауданында қамыс орып жүрген жерге бардым. Сол күннен бастап осы жұмысқа атсалысып кірісіп кеттік. Мінекей, бүгін Орал қаласындамыз. Осы уақытқа дейін Түркістаннан Маңғыстау облысына 77 вагон, Арал өңіріне 8 вагон шөп жібердік. Одан бөлек әр облыстан еріктілер хабарласып көмектесіп жатыр. Ол кісілердің тікелей бізге хабарласып жатқан себебі, мемлекет шөп жеткізу үшін бізге тегін вагон берген еді. Қазақстан темір жолы вице-президенті Бауыржан Орынбасаров пен орынбасары  Күмісбек Матжанов жұмыс жасап жатқан жерімізге келіп, Қазақстанның кез келген өңірінен тегін шөп таситын вагон берген. Содан бері шөпті жеткізуде ешқандай қиындық болмады, – дейді ол.

Ерікті әкімдердің арасында Түркістан облысының әкімі мен командасы жұмысты ұйымдастырып, еріктілерге көмектескенін атап өтті. Ал Орал қаласының  әкімдігінен көмек сұрағанында, олар үнсіз қалғанын, әлі күнге дейін жауап бермегенін жеткізді.

– Алла қаласа күн суытқанға дейін мұқтаж жандарға жем-шөп жеткізіп беруге әрекет жасаймыз. Біз жіберген шөпті халық тегін алып жатыр. Бастапқыда Сайлаубай Мейірбеков (қаражат жинаушы ерікті – ред) ағамыздың есепшотына халықтан 20 миллионнан астам қаражат түсті. Сол ақшаға 95 вагонның 50-ін сатып алдық. Қазір қаржы түсіп жатқан жоқ. Еріктілердің  көмегі арқылы жұмыс жасап жатырмыз, – деді ерікті М. Солтанбай.

Еркітілер

 

 

 

 

Мархабат Ілияс

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір