• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

18 Қазан, 23:02:33
Алматы
+8°

Құрмет Талапқазы/Фото: Facebook.com/@Гульбану Абенова

Маңғыстау облысында, Қызылорда облысы Арал ауданында жем-шөптің жоғынан мал қырылып жатқанда қиналған халыққа шөп жинап жөнелтіп көмек қолын созған түркістандық ерікті Құрмет Талапқазы Қамшы тілшісіне қазіргі жұмыстары қалай жүріп жатқаны туралы айтып берді.

Құрмет қазір елордада жүр. Ол жерге Нұр-Сұлтан маңайындағы ауылдардың Маңғыстауға көмегін жеткізу мақсатымен келген.

– Қазір Нұр-Сұлтандамын. Ертең Петропавл мен Павлодарға жолға шығамын. Осы уақытқа дейінгі батысқа жіберген шөптеріміз Маңғыстау облысының 7 ауданына жетті. Өзім ол жаққа барып, халыққа бір рет шөпті таратып бердім. Қалған шөптерді сол жердегі жауапты адамдар халыққа теңдей бөліп беріп жатыр, – деді түркістандық ерікті.

Құрмет шөп жинау туралы әлеуметтік желіге үндеу жолдағалы кәсіпкерлер мен әкім, түрлі лауазымды адамдар жиі хабарласқанын айтады.

 

– Бізге көмектесіп жатқан сол халық. Әлеуметтік желіге үндеу жариялағаннан кейін оңтүстік халқының көбі маған хабарласып шықты. "Қандай көмек керек?"", "Не істейміз?" дейді. Оларға әр ауылдан ең болмағанда 1 түптен болса да жағдайларына қарай шөп жинап беруін сұрадым. Қазір солардың бәрі өз ауылдарында шөп пен ақша жинап, бізге кезек-кезек жіберіп жатыр, – дейді ол.

 

Құрмет оңтүстік халқынан бөлек Қарағанды, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан облысынан да еріктілер шығып, жәрдем беріп жатқанын айта кетті. Сөзінше, шөпті өздері орып, жинап батысқа жөнелтіп жатқан аймақтар да бар.

– Батысқа жіберілген шөптің 40-50-ін сатып алдық. 1 вагон шөпке 1 миллион теңгеден артық ақша кетеді. Батыс жақта шөп жетпеген әлі өте көптеген жер бар. Қазіргі жинап жатқан шөбіміз барлыған бірдей жетпейді. Алдымызда күз бен қыс келе жатыр. Осы уақытқа дейін батысқа 170-тен астам вагон шөп жібердік. Қазір қасымдағы жігіттердің бірі Орал қаласына кетті. Ал мен солтүстікте жүрмін. Петропавл мен Павлодар қаласы маңында бізге 2000 гектар жерді оруға беріп отыр. Соны орып, жиып алуға трактор қажет. Бір жағынан шөп сатып аламыз. Ары-бері жүрісіміз бар. Осыларға ақша керек. Қазір есепшотымыздағы ақшамыз бітті. Өзіміз кішкене қарыздар болып қалдық, – дейді Құрмет Талапқазы.

 

Сондай-ақ ол мемлекет 1 ай бойы вагонмен шөп тасуды тегін етіп жасап бергені үлкен көмек болғанын, бірақ шөп маусымы қызып тұрғандықтан, шөп оратын техника мен жол мәселесі қайтадан күн тәртібіне шығатынын жасырмай, үкімет жол шығынын көтеріп берсе деген тілегін жеткізді.

 

Құрмет "халық тарапынан қаражат түсе беретін болса, жұмыс жалғасады" деп отыр.

Мархабат Ілияс

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір