Кембридж университетінің деректері Қазақстанның әлемдік крипто өндірістегі үлесі артып келе жатқанын көрсетті. 

Қытай билігі крипто өндірісіне тыйым сала бастаған кезде, Қазақстан әлемдік крипто өндірістегі ең ірі үш ойыншының біріне айналды. 

Кембридж университетінің зерттеулеріне сәйкес, сәуір айында әлем бойынша биткоин өндіруге жұмсалған қуаттың жартысынан аз бөлігі Қытайға тиесілі. Салыстырмалы түрде, 2019 жылдың қыркүйегінде крипто өндірісі бойынша Қытайдың үлесі 75,5%-ды құраған болатын.

Ал, Қазақстан биткоинді өндірудің әлемдік үлесінде шамамен алты есе өсіп, 1,4%-дан 8,2% э-ға дейін көтерілді.

Қытайда соңғы кездері крипто өндірісіне қарсы саясат жеделдей түсті. Қысымға ұшыраған олар АҚШ, Канада және Қазақстан сияқты елдерге кетуге мәжбір.

Кембридж университетінің деректеріне сүйенген талдауларға сәйкес, крипто өндірісі бойынша Қазақстан Қытайдың орнын баспақшы.

Қазақстанның криптовалюта хабына айналуына жақсы жағдай және мүмкіндік бар

Қазақстан жалпы ішкі өнімнің 60%-ын мұнай мен газдан алады. Сонымен қатар, табиғи тау-кен өндірісі де негізгі табыс көзі есептеледі, өйткені Қазақстанда уранның, бағалы металдардың, кендердің, қорытпалардың, ферроқорытпалардың және пайдалы қазбалардың кең шоғырлары бар.

Қазақстан үкіметі крипто-валютаға жақсы көзқарас ұстанды. Бірақ бұл мәселеде заңнамалық тұрғыдан әлі де айқындық аз.

2018 жылдың наурызында Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев криптовалютаға "өте консервативті көзқараспен" қарайтынын айтқан. Ақышев криптовалютаға тыйым салуды көздеді.

"Қазақстанда ұлттық банк бұл мәселеге өте консервативті қарайды. Сондықтан біз сандық валюталарды ұлттық валютаға айырбастауға тыйым салғымыз келеді. Біз қор биржасының осы саладағы қызметіне, сондай-ақ крипто өндірісінің барлық түріне тыйым салғымыз келеді" деген Данияр Ақышев.

Алайда екі айдан кейін ғана сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев криптографиялық реттеу бойынша халықаралық ынтымақтастық қажет екенін айтты. Бұл бейтарап хабарлама бақылаушыларға "үкіметтің позициясы крипто-валютаға әлі де қарсы келе ме?" деген сұрақ тудырды.

Бірақ 2019 жылдың сәуірінде ғана Қазақстанның ұстанымы айқындала түсті, өйткені жаңа заңнамада крипто-кен өндірісіне салық салынбайтыны анықталды. Кейінірек Қазақстан сенаты крипто-кен өндірісін заңдастыратын заң жобасын қолдады.

Сонымен қатар, Қазақстан электр энергиясы әлем бойынша ең арзан елдердің бірі. Орта есеппен кәсіпкерлер бір киловатт-сағатына 0,052 доллар төлейді. АҚШ кәсіпкерлері бір киловатт-сағатына 0,108 доллар, ал қытайлық кәсіпкерлер бір киловатт-сағатына 0,103 доллар төлейді.

Бұл Қытай үшін триллион долларлық қателік болғаны дәлелденіп жатыр

Bloomberg-ке сұхбат берген MicroStrategy бас директоры Майкл Сейлор Қытайдың крипто-секторға қарсы ұстанымын сынға алды. Ол Қытайдан капитал мен крипто өндірісінің кетуі криптовалютаға қатты әсер еткенін айтады.

Сэйлор Қытайда бұрын Биткоиннің 50% үлесі бар болғанын және одан жылына 10 миллиард доллар пайда табуға болатынын айтты. Сейлор "Бұған жылына 100% өсу қарқынын қосыңыз, бұл олардың (Қытайдың) триллион долларлық қателігін дәлелдейді" деп санайды.

"Үкімет бұған (криптовалютаға) қысым жасады және олар бүкіл индустрияны Қытайдан шығарды. Менің ойымша, Биткоиннің өсу қарқынын ескере отырып, бұл Қытай үшін триллион долларлық қателік болады" дейді ол.

Кейбіреулер "Қытайдың битоин және басқа криптовалюталарды елден қууы Бейжіңнің сандық юанды шығару жоспарына байланысты" деген пікірде.

Қазақстанның тағы не істегені тиімді?

Осындай мүмкіндік кезінде Қазақстан крипто әлем үшін ең негізгі ойыншының біріне айналмақ.

Дегенмен, дамушы елдердегі биткоин өндірісінің қазба отынға тәуелді болуы да пікірталас тудыруда. Ғаламдық климат өзгерісі тақырыбы казба отындар арқылы битоин өндіруге қысым жасап жатыр.

Мамыр айында Tesla компаниясының бас директоры Илон Маск егер биткоин өндірісі таза энергияға ауыспаса, Tesla көліктерін сату үшін биткоин қабылдауды тоқтататынын айтты. Содан кейін Маск өзінің твиттерінде крипто өндірісі таза энергияны пайдалануын растағаннан кейін биткоин арқылы операцияларды қайта бастайтынын хабарлады.

Қазақстанда электр энергиясының 70 пайызы көмірден, ал 20 пайызы табиғи газдан алынады. Таза энергия көздері энергиямен жабдықтаудың тек 1,4 пайызын құрайды. Ал, Қазақстан билігі 2050 жылға дейін елдің 50% энергия өндірісі таза энергияға ауысатынын айтады.

Дереккөздер: Кембридж университетінің деректері, CNBC.com, Newscientist.com және Bitcoinist.com

Ілмек сөздер: Қазақстан крипто

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір