• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

10 Қараша, 10:41:10
Алматы
+12°

Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының депутаты Қазыбек Иса Қазақстанда оқуға ниетті шетелдегі қандастардың мәселесін көтеріп, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке депутаттық сауал жолдады.

"Шекараның арғы бетіндегі мыңдаған балаларымыз оқуын жалғастыруға Атамекенге қол созып тұр. Ал қол ұшын беруі тиіс біздің Білім министрлігі не істеуде? Пандемия кезінде, шекаралар шегендеулі кезде Қазақстанға келіп ұлттық бірыңғай тест тапсыруларың керек деп тепсініп тұр" деп басталатын сауалда депутат министрлік әрекетін сынайды.

– Әлемнің көп елдерінде шекараның жабық екендігін ескерсек, пандемияның келесі толқындарының күштілігін байқасақ, шекараның маусым айына дейін ашылмайтындығы белгілі. Яғни біз Атамекенде білім алам деген ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫ оқуға қабылдай алмай қалуымыз мүмкін. Шетелдегі қандастарды Қазақстанға шақырудың бірегей жолы ол – атамекенде тегін білім алуға мүмкіндік жасау. Сол себепті, соңғы өткен құрылтайда Елбасы шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына жағдай жасауда қандастарға бөлінетін квотаны 2 есе көбейту (2%-дан 4%-ға дейін) туралы тапсырма берген болатын. Алайда бұл гранттар ешқашан толық игерілген емес. Басты себептің бірі – қандас талапкерлердің Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыра алмауы, – дейді депутат.

Оның айтуынша, қандастардың жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде 9 ай дайындалуы, 11 жылдық қазақстандық мектеп бағдарламасын игеруге жеткіліксіз.

– 2020 жылы 2022 қандасымыз Қазақстанға оқуға талаптанып нәтижесінде 930 қандасымыз ғана оқуға мүмкіндік алды. Жоғарыда айтылған проблемалар қандастардың оқуға түсу мүмкіндігін шектеп тұр. Не үшін Атамекенде оқуға ниет білдірген барлық қандастарды қабылдап алмасқа?!. Дәл осы сәтте көршілес Ресей барлық ТМД елдеріне бөлінетін грантының санын 2024 жылға дейін 30 мыңға көтеруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Қазақстанға бөлінетін грант саны 1 орында тұр. Ал біз оқуға келемін деп отырған өз бауырларымызға өзіміз кедергі болып отырмыз. Осындай саясатың бір дәлелі қандастарға деген көшіп келу квотасының 100 мыңнан 100 есеге дейін – 1,5 мыңға дейін азаюы, – деп атап өтті ол.

Қазыбек Иса Моңғолия, Өзбекістан, Қытай, Түркменістан секілді елдердегі қандас жастар пандемия тосқауылында қалай Қазақстанға келіп ҰБТ тапсырады? деп сауал қойып, төмендегідей нақты төрт мәселені көтереді:

1. ҰБТ талаптарын қандастарға жеңілдету (ақпарат үшін: Болон процесі арқылы шетел азамматтары Қазақстанға оқуға түскенде жеңіл форматта екі емтихан тапсырады: мотивациялық хат және сұхбатасу);

2. Қандастар тұрып жатқан мемлекеттерге барып қабылдау;

3. Елшіліктердің ғимаратарында ұйымдастыру;

4. Қандастарға ҰБТ-ны 2020 жылғы тәжірибені іске асырып, онлайн қабылдау.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір