• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 14:20:48
Алматы
+35°

Алматы облысы Кеген ауданы Шырғанақ ауылының тұрғындары жаңа тағайындалған әкімді "қабылдамаймыз" деп наразылық білдіруде. Айтуларынша, 5 сәуір күнгі ауыл әкімінің сайлауы әділ өтпеген, сайлау нәтижесі заңсыз. Сонымен қатар "Жергілікті өзін-өзі басқару туралы" заңның 36-бабы бұзылды деп ашынады. Қамшы тілшісі мәселенің мән-жайын біліп қайтты.

Роза Батырханова, Шырғанақ ауылы аналар кеңесінің төрайымы:

"Елбасының 2017 жылғы әкім сайлауы жөніндегі 91-жарлықтың, 36-бабы бойынша ауыл әкімдерін ауданы әкімі ұсынады. Ұсынған кандидаттар қоғамдық кеңестің келісімімен бекітіледі. Хаттама толтырылады. Бізде ондай болған жоқ. Әкім ұсынылды. Депутаттар жасырын түрде сайлап жіберді. Біз өз құқығымызды пайдалана алмай қалдық."

Шырғанақ ауылына осыдан 4 жыл бұрын сайланған Оразбай Бекбатыров нағыз білікті басшы, үздік ұйымдастырушы, халықтың шынайы жанашыры бола білді дейді, жергілікті тұрғындар. Ол әкім болған кезінде ел игілігі үшін нәтижелі жұмыстар атқарған.

Нұржібек Садырова, зейнеткер:

"Біздің ауылда көп өзгеріс болды. Мына ардагерлер аллеясы, футбол алаңы, иесіз қалған үйді ремонттап балаларға арналған спорт комплекс салынды. Біз бірігіп жасады. Үкіметтен бір тиын алмадық. Қоғамдық ұйыммен, әкіммен бірге салдық."

Сайлау нәтижесі бойынша 2600 тұрғыны бар Шырғанақ ауылын басқаруға, 2 жыл Қарқара ауылдық округі әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшесінің басшысы болып істеген Ернат Сарыбаев келген. Ол аудандық мәслихат депутаттарынеың басым дауысына ие болған. Десе де Шырғанақтықтар жас әкімді қабылдамаймыз, әкімдікке қайта Оразбай Бекбатыров немесе өзіміздің ауылдың азаматы басқарсын деп талап етеді.

Тұрсынәлі Әбдіманап, Шырғанақ ауылы, қоғамдық ұйымдар қауымдастығының төрағасы

"БІз ол кісіні қабылдамаймыз. Мүмкін ол іскер де шығар. Бізге қайта сайлау өткізіп, өзіміздің әкімді қойсын немесе осы ауылдың азаматын қойсын."

Мемлекеттік қызметте 8 жылдық өтілімім бар деген Ернат Сарыбаев. Сайлаудың әділ өткенін, өзінің осы қызметке әбден лайық екенін айтады.

Ернат Сарыбаев, Шырғанақ ауылдық округінің жаңа әкімі

"Әрине, неге, мен де сонша жыл мемлекеттік қызметте еңбек еттім. Жаста болса, бас болайын деп бұл ауылды көркейтуге өз үлесімді неге қоспасқа, халық қолдап тұрса, неге бірігіп жұмыс істемеске."

Ал Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов сайлау кезінде еңбек демалысында болғанын, бірақ орынбасары арқылы ауыл әкімі сайлауын бақылап отырғанын айтты. Ол "сайлау әділ өтті, ешқандай құқықбұзушылық болған жоқ" дейді. Сондай-ақ Аналар кеңесінің төрайымы Роза Батырханованың сөзін терістеп, 10 наурызда кандидаттарды келісу туралы жиынға қоғамдық кеңестің мүшелері қатыстырылғанын мәлімдеді. Аудан әкімі жиын кезінде "кандидаттарға ешқандай қарсылық болмады, енді келіп, шу шығарғандары түсініксіз" деп отыр.

Талғат Ескендірұлы Баеділов, Кеген ауданының әкімі

Сұрақты көтеріп отырғандардың өздері, қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты. Олар сұрақ қойды. Мен кешігіп келгенінде білемін. Қатысып отырып қатыспадық, 36 бап бұзылды дегенмен келіспеймін.

Шырғанақтықтар дауыс берген 12 депутаттың 10-ы аудан басшылығына бағынышты мекеме жетекшілері екенін ескерсек, сайлаудың әділ өтпегеніне таң қалуға болмайды дейді. Енді олар саяси науқанға жауапты болған аудан әкімі, мәслихат хатшысы және аудандық сайлау комиссиясының төрағасын сотқа беруге бел буып отыр.

Айзада Бидан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір