16 Ақпан, 2021 Экономика
Көрнекі сурет
Қазақстанда азаматтардың табысы артып, медиандық (еңбекке қабілетті тұрғындардың жартысы аратын жалақы) және орташа жалақы жыл сайын өскенімен, екі жылдан бері ең төменгі жалақы 42500 теңге мөлшерінде қалып отыр. Экономистер орташа, медиандық жалақы мен ең төменгі жалақы арасындағы айырмашылық алшақтаған сайын әлеуметтік теңсіздік ұлғая беретінін айтады.
2020 жылдың қорытындысына сай, жұмыс істейтін азаматтардың жартысынан астамы айына 142,3 мың теңге табады. Елдегі медиандық жалақы мөлшері осынша. Еуропадағы экономикалық стандартқа сай, елдегі төменгі жалақы медиандық жалақының 50 пайызына тең болуға тиіс. Ал Қазақстанда ол 30 пайызға жетпейді. Былтыр Picodi.com порталы елдегі ең төменгі жалақы мөлшері әлемдегі ең төменгілердің бірі екенін хабарлаған. Мұны отандық сарапшылар да ұдайы көтеріп келеді.
Қаржыгер Жасұлан Кушебаев ең төменгі жалақыны есептеудің методикасын өзгерту керектігіне назар аударды
– Ең төменгі жалақы орташа жалақы мөлшері мен инфляция деңгейімен пропорционалдық түрде өсіп отыруы керек. Олай болмаған жағдайда әлеуметтік теңсіздік пайда болады. Бұл әлеуметтік шиеленістерге әкеліп соғуы мүмкін. Ал оның салдары ел үшін ауыр болуы ықтимал. Сондықтан ең төменгі жалақыны есептеудің методикасын өзгерту керек. Біз жиі үлгі алатын Ресейдің өзінде 2021 жылдан бастап ең төменгі жалақы медиандық жалақының 43 пайызын құрайтын болады. Қазақстан үкімет 2023 жылы ең төменгі жалақы орташа жалақының 30 пайызын құрайтынына уәде беріп отыр. Қалай боларын уақыт көрсетер, – дейді қаржыгер.
Экономист Мақсат Халық орташа жалақының жыл сайын өсіп келе жатқаны туралы пропагандамен айналысу азаматтардың билікке деген сенімін түсіреді деп санайды.
– Шенділер халыққа "орташа жалақы 200 мың теңгеден асты" дегенді жиі айтады. Шынайы жағдай олай емес қой. Мұндайды естігенде 60 мың, 70 мың, 80 мың теңге алып отырған азаматтар іштей күледі. Керісінше, "азаматтардың көбі 150 мың теңгеге жуық жалақы алады" десе халықта шендіге деген сенім, сыйластық пайда болады. Бұл оның халыққа жақындығын көрсетеді. Ондайларды халық та түсінеді. Сондықтан азаматтармен диалог орнатуда шынайы жағдайды бүкпесіз баяндаған жөн, – деп атап өтті ол.
Жасұлан Кушебаев елдегі кедейлік шегін анықтау методикасы да өркениетті елдердегі стандарттармен сай келмейтінін айтады.
– Әлемдік банк стандарты бойынша азамат күніне 5,5 доллардан аз ақша жарататын болса, онда кедей болып саналады. Теңгемен бұл күніне 2300 теңге, айына 70 мың теңге. Бұл есепке сай, жалақысы 70 мың теңгеден аз қазақстандықтар кедейшілікте өмір сүріп жатқан болып саналады. Яғни, елде 2 миллионнан астам адам кедей деген сөз. Ал бізде күніне 1,9 доллардан аз жұмсайтындар ғана кедекшілік шегіне жатқызылады. Мұндай методикамен әрине Қазақстанда кедейлер саны аз болып шығады. Біз өзіміз мақсат етіп отырған озық отыздыққа кіргіміз келсе, бұл методиканы өзгеруіміз керек, – дейді сарапшы.
Мақсат Халық Дүниежүзілік банк есебінше, кедейшілік шегі Қазақстанда 8-12 пайыз аралығында екенін мәлімдеді.
– Еуропада азаматтар азық-түлікке жалақының 10 пайызын жұмсаса, қазақстандықтар 56 пайызын жаратады. Бұл біздің азаматтардың азық-түлікті көп тұтынатынын білдірмейді, керісінше жалақы төмендігінің көрінісі. Сондықтан жалақыны арттырмай, елдің әлеуметтік жағдайы жақсармайды, – деген пікірде экономист.
Жасұлан Кушебаев балалардың кедей отбасыларда өскені ел болашағы үшін теріс әсер етеді деп санайды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір