15 Ақпан, 2021 NEWS
Фото: Аятжан Ахметжанұлының facebook парақшасынан
– №90 мектеп-гимназиясы қыркүйек айының басында ашылған. Ербол Іргебай мектепті 5 айға жуық басқарып, өкінішке қарай, өмірден озды. Ол өзі абайтанушы, алаштанушы еді. Мақсаты – ұлттық бағытта жұмыс істеу болатын. Сол ісін соңына дейін жеткіземіз деп ойлаймын. Мектепте ұйымдастырылған көптеген шаралары аяқсыз қалмайды, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Оның айтуынша, мектеп-гимназияда Ербол Іргебай атындағы кабинет ашылады деп жоспарланып отыр.
– Мектеп бастапқыда "ұлттық гимназия" деп ашылған. "Ұлттық гимназия" деген атаудың өзі үлкен міндет. Қазір білім ордасының бағыт-бағдарымен танысу жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Енді мектептің абыройын жетілдіру үшін жүйелі жоспар құрамыз, – дейді ұстаз.
Ахметжанұлы ұлттық мектептің мақсаты – Алаштың заманауи мектебін қалыптастыру екенін атап өтті.
– Ұлттық мектептің мақсаты – Алаш арыстары негізін салып кеткен ұлттық педагогиканы қалыптастыру. Кешегі Ахметтің, Мағжанның идеяларын бүгінгі ұрпақтың санасына, тәрбиесіне, біліміне пайдалану. Сол бағытта Алаштың бүгінгі заманауи мектебін қалыптастыру.
Ұлттық мектептің жалпы бағдарламасы – біреу, мемлекеттік стандарт – біреу. Бірақ ұлттық мектепте әр дүниеге ұлттық реңк беруге болады. Қосымша ұлттық ойындар, ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген сабақтар өткізу, мектептегі әрбір іс-шараға ұлттық көзқараспен қарау мәселесі қарастырылады.
Әлемде фин мектебі, жапон мектебі, ағылшын мектебі деген ұғымдар бар. Ал неге қазақ оқу-ағартуынан осындай ұлттық мектеп жасауға болмайды?! Әрине, болады. Ол бір ерекше пәнді кіргізумен емес, мектептегі әр мәселеге ұлттық көзқараспен қараумен шешіледі.
Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектепті 5 айдан аса басқардым. Оған Мұстафа Шоқайдың атын беру үшін жұмыс істедім. Енді жаңа барған директор сол істі аяғына дейін апарады деп сенемін, – дейді ол.
Ол жаңа мектепте де өз бағытынан, ұстанымынан айнымай, ұлттық білім беру негізінде жұмыс істейтінін жеткізді.
– Мақсатым – қазақы исі аңқыған таза ұлттық бағыттағы мектеп қалыптастыру. Сол бағыттан ешқашан айнымаймын. Білімі, тәрбиесі қазақы, әрі заманауи мектеп жасап шығарамыз, – деп сөзін аяқтады ұстаз.
Аятжан Ахметжан 1986 жылы 18 шілдеде Қытай халық республикасы, Шыңжай-ұйғыр автономиялық ауданы, Мұңғұлкүре ауданында дүниеге келген.
2006 жылы Қазақстанға оралды.
2007-2011 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жаратылыстану ғылымдары факультетінде химия мамандығы бойынша оқыды.
2013-2015 жылдары химия ғылымдарының магистрі дәрежесін алды.
Химия ғылымдары бойынша PhD докторант.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір