18 Қараша, 2020 Мәдениет
Фото: ашық дереккөз
Қобызшы, сазгер Сматай Үмбетбаев қайтыс болды. Бұл туралы әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай facebook парақшасында жазып, марқұмның жақындарына көңіл айтты.
– Қобыз соңғы қонған көшелі өнерпаз Сматай еді. Бірақ Сматайдың қадірін қазақ білген жоқ. Тәңірдің тілі түгілі өз тілін ұмытып бара жатқан байғұс қазақ қайдан білсін!.. Сматай өмірден жылап кетті... Өз заманында тумаған бақсыз талант, бапсыз дарын ер Сматай-ай, өнеріңнің құнын кімнен даулаймын, есеңді кімнен аламын! Елеусіз өткен есіл ерім-ай!
Бақұл бол, Сматай сері! Қош бол, Қобыз дәуірінің ақырғы перзенті, Қорқыттың соңғы тұяғы!
Надан молданың улы уағызымен уланған алаш баласы Сматай өлді деп жоқтай қоймас, тым құрымаса сен жыла Тама жұрты, қара қобыздың әуелгі иесі сендер едіңдер ғой...., – деп жазды Ерлан Төлеутай.
Сматай Үмбетбаев 1947 жылы Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылында туған. Қобызшы, сазгер, ел ішінен шыққан ерекше дарын. Қобыз тартуды өз бетімен үйренген. 1968 жылы Жаңаарқа ауданындағы шопандар тойында, 1972 жылы Жамбылдың 125-жылдық тойында көзге түсіп, Алматы мемлекеттік консерваториясына қабылданды. Қобызшы Дәулет Мықтыбаевтан 4 жылдай дәріс алады. Қазақконцертте, Жамбыл атындағы филармонияда (1979 жылдан) қобызшы болып істейді. Португалия, Жапония т.б. елдерде өнер көрсетеді. Сонымен қатар, С.Үмбетбаев қобыз, домбыра жасайтын шебер. "Жайнаған өлке", "Бір қалқа" т.б. күйлердің авторы.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір