• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:35:43
Алматы
+35°

Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабах қақтығысы әлі де жалғасып жатыр. Екі ел арасындағы бітімгершілік туралы шарттың бұзылуына не себеп болды? Жанжал қандай жағдайда толық шешілуі мүмкін? Қамшы тілшісі осы және өзге де мәселелер төңірегінде Арменияның Қазақстандағы елшісі Галачян Гагик Кимовичпен сұхбаттасты.  

Әзербайжан өз міндеттемелерін бұзып отырды

– Армения мен Әзербайжан арасындағы бітімгершілік туралы шарттың бұзылуына не себеп болды деп ойлайсыз?

– Армения мен Әзербайжан Сыртқы істер министрліктері арасында Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Минск тобындағы Ресей, АҚШ және Францияның дәнекерлігімен 10, 17 және 25 қазанда келісімдер жасалған. Сондай-ақ 10 қазанда Халықаралық Қызыл крест комитетінің дәнекерлігімен және критерилеріне сәйкес әскери тұтқындар мен тұтқындалған өзге азаматтарды, өлгендердің денелерін алмастыру үшін гуманитарлық мақсатта атысты тоқтату қарастырылған бірлескен мәлімдеме қабылданды. Тараптар келіссөздер үдерісі форматының өзгермейтіндігін де растаған. Армения Республикасы осы келісімдерді ұстанатынын бірнеше рет мәлімдеді. Алайда, осы жағдайлардың барлығында Әзербайжан өз міндеттемелерін бұзып отырды және жарияланған бітімгершілік шаралардың ешқайсысы бір сағатқа да созылмады.

Оның себебі Әзербайжанның басқыншылық ұмтылыстарында. Президент Әлиевтің өзі бірнеше рет "Таулы Қарабақ мәселесін күшпен шешемін" деген ойларын айтқан болатын. Ал 10 қазанда гуманитарлық бітім туралы келісім жасалғаннан кейін "РБК" телеарнасына берген сұхбатында Әзербайжан әскері "кез келген жағдайда соңына дейін барады" деп мәлімдеді.

Сіздің оқырмандарыңызға түсініктірек болу үшін 27 қыркүйекте Әзербайжан Түркияның тікелей қатысуымен және шетелдік террорист жауынгерлердің қатысуымен бастаған Таулы Қарабах Республикасына қарсы кең ауқымды әскери агрессиясы территорияны басып алу және Арцахты армян тұрғындардан тазарту мақсатында жоспарланғанын атап өткен жөн.

Арцахтағылар ата-бабалары бірнеше мыңжылдықтар бойы өмір сүрген үйі үшін күресуде.

Армения елшіліг ұсынған

Әзербайжандық әріптестер әрдайым сандарды асыра сілтеуге бейім

– Әзербайжан Армения шабуылдарының салдарынан шамамен 100 миллиард доллар шығынға ұшырап отырғанын мәлімдеді. Сіздердегі шығын көлемі қанша?

– Әзербайжандық әріптестер әрдайым сандарды асыра сілтеуге бейім. Әрине, бізде Әзірбайжанның материалдық шығындары туралы деректер жоқ, бірақ, ресми мәліметтер бойынша, Әзербайжанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) шамамен 46 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Сонымен бірге, біздің мәліметіміз бойынша, 5 қарашадағы жағдайға сәйкес ұрыс қимылдары кезінде Әзербайжан, жалпы айтқанда, 16 тікұшақ, 25 ұшақ, 257 ұшқышсыз ұшатын аппаратты, 723 броньды техниканы (бұл санға соғыс жағдайында Әзербайжан жағынан тәркіленген әскери техникалар кірмейді) оның ішінде танктер, БТР-лар мен жаяу әскердің жауынгерлік машиналары, сондай-ақ 6 TOS-1A жүйесі және басқа да бірнеше рет ұшыруға болатын зымырандарды жоғалтты.

Егер Әзербайжан өздерін үлкен шығынға ұшырап жатырмыз деп санаса, онда ол өзін кінәлауы керек. Өйткені, соғысты біз бастаған жоқпыз.

Армения елшілігі ұсынған

Әзербайжан тұтқындарды қасақана атып, бастарын шауып жатыр

– Сіздердің тараптың материалдық және адами шығындарының толық ақпаратын бере аласыз ба?

– Арцах қорғаныс армиясының жауынгерлерін жоғалтқанын көпшіліктен жасыратын Әзербайжаннан айырмашылығы құрбан болғандар туралы мәліметтерді мезгіл-мезгіл жариялап отырады. Соңғы мәліметтер бойынша, қаза тапқан күштердің саны 1240 адам. Біздің бағалауымыз бойынша, Әзербайжанның адам шығыны 7290-ды құрайды.

Соғыстың алғашқы күні – 27 қыркүйектен бастап-ақ Әзербайжан Степанакерт қаласы мен Арцах Республикасындағы 170-тен астам елді мекенге қарсы жан-жақты тұрғыда артиллерия мен зымыран соққыларын жасап келеді, көптеген азаматтық инфрақұрылымдар мен жекеменшік ғимараттарды бүлдірді, жойды. Атап айтқанда, 13800-ден астам жеке жылжымайтын мүлік нысаны, 2100-ден астам көлік құралы, 3100-ден астам өндірістік нысан, 61 мектеп пен 10 балабақша қатты зардап шекті.

Әзербайжан азаматтық және әскери нысандарды бөлмейді, сәйкестік қағидасын құрметтемейді, сол арқылы халықаралық гуманитарлық құқықтың, адам құқықтарының халықаралық құқығы мен әдеттегі халықаралық құқықтың нормалары мен принциптерін өрескел бұзады.

5 қарашадағы жағдай бойынша, жалпы айтқанда, әйелдер мен балаларды қосқанда барлығы 53 бейбіт тұрғын қаза тапты. Жалпы айтқанда, 148 бейбіт тұрғын жараланды.

29 қыркүйекте Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот (АҚЕС) Әзербайжанды Конвенцияның құқықтарын бұзуға, соның ішінде адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген шаралардан, атап айтқанда әскери әрекеттерден аулақ болуға шақырды. 6 қазанда АҚЕС Түркияға қатысты осындай шешім қабылдады.

Бұған қарамастан Әзербайжан гуманитарлық ұйымдарды, мекемелер мен нысандарды атуды жалғастыруда. Әзербайжан елді-мекендерден басқа, Степанакерт қаласындағы Мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі ғимаратына, Шуши қаласындағы  Мәдениет үйіне, Шуши қаласындағы Құтқарушы Әулие Христос шіркеуіне (екі рет), Мартакерт қаласындағы ауруханаға, перзентханаға (екі рет), Степанакерт қаласындағы Республикалық медициналық орталыққа, Шуши қаласындағы Говхар-ага парсы мешітіне, Степанакерт қаласындағы зиратқа, Мартакерт қаласындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткішке, Варденис қаласындағы психикалық-жүйке ауруларының интернат-үйі және т.б. жерлерге 40 күн бойы қасақана артиллерия мен зымыран соққыларын жасағаны туралы видео, фото және заттай дәлелдер бар.

"Human Rights Watch" халықаралық ұйымы өздерінің зерттеуінде "Әзербайжан Таулы Қарабахтың тұрғын аудандарында халықаралық заңмен тыйым салынған кассеталық бомбаларды бірнеше рет қолданды" деп хабарлады.

Әзербайжан әскерлері мен жалдамалы террористтер қатыгез және адамгершілікке жатпайтын іс көрсете отырып, тұтқындарды қасақана атып, олардың бастарын шауып жатыр. 

Бұл әрекеттер – Халықаралық қылмыстық сот Статутына сәйкес әскери қылмыс және Гаага (1899, 1907), Женева конвенцияларын (1949) және басқа да халықаралық құқық нормаларын өрескел бұзу.

Әзербайжанның Арцахта құрамында ақ фосфор элементтері бар жаппай қырып-жою қаруын қолданатыны туралы объективті дәлелдер бар. Қазіргі уақытта олар 1815 гектар орманды өртеп жіберді.

– Әзербайжан елшісі "Армяндар бейбіт, ұйықтап жатқан қалаға шабуыл жасап жатыр" деп мәлімдеген. Бұл пікірге Армения тарапы не деп жауап береді?

– Осы сөздерді, осы елдің өкілінен естігеніміз қызық екен. Осы елдің ұлы НАТО-ның "Бейбітшілік үшін серіктестігі" бағдарламасы аясында 2004 жылы түнде ұйықтап жатқан армян әскери қызметкері Гурген Маргарянды балтамен өлтірген (16 соққы жасаған) болатын. Сол үшін Венгрия соты оны өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.

Адам өлтірген Рамиль Сафаров сотта "Менің міндетім – барлық армяндарды өлтіру" десе, Әзербайжан Омбудсмені Рамиль Сафаров " бұл – Әзірбайжан жастары үшін патриотизмнің үлгісі болуы керек" деп мәлімдеген. Туған жеріне экстрадицияланғаннан кейін Сафаровқа осы президент Әлиевтің жарлығына сәйкес тез арада кешірім жарияланды. Қызметте жоғарылады, түрмеде өткен жылдары үшін айлық та алды. 

2016 жылғы сәуірдегі соғыстан бастап Әзербайжан өз елінің тұрғындарын тірі қалқан ретінде пайдаланып, халық көп шоғырланған аудандарға немесе оған жақын маңайларға әскери нысандарды орналастыра бастағанын көрсететін фото және видео материалдар бар.

Арцах қорғаныс армиясы бейбіт Арцах қалаларының және Әзербайжанның Арменияға қарсы агрессиясын атқылауға қатысатын Әзербайжан аумағында орналасқан заңды нысандардың тізімін жариялады. Егер осы нысандарға анда-санда ғана оқ атылатын болса, армяндардың елді мекендерін атқылау жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Армения елшілігі ұсынған

Бейбіт жолмен шешілуі мүмкін деген ұстанымға берікпіз

– Ресейлік БАҚ беттерінде Армения Әзербайжанның 20% жерін басып алғанын түсінсе де, мойындағысы келмейтіні туралы жазылды. Бұған не дейсіз?

– Сіз айтып отырған территориялар 1991-1994 жылдардағы Әзербайжан бастаған соғыс нәтижесінде қалыптасқан қауіпсіздік аймағы. Бұл аймақ  армяндар өздерінің өмір сүру құқығын қорғайтын, Арцах халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне айналған аймақ екенін уақыт көрсетті.

– Армениядағы Аrmenian Report басылымында "Қазақстанның екіжүзділігі: бір одақ, бірақ әзербайжандар қымбаттырақ" деген атаумен Қазақстанның Таулы Карабах дауына қатысты әрекеттерін айыптаған мақала жарияланды. Аталған мақаладағы ойларға Армения билігінің позициясы қандай?

Біз қақтығыс аймағында әскери қимылдардың қайта басталуына байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі түрінде ұсынылған Қазақстан Республикасының теңдестірілген және теңгерімді ұстанымын жоғары бағалаймыз.

Armenianreport[.]com – Әзербайжанда жасалған фейк сайт екенін еске салу үшін біздің Елшілік көрсетілген мақалаға байланысты мәлімдеме жасады. Фейк-сайттың бүкіл "меншікті" ақпараты тап-таза дезинформация.

30 қазанда Әзербайжан Қазақстан аумағында армяндарға қарсы көңіл-күй қалыптастыру үшін фейк-сайтты қолдану арқылы кезекті рет арзан пропагандаға жүгінді.

Осы мақсатпен "армян" фейк-сайтында олар "Тевос Аршакян" деген есімді "талдаушының" атынан қазақстандықтар мен Қазақстанның абырой-беделіне нұқсан келетін "мақала" жариялады..

Біз "Qamshy.kz" ақпарат агенттігіне Елшіліктің редакцияға өтініші бойынша жалған "мақала" туралы ақпаратты өшіріп, оның орнына Армения Елшілігінің теріске шығарған мәлімдемесін қойғаны үшін алғыс білдіреміз.

Армения елшілігі ұсынған

– Таулы Қарабах мәселесі қандай жағдайда толық шешіледі деп ойлайсыз?

– Ең біріншіден, біз Таулы Қарабақ қақтығысы әскери жолмен шешімі жоқ, тек бейбіт жолмен шешілуі мүмкін деген ұстанымға берік екенімізді атап өту қажет деп санаймын. Әзербайжан мұны түсініп, бейбіт келіссөздер үстеліне отыруы керек. Мұны аймақтағы деструктивтік рөл атқаратын және ЕҚЫҰ Минск тобының мүшесі бола тұра біздің аймақта бейбітшілік орнатуға көмектесудің орнына агрессорға ашық қолдау көрсетіп, қақтығыс аймағына жалдамалы әскерлер мен қару-жарақтар жеткізіп отырған Түркия да түсінуі керек.

Біз Таулы Қарабақ мәселесі ұзақмерзімге шешілуі керек, Арцах халқы өз жерінде қауіпсіз өмір сүріп, өз тағдырын өзі шешу құқығына өзгелер құрметпен қарауы керек деген ұстанымдамыз.

Гүлім Жарасқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір