19 Маусым, 2020 NEWS
Ашық дереккөз
Алматыда 20-21 маусымда Алмалы ауданында 60-тан аса сауда және ойын-сауық орны, 50 спорт орталығы мен 20 сквер жабылады, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталған нысандар елде эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында енгізілген шектеу шараларымен байланысты жабылады. Аудан әкімі Бекқали Торғаевтың айтуынша, екі күн ішінде уақытша жұмысын тоқтатқан объектілерде ауқымды санитарлық іс-шаралар өткізіледі. Ал қоғамдық орындарда тұрғындардың жиылмауын тәртіп сақшылары қадағалайтын болады.
– Алмалы ауданында шектеу шараларына байланысты бірқатар нысандар уақытша жабылады. Ол Панфилов бойымен орналасқан жүргіншілер көшесі, сондай-ақ, Жібек Жолы көшесіндегі Арбат демалыс орнына да аудан тұрғындарының келуіне рұқсат етілмейді, – деді Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев.
Сондай-ақ, ауқымды дезинфекция жұмыстары шектеу шаралары қойылған барлық ауданда жасалмақ. Тек Жетісу ауданының өзінде санитарлық өңдеу 20 базар, 10 супермаркет және 15 фитнес-орталықта жүргізіледі. Ал, Наурызбай ауданында демалыс күндері ірі 2 саябақ пен 3 базар, сауда үйлері мен Іле Алатау ұлттық паркінің маңайы қала тұрғындары үшін жабылады. Бұл туралы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Дәндібаев онлайн-брифингте хабарлады.
– Наурызбай ауданында «Барлық», «Тау самалы» және «Ақ бұлақ» базарларының жұмысы тоқтатылады. Сауда үйлері және «Сабыржан», «Беккер» секілді үлкен супермаркеттер жабылады. Сондай-ақ, 6 фитнес орталықтардың жұмысына да шектеу қойылады, – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Дәндібаев.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір