• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:56:08
Алматы
+35°

Сіз, "Анам шынайы бақытты ма?" – деген сұрақ төңірегінде бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Менің ойымша, көп адам ол туралы ойланбайды. Өйткені кез келген ата-ана ұрпағы алдында бақытсыз болып көрінгісі келмейді. "Бақытсыз көрінсем, балаларымның жүрегі жараланады" деп алаңдайды. Ал балалары "анамды бағып-қағып отырмын" деп ойлайды.

Есіңізде ме, сонау балдәурен балалық шағыңызда әлдеқалай дастарханға келген тәтті-дәмдіні анаңыз сіздің аузыңызға төсейтін. Сонда "анашым, өзіңіз де жеңізші" деп айтар болсаңыз, "жей ғой құлыным, мен әлгінде жеп, тойып алғанмын" деп "өтірік" айтады.

Есейген соң да қанша жерде "өтірікті шындай, ақсақты тыңдай" етіп, бірді-бірге соғып жүрсеңіз де, анаңыздың сол "өтірігіне" әлі сеніп келесіз. Бір мысал, ауыруы жанына батып отырған анаңыз "түк етпейді, аз мызғап алсам тәуір болып қаламын, алаңсыз жұмысыңа жүре бер" десе, алшаң басып жұмысқа кете бересіз.

Енді бір мысал, сіз кейде "анашым, жазғы демалыста, келініңіз екеуіміз шетелге саяхаттап барсақ деген ойымыз бар. Немерелеріңізге 10 күн бойы өзіңіз қарай аласыз ба?" деп сұрасаңыз. Анаңыз әжім басқан жүзіне күлкі үйіріп "алаңсыз барып келіңдер, қошақандарыма өзім әдеттегідей бас-көз боламын" дейді. Бірақ осы сәт сіз анаңыздың ауылдан, қала берді облыс орталығынан ары аттап шығып көрмеген адам екенін ескермейміз. Оның да ел мен жерді көргісі келетін жұмырбасты пенде екенін кәперіңізге де алмайсыз.

Міне, достар сіздер аналарыңызды тек, өзіңіздің игілігіңіз үшін Құдай тағала әуелде атап, соғып қойған құнды дүниедей ғана бағалайсыздар.

Есіңізде болсын, аналарыңыз өмір бойы екі адамның рөлін ойнап өтеді. Біріншісі – жүрегі кең ананың, екіншісі – қарапайым адамның рөлі. Сіздер оның алдыңғы рөлін ғана көресіздер де, адам ретіндегі соңғы рөлін көрмейсіздер, ашығын айтқанда, көруге тырыспайсыздар. Ол сізге ана, оған дау жоқ. Десе де ол – адам, ол – біреудің қызы, біреуге жар, біреуге әпке-сіңлі, ал енді біреудің досы, әріптесі, бәсекелесі, біреуге бастық, біреуге қызметкер т.б. осылайша кете береді. Оның да қалауы, арманы, талғамы, жақсы немесе жек көретіні бар. Алайда осыны ескеретін ұл-қызы бар ма? Мүлде жоқ емес-ау, бар, бірақ олардың саны тым аз екеніне сенемін.

Достар, бір ғұмыр тек, сіздің бақытыңыз үшін от пен суға түсетін, сізді бақытты етемін деп, өзін "өтірік" бақытты көрсететін анаңыз шынынд да бақытты ма? Бір сәт ойланып көріңізші. Айтпақшы, анаңыздың қасында, басын бұлт шалып, найзағай төніп, жаңбыр жуса да, күн мен жел қақтап кемірсе де, қалпын бұзбай, демін ішінен алып тұра беретін әкеңіздің де барын ұмытпаңыз.

Қастер Сарқытқан
Абай ат.ҚазҰПУ ұстазы

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Ата-ана

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір