Коронавирустың өршуіне байланысты шетелде оқып жатқан студенттер өздерінің жанайқайларын әлеуметтік желі арқылы білдіріп, халықтан көмек сұрады. Бұл туралы Іnstagram парақшасында жариялады.
– Бізге болып жатқан оқиғаларды қабылдау қиын. Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің 2-курс студенттеріміз. Академиялық ұшқырлық бағдарламасы бойынша біздің оқу орнымыз бізді Испаниядан Сьюдад-Реал қаласына жарты жыл, яғни қаңтар-маусым аралығында оқуға жіберген болатын, – деді қазақстандық студент.
Олар Испанияда COVID-19 вирусының таралуына байланысты Қазақстан елшілігіне және елдегі оқу орындарына хат жіберген. Студенттер ешқандай жауап ала алмағандықтан, ҚР ішкі істер министрлігіне үндеу жариялаған.
– Испанияның барлық төңірегінде карантин жарияланған. Қалада қозғалыстың барлығына шектеу қойылды. Егерде азаматтар шектеуді бұзатын болса, жауапкершілікке тартылады. Күн сайын мемлекеттер Испаниядан өз рейстерін кері қайтарып жатыр. Елге басқа мемлекеттен азаматтар ұшып келе алмайды. Бізді онымен қоса бұл жақта мазақтап, "азиялықтар" деп кемсітіп, шеттетеді. Бізге дүкеннен нан сатпайды. Бізге "азиялықсыңдар", "коронавирус сендерден таралды" деп саусақтарын шошайта қарайды. Үлкендер бізге жұмыртқа лақтырса, балалар әдепсіз қылықтармен мазақтайды. Біздің психикамыз әбден бұзылды. Бастапқыда көшеге шығуға қорқатынбыз, ал енді ұйықтауға қорқамыз, – деді қазақстандық студент.
Студенттердің айтуынша, Испания билігі карантинді 2 айға созуы мүмкін. Себебі ауруды жұқтырғандар саны 10 мыңнан асып кеткен. Студент жастардың енді тұратын жері жоқ. Үй иесі карантинде болғандықтан, жалға берген пәтердің ақшасын ала алмаймын деп осы айдың соңына дейін тұруға рұқсат беріпті.
– Біз мәселені аяғына дейін күтіп, ушықтырмауға тырыстық. Алайда болып жатқан дүниелер өте қорқынышты. Біз өз өміріміз үшін қорқамыз. Сіздерден бізге көмектесе алатын билік басындағы адамдарды белгілеулеріңізді сұраймыз. Барынша репост жасап, таратсаңыздар, – деп шетелде оқып жатқан студент көмекке мұқтаждығын жеткізді.
Пікір қалдыру
пікір