sputniknews.kz
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қайтыс болған адамның органын алуға жұбайы немесе жақындары қарсы болса, ол адамның органы алынбайтынын мәлімдеді. Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады.
– Қайтыс болған адам тірі кезінде донор болуға келісетінін немесе келіспейтінін білдірмесе, онда оның органын алу үшін жұбайының немесе жақын туыстарының рұқсаты қажет, – деді Біртанов.
Министрдің айтуынша, Қолданыстағы заң бойынша, егер адам донор болудан бас тартатыны туралы тірі кезінде өтініш жазып қалдырып кетпесе, онда өлгеннен кейін дәрігерлер оның органдары мен тіндерін алуға құқылы. Бұл ретте жұбайының немесе жақын туыстарының пікірі ескерілмейтін. Ал бүгінгі қаралған жаңа кодекстің жобасында керісінше туыстарының рұқсатын алу нормасы енгізіліп отыр.
– Әр адам емханаға немесе ХҚКО-ға барып, донорлықтан бас тартатынын білдіре алады. Егер сіз бас тартсаңыз, онда потенциалды донорлардың тізіміне енгізілмейсіз. Бірақ, егер тізімде ештеңе жазылмаса, яғни адам тірі кезінде донор болуға келісетінін немесе келіспейтінін айтып кетпесе, онда туысқандарының рұқсатын сұрау керек. Егер жұбайы немесе жақындары қарсы болса, ол адамның органы алынбайды. Егер туыстары келіссе, онда бұл қайтыс болған адам көзі тірісінде донорлыққа қарсы болмағанын білдіреді, – деді денсаулық сақтау министрі.
Біртанов өлгеннен кейін органдарын алуға рұқсат берген қазақстандықтар туралы ақпарат құпия екенін атап өтті.
– Ол адамның қан тобы, генетикалық сәйкестігі қандай екенін, кімге донор болатынын дәрігер білмейді. Ол тек хабар береді. Арнайы трансплантолог-координатор келіп, донор болуға жарай ма, жоқ па, сол айтады, – деді Елжан Біртанов.
Сонымен қатар, заң жобасында Қазақстаннан ағзалар мен тіндерді шығару мүмкіндігі шектеліп отыр. Тек шет елде ем алып жатқан қазақстандықтар үшін ғана шығаруға рұқсат етіледі.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір