12 Желтоқсан, 2019 NEWS
Qamshy.kz
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "Түркі дүниесінің жандану сыйлығы" берілді. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.
Қазақпарттың жазуынша, бұл сыйлықты Түркияның азаттық алуының 100 жылдығына (1919 жылғы 19 мамырда ред.) орай Түркі дүниесі жазушылар және өнерпаздар қоры тағайындаған. Бұл марапат алғаш рет беріліп отыр.
Сыйлықты Түркия Парламентінің төрағасы Мұстафа Шентоп Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған қабылдау кешінде Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлына табыстаған.
Сыйлықты табыстау барсында Мұстафа Шентоп Түркия мен Қазақстан достығы жарасқан, бауырлас елдер екенін айтып, Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен құттықтаған.
– Дос және бауырлас Қазақстан халқын ел Тәуелсіздігіне 28 жыл толуымен құттықтаймын. Осындай қуанышты бөлісуді үлкен бақыт деп айтар едім. Түркия Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекет болғанын мақтан тұтамыз. Қазақстанның қуанышы – біздің қуанышымыз. Қазақстанның тағдыры – біздің тағдырымыз. Біз Қазақстанның дамуға бастаған жолдағы үлкен жетістіктерін әрқашан назарда ұстаймыз және әрдайым қуанамыз. Түркия мен Қазақстан қарым-қатынасы екі мемлекет байланысынан бөлек, бір атаның ұрпақтарының достығы да болып саналады. Яғни, бізді байланыстырып тұрған тек мемлекетаралық қатынас емес, – деді Мұстафа Шентоп.
Қазақстанды үздіксіз 30 жылға жуық билеген Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан, бірақ ол әлі де елдегі биліктің бір тармағын ұстап отыр. Ол – биліктегі "Нұр Отан" партиясын басқарады және Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір