• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 12:55:37
Алматы
+12°
 Өкше: Оппазиция туралы көзқарасыңыз қалай?

- Оппозиция туралы  ұлт мәселесімен батыл шұғылданатын оппозиция дүниеге келген кезде айтқанымыз абзал болар. Бірақ, қазақты ішінен аялап жақсы көретін, тілге, жерге қатысты пікірін ашық білдіретін Әміржан Қосанов сияқты жігіттердің азды-көпті еңбегін жоққа шығарғым және келмейді. «Азат» ЖСДП партиясының бетін ұлтқа бұрып жүрген Әміржан қазақтың саяси ой-санасы сілкініп ояна бастағанын әріптестерінен әлдеқайда терең білетін сияқты. Ал, қалғандары ұсақ-түйекті теріп, тышқаншылаудан асар емес. Әбләзов пен Әлиев туралы тіпті сөз шығындағым келмейді. Екеуінің жүзінде қазақылықтың тіпті көлеңкесі де жоқ.

Алаш: Дәуке, сізге қояр сұрағым – Айдос Сарыммен қалай таныстыңыз? Ол қандай жігіт? Сенуге бола ма? Қазақтың басын қосар азаматтардың бірі деп жүрміз қазір. Сол үмітіміз ақтала ма? Жалпы сіздің достарыңыз кім? Нақтылап өзіңізге жақын 5 адамның есімін жазыңызшы. Елбасы Назарбаевтың ұлтқа қатысты жүргізіп отырған саясатымен келісесіз бе? Келіспесеңіз қай жерімен? Неге? Қазақ елінде қазақ ұлтына қатысты қордаланып қалған ең маңызды 5 проблеманы айтыңызшы. Және осы өзіңіз көрсетер 5 проблемадан шығу жолдарын көрсетіңізші. Мәсімов туралы не айтар едіңіз? Оның дәуірі қашан аяқталады? Көріпкелдік емес, сарап тұрғысынан сұрап отырмын. Әйтеуір қызу оқиғаларда жүрсіздер ғой. Каналдар бар деген сияқты.

Ең соңғы сұрағым: Парламентке депутаттық мандат берсе барар ма едіңіз? Барсаңыз ең бірінші қандай мәселе көтеріп, сауал жолдар едіңіз?

-          Айдос Сарымды сыртынан білетінмін. Маған Айдекең жайында тамсанып отырып айтқан, екеумізді таныстырған Талғат Ешенұлы болды. Мен адамды бас терісіне қарап танимын. Кейбіреудің басы үйтілген қойдың басы сияқты құйқасы жиырылып, шекесіне шыбын қонса, төбелесермен болып керауызданып тұрады.Ондай адамның аспан тіреп тұрсада менен аулақ жүргені абзал. Айдостың баурап алатын мінезі – жайсаңдығы. Жанды қажамайтын әдемі әзіл сөзге ұсталығы. Өркөңілдігі. Бірде Сұңқар Тұрсынұлы Жұртбайдың: «Өмірде қиналып, торыққан сәттерімде Айдос бар ғой деп ойлаймын» деген сөзіне қатты толқыған едік. Сұңқар бәріміздің көкейіміздегі сөзді айтты. Себебі - біз бәріміз Айдосқа қатты сенеміз. Оның қандай тығырықтан болсада достарын алып шығатын қайсарлығына, қайраткерлігіне арқа сүйеп, үйреніп қалғанбыз. Адамның адамшылығы аздың арасында білінеді. Аздың арасына алабүлік салып жүретін адам көптің басын қайтіп құрайды?Бір-біріне бек сенімді мұраттас жігіттерді ұйыстырып жүрген Айдос қандай үміт артсаңызда ақтайтын тұлға екендігіне бәс тігемін.

Менің достарым кімдер? Менің достарым қайратына сенген, еңбегіне сүйенген, іс бітірсе, ісіп кеппейтін, уайымның құдығына түсіп кетпейтін, өз бойынан жасампаздықтың жалынын таба білген жанның бәрі десем болады. Ол – Айдостар, Әуіттер, Әбулер, Сәкендер, Талғаттар, Дидарлар, Ерландар, Еркіндер, Ержандар... осылай кете береді.

Назарбаевтың ұлтқа қатысты жүргізіп отырған саясатын елімізде қордаланып қалған ең маңызды 5 проблемамен байланыстырып көрейін.

  1. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі өзінің Конституциялық мәртебесіне лайық қоғамда өмір сүріп жатқан жоқ.
  2. Қазақ мектептері мен қазақ балабақшаларының саны ұлттың бүгінгі өсімі мен сұранысының ширегіне де келмейді.
  3. Қазақ патшалық Ресей мен большевиктік Ресейдің езгісінен, отардан шыққан халық. Отаршылдықтың қамытын киген ұлтты тап бүгінгідей қамап, ауыздықтап, діңкелетіп ұстаудың қажеті жоқ еді. Қысқасы бізде деколонизация саясаты осы уақытқа дейін мемлекеттік идеологияның өзегі бола алған жоқ.
  4. Ұрлық, қарлық, мемлекет қазынасын талан-таражыға салу салтқа айналып бітті. Ел ішін бейжайлық, берекесіздік, мещандық, тоғышарлық жайлап барады.
  5. Көші-қон тоқтап қалды, дәстүрлі емес діни ағымдар білгендерін істеп жүр. Осы қордаланған мәселелердің үстінде қордаланып, қоздап жатқан тағы бір мәселе бар, оны кейін айтамыз...

Жоғарыда аталған 5 мәселенің қайткенде шешімін табатынын мен ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу жұрттың бәрі біледі. Ең бастысы – осы «бес нәрсенің» түйінін тарқату үшін бүгінгі билік өз бойынан ерік-жігер таба алса болғаны. Егер бүгінгі билік бұл бесеуді кейінге қалдыра берсе, оның әлеуметтік саяси мазмұны күрделене береді де талап күшейеді. Одан арғысы түсінікті ғой.

Мәсімовтуралы не айтаредіңіз? Оның дәуірі қашан аяқталады? Мәсімов туралы мәнді әңгіме айту меніңше қиынның қиыны. Ол атқарушы билікте өз дәуірін жасай алмаған адам. Сөзі де, ісі де шылғи өтірікке құрылған шіркіннің қазір бет-ауызы БАҚ-та көрінуден қалып барады. Демек оның қызметтен босайтын күні таяп қалды деуге әбден болады.

Парламентке депутаттық мандат берсе барар ма едіңіз? Қалтадан шығып халыққа қызмет ететін кәсіби парламент қалыптасып, елімізде әділ сайлау институты берік орнаса, және ол парламент ұлтшыл парламент болса,  бақ сынап көрген жөн шығар. Ал, қазіргідей парламенттің ақшасы көп, жанға жайлы, жауапкершілігі кем жай жұмысына жанашыр бір жақыным жетектеп апарсада қашып кетемін.

Азамат: Дәурен Мырза, мен Абай.кз сайтының тұрақты оқырманымын. сізге бірнеше сұрағым бар. Әр сұрағыма жеке-жеке жауап берсеңіз.

1) Өздеріңізді ұлтжанды, ұлтшыл азамат қып көрсеткенмен шала қазақтардың сойылын соғып кете беретінің қалай? Мысалы, парламент сайлауында шала қазақ басқаратын «Ақжол» партиясын тәуір жарнамадыңыздар сайтыңызда. «Ақжол» туралы шындықты жазған халықтың пікірін өшіріп әлек болдыңыздар. Тіпті Мұхтар Шаханов түскен «Руханият» партиясын олай жарнамаламадыңыздар..

2) Сосын сіздер қазақтың не салтында жоқ, не исламда жоқ секта – зікіршілерді неге соншама жақтадыңыздар? Олар туралы жазылған ащы шындық пікірлерді аямай өшіріп отырдыңыздар сайттарыңызда. Бірақ Бекболат Тілеухан сияқты шын қазақ ағаларымыз туралы біреудің еш дәлелсіз жазған пікірлерін сайттарыңызға шығарып қойдыңыздар.

3) Сіздер биліктің көптеген әрекеттеріне риза болмай оларды сынағандарыңзбен, халықтың атын атап, түрін түстеп, НАҚТЫ дәлелмен жазған сындарын өшіріп тастайсыздар. Біздің орысшыл биліктен қорқасыздар ма, әлде сіздер де солар жақтасыздар ма?

4) Жаңаөзен оқиғасы болған күні алаңда қырылған халықты бүлікшілер деген сынды жаңалық жазып, артынан Жаңаөзенде алаңға шыққан сол «бүлікшілерді» жақтай қалдыңыздар. Бұл халық алдында ұпай жинау ма..? Болмаса неге бірден халық жағында болмадыңыздар? Біздің өз халқына оқ атқан биліктің сөзін неге сөйледіңіздер басында?

1) «Шала қазақ», «таза қазақ», «ада қазақ» деп бір қазақты алалағанды әу бастан ұнтапайтынмын. Сол ұстанымымнан айнымаймын. Туған, өскен, қалыптасқан ортасына қарай бір қазақ өз тілін білмеуі мүмкін. Бірақ ішінде ұлтына деген құрметі ерекше болса, мен неге оны «шала қазақ» деп кемсітуім керек. Тағы бір қазақ қазақ ортасынан жырақ өсіпті, салт-дәстүрін білмейді екен. Білмейтіндігіне қысылып, амалсыздан қазақтықтан «қашып» жүрсе, неге ол бәрінен жұрдай, тұттай жалаңаш, «ада қазақ» атануы керек. Айта берсек доғалдық, дүмбілездік, өз ұлтын өзі кем көретін, қор санайтын, қазақ тілінде ғана сөйлейтіндігіне қысылатын сорлылық «таза қазақтардың» арасынан да табылады. Сондықтан қазақтың қазақтығына қазіргі кезде қазақ болудан, қазақ болып өмір сүруден бас тартпау өлшем болып тұр. Әрине, тілді білу керек, білмесе, үйрену керек. Шын ынта қойған қазақ - қаладағы қазақтар ана тілі – қазақ тілін тез үйреніп жатыр. Қаладағы қазақтардың арасында осы күні осындай бір жақсы үрдіс қалаптаса бастағанын мен мақтанышпен айта аламын.

Нақты сұраққа келейік. Праламент Мәжілісінің сайлауында сен қадалып отырған «Ақ Жол» партиясының пиар-менеджерлері баспасөзбен өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді. Сайлаудың көрігін қыздырды. Елімізде аса үлкен саяси науқан – Мәжіліс сайлауы өтіп жатқанын елдің назарында ұстап отырды.  Қазақ баспасөзіндегі ықпалды жаңа медиаға айналған «Абай.кз» порталынан көрінуге де олар барын салып бақты. Еліміздегі қандай да бір мәселеге немкетті қарамайтын «Абай.кз»  де ақжолдықтардың  сайлауалдындағы әрекеттерін оқырманға дер кезінде жеткізіп тұрды. Ал, өзге партиялар, соның ішінде өзің айтып отырған «Руханият» партиясы да бар, орыстілді баспасөзді айналшықтап шықпай қойды. Сайлау науқаны кезінде біз партиялар туралы ақпараттарға емес, партиялар бізге зәру болуы керек. Соны ұқпай шалқалаған партиялардың алдиярлап алдына түсу – «Абай.кз» порталының мінезіне тура келмейді. Оның үстіне «ақжолдықтар» саяси ұпай үшін болсада өздерін «Алашордашылардың мұрагерлері» атады, алаштанушылармен бірнеше дүркін кездесулер өткізіп, Алаштың саяси ойларын бүгінгі саяси пікірталастардың айналымына салып отырды. Олар Алаш идеясының қайтадан атқа қонғанын түсінді, қазақ мүддесімен есептесу керектігіне мән берді.  «Ақжолдықтардың» Алаш идеясына ден қоюы  алдағы уақытта саяси партиялардың арасындағы бәсекелестікті қыздырып, жалғасын табады деген ойдамын. Бұл үрдіс саяси партияларды түптің түбінде ұлтқа қызмет етуге мәжбүрлейтін болады. Неге десеңіз, қанша жерден қолдан жасалсада саяси партиялар елдің саяси мұрат тілегімен санасып өмір сүреді. Болмаса, өзін өзі тарқатып, жойып тынады. Ал, Шахановқа келсек, Мұхтар ағамыздың «Абай.кз» порталына еш реніші жоқ шығар. Ағаның барлық мәлімдемелері, сұхбаттары, ойлары біздің порталда тұрақты жарияланып келеді.

2) Біз зікіршілерді жақтаған жоқпыз. Жалпы біз ешкімді жақтамаймыз да, боқтамаймыз да. Онлайн-конференцияның бас жағында айтқанмын, біз «аз ғана топтың аузындағы сөзіне, көкейіндегі пиғылына Абай атын араластырып аруақ күңірентуге қасық қанымызбен қарсымыз». (Доктринамызды қараңыз:http://abai.kz/node/63 ).  Қысқасы, кім «Абай.кзден» көрінгісі келеді, сол сөз алады, оған қарсы пікір бар ма, ол да жарық көреді. Зікірші-сопылардың порталымызда жиі шығатыны рас, бірақ соған бола бізді сопылардың сойылын соғады екен десең өзің біл. Мен олардың қайсібірін танимын, құрметтеймін, сыйласамын. Ал, Бекболат алдымен қазақтың маңдайына біткен марқасқа ұлы. Біреулер жамандап, аяғына оралғанымен Бекболаттың бағасы кеміп қалмайды. Оның үстіне мен білетін Бекболат Тілеухан - өресі кең, өкшесі биік азамат. Өкпеге де, өзгеге де қиятын Бекболат емес ол. «Абай.кз» порталының пікірлер алаңында  өрлі қырлы  сөздер айтылып қалып жатады, ол пікірлердің біздікі емес екендігін, «Намыс.кз» сайтына егелік етіп жүрген Бекең бек түсініп қалған шығар. Өйткені, «Намыс.кз» сайты да қазір пікірлерді босатып қоя беріпті.

3)«НАҚТЫ дәлелмен жазған сындарын өшіріп тастайсыздар...» деген сөзіңе нақты мысал келтір, сол кезде мен де нақты жауап беретін боламын.Неге десеңіз, біз деректі пікірді ең керекті пікір деп білеміз. Оқырманымыз журналистер қол жеткізе алмай отырған ақпаратты игеріп жария етіп жатса, біз оны қалай өшіріп тастаймыз? Мүмкін емес. Иншалла, түбі ғайбат сөзден бойын аулақ салатын, жазу мәдениетіне жауапкершілікпен қарайтын оқырман қазақ сайттарында қалыптасады. Соған сенемін.

4) Бұл сауалға конференцияның бас жағында жауап бергенмін. Қайталап, малта езіп отырғым келмейді.   Жалғасы бар
Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір