• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 04:16:23
Алматы
+12°

Күні кеше Алматы облысы Қарасай ауданы Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткеліндегі автокөлік пен темір жолдың түйіскен тұсында пойызы мен автобустың соқтығысуының салдарынан бір адам қаза тапты. Зардап шеккен үш адамның жағдайы әлі де ауыр.

Жергілікті тұрғындар аталған өткелге көпір керегін айтқалы қашан... Пойыз өткен сайын көлік көп қатынайтын ертеңгі және кешкі мезгілде бұл маң ұзын-сонар кептеліске айналады. Жолға уақытты сағаттап сарп ететін тұрғындар бұдан әбден қажыған.

Енді тұрғындардың бұл мәселесі ұзамай шешімін таппақ. Апаттан кейін іле-шала Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр 3-4 айлық жобалау жұмысынан соң келесі жылы апат болған жерден сәл әріректе өтпежол салынатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, құрылысты оқиға орнында жүргізу үшін 70-тей үй мен 2 жанармей құю бекетін сүру керек болады.

Бұл елде кісі қазасынан кейін ғана қолға алынған істің алғашқысы емес.

2010 жылдың 12 наурызында болған Қызылағаш елдімекеніндегі апатты көптің есінде. Ресми дерек бойынша қайғылы оқиға 45 адамның өмірін жалмаған. Апаттан соң талай былықтың беті ашылды. Мәселен, су қойма жекеменшікке өткеннен кейін электр жүйесінен ақау шыққан. Электр бағандары мен сымдары талан-таражға түскен. Су қақпаларының біреуі он жылдап жұмыс істемеген. Су қоймасының иесі қыста суды ернеуінен асыра жинап, жазда оны шаруаларға сатқан. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің облыстық басқармасы Қызылағаш су қоймасына қатысты көптеген ескертулер жасаған. "Су тоспаларын адам қолының күшімен емес, электрдің қуатымен көтеретін арнайы қондырғы орнатылсын" деген бұйрық та шығарған. Бірақ су қоймасының қожайыны мұның бірін де істемеді.

Осыдан кейін бұрын көңіл бөлінбей келген салаға қатысты түрлі бастамалар көтерілді. Жекеменшіктегі 142 су қойманы мемлекет меншігіне қайтару ұсыныстары жасалды. Қатерлі саналған орындар жаппай тексерілді. Бірақ бұның бәрі бізге тым қымбатқа түсті. Әлдекімдердің салғырттығы мен немқұрайдылығынан 45 адам қыршыннан қиылып, сонша отбасының жанына жазылмас жара салынды. Жұрт жылдап жиып-тергенін бір-ақ түнде жоғалтты.

Енді әріге бармай-ақ биылғы жылы болған жайсыз жайттарға тоқталсақ.

Бүгін ғой көпбалалы отбасыларға арналған "Бақытты отбасы" жеңілдетілген тұрғын-үй бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Көпбалалы және тұрмысы төмен жанұялар мемлекеттен 21 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алады. Ал 2019 жылға дейін бұның бірі де болмаған. Тіпті аталмыш игіліктерді енгізу үкіметтің қаперіне де кірмеген. Бұл әлеуметтік жобалардың кенеттен пайда болуына оқыстан орын алған жыл басындағы бес бүлдіршіннің қазасынан кейін жер-жерде жанайқайын айтып шыққан аналардың зарлы үні себеп.

Сергелдеңге саларлық жағымсыз жағдай доңыз жылында бұнымен бітпепті. 24 маусым күні Арыс қаласында әскери қоймада жарылыс болды. Қаланың 44 мың тұрғыны нағыз соғыс ошағына тап болғандай күй кешіп, басы ауған жаққа тым-тырақай қашты. Апат 3 адамның өмірін қиды.

Бұл апатта жауапсыз қалған сұрақ көп. Әскери қоймадан қалаға үнемі қатер төнерін біле тұра, оны ондаған жылдар бойы көшірмегені түсініксіз. Бұдан он жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары, кейін депутат болған Ержан Исақұлов мәжілісте, Арыстағы әскери қоймаларда болған жарылысқа байланысты жасаған мәлімдемеcінде "тиісті шара қолданылмаса бұдан да сойқан жарылыстар болуы ықтимал" деген-ді. Сол кезде оның айтқанына құлақ түрген жан табылмапты. Соның кесірінен жазда төртінші жарылыс болды. Бұл жолғысы ауқымы жөнінен бұрынғылармен салыстыруға еш келмейді.

Биылғы трагедиялардың бірі – бейбіт күнде қос бірдей қорықшыдан көз жазып қалғанымызды айта кеткен жөн болар. Браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспекторлар қызмет еткен салада да былық-шылық, заңдық солқылдақтар жеткілікті болып шықты. Ол туралы кезінде "Заң кімді қорғайды, қорықшыны ма, қылмыскерді ме? атты мақалада толық баян еткенбіз. Екінші қорықшының қазасынан соң президент пәрмені бойынша браконьерлікпен күрес мақсатында қылмыстық заңнама күшейтілетін болды.

Қамшыгер

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір