• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 01:38:38
Алматы
+12°

30 Тамыз, 2019 Саясат

Абаев: Елбасына сиырдың не екенін, оның қанша сүт беретінін түсіндірудің қажеті жоқ (видео)

Абаевтың айтуынша, "микро кредит ал, екі сиыр сатып алып, өз күніңді өзің көр" деп айтқан Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "сиыр дегеннің не екенін, оның қанша сүт беретінін түсіндірудің қажет жоқ".

Қазақстаннның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бір апта бойы желіде қызу талқыланған "екі сиырға" қатысты пікір білдірді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Абаев "Хабар" арнасындағы "Ашық диалог" бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

Абаевтың айтуынша, "микро кредит ал, екі сиыр сатып алып, өз күніңді өзің көр" деп айтқан Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "сиыр дегеннің не екенін, оның қанша сүт беретінін түсіндірудің қажет жоқ".

"Ашық айтқанда, мен осы  мәселе айналасындағы дау-дамайды түсінбеймін. Егер Елбасы "Еңбек етпей судан балық та шығара алмайсың" деген мақалды айтса, не болар еді? Блогерлер әлеуметтік желіні қармақ пен құрттың суретіне толтырып жіберер ме еді? "Екі сиыр" бұл жерде ақпаратты жеңіл қабылдану үшін келтірген мысал екені айқын ғой. Біреу үшін екі сиыр деген ауласындағы бау-бақша, біреу үшін көлік жуатын кәсіпорын, жол бойындағы дәмхана. Біреу үшін іскерлік, біреу үшін  азық-түлік дүңгіршегі.  Ал  екі сиырдан құралған шаруашылықтардың өмірлік қабілетін бар зейінімен есептеп жатқан сарапшылардың есіне тұңғыш президенттің өзі ауылдан шыққанын салғым келеді. Ол бала күнінен соғыстан кейін ауыр жылдарда ата-анасына шаруашылық жүргізуге көмектесті. Оған сиыр дегеннің не екенін, оның қанша сүт беретінін түсіндірудің қажет жоқ", – деді министр.

Абаев сондай-ақ, Назарбаевтың халықты "өз ісін ашып, жұмыс істеуге шақырғанын" айтты. 

"Өзіңнің әрекетсіздігіңді нашар шенеуніктер мен нашар мемлекетке, нашар әлеуметтік саясатқа жабу әрқашан оңай. Жағдайды өз қолыңа алып, жұмыс істеу әлдеқайда қиын. Қарасаңыз, ол үшін әкімдік тарапынан да, министрліктер тарапынан да, "Атамекен" мен "Даму" қоры бойынша да шағын несиелендіру және шағын бизнесті қолдау жөнінен қазір барлық жағдай жасалған. Қорытып айтқанда, Елбасы адамдарды өз ісін ашып, жұмыс істеуге шақырды. Ең маңыздысы осы. Қалғанының бәрі желідегі қоқыс қана", – деді Абаев.

21 тамызда Қазақстанды 30 жылдай үздіксіз билеген Нұрсұлтан Назарбаев өзінің атымен аталатын ел астанасы Нұр-Сұлтанда биліктегі "Нұр-Отан" партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында биліктен көмек сұраған отбасыларға "Микрокредит ал да, екі сиыр сатып ал. Өзіңді асыра" деп айтқан болатын. Назарбаевтың бұл сөзі желіде қызу талқыланып, көптеген желі қолданушылары "келекеге" айналдырды. 

2016 жылдан бастап Ақпарат және қоғамдық даму министрілгін басқарып келе жатқан Дәурен Абаев Назарбаевтың желіде қызу талқыланып, халықтың наразылығын туғызған сөздерін түсіндіріп жүреді. 

26 тамызда журналистерге сұхбат берген Қазақстанның әлеуметтік салаға жауапты вице-премьері Бердібек Сапарбаев "Ол үшін малға ерекше күтім жасап, талмай еңбектену керек" деп На зарбаев айтқандай екі сиырмен қалай күн көруге болатын түсіндірген. 

 



"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір