26 Тамыз, 2019 Саясат
Тұрсымбаев: Назарбаев қатты сасып отыр (видео)
"Назарбаевтың мәлімдемесінен байқағаным - Нұрсұлтан мырза қатты сасып отыр. Сасқан адам ғана сондайды айтады".
Оппозициялық бағыттағы "Азат" ЖСДП-ның мүшесі, Қазақстанның бұрынғы вице-премьері Балташ Тұрсымбаев елді 30 жылға жуық басқарған, бүгінде биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы болып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың 21 тамызда партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында көп балалы аналарға қарата айтқанын "сасқан адамның сөзіне" теңеді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы саясаткер Азаттық Радиосының "AzattyqLive" бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Назарбаев сол жиында "Көп балалы аналар "маған бер, менің балам көп, айлығым аз" дейді. Сен не ойладың? Бұл – сенің мәселең ғой, сен бұрын мемлекетпен ақылдаспадың ғой". Микрокредит ал да екі сиыр сатып ал. Өзіңді асыра" деген болататын.
Саясаткер Тұрсымбаев бұрынғы президенттің бұл сөздерінен оның "қатты сасып отырғанын" айтты.
"Назарбаевтың мәлімдемесінен байқағаным - Нұрсұлтан мырза қатты сасып отыр. Сасқан адам ғана сондайды айтады. Неге десеңіз, біз көп балалы аналарды алақанымызда ұстауымыз керек. Олар біздің демографияны түзейді. Біздің ұлан байтақ жерімізге бес Франция, үш Түркия сияды. Сол жерді сақтап қалу үшін біз халықтың санын көбейткеніміз жөн. Назарбаев елді басқарған 30 жылда біздің санымыз үш миллионға ғана өсті. Оның өзінде 1 миллион адам шетелден келген қандастарымыз. Сонда қосқанымыз барлығы 2 миллион ғана. Егер дәл осылай 30 жылда екі миллион ғана көбейетін болсақ, біздің жеріміз бос қалады. Сондықтан көп балалы аналарға барлық жағдайды жасауымыз керек", - деді Тұрсымбаев.
Сондай-ақ Тұрсымбаев экс-президенттің "Барлық сайлаулар конституциялық мерзімде өтеді" деген сөзіне ешқандай кепілдік жоқ екенін айтты.
"Мысалы, Назарбаев бүгін "сайлау уақытында өтеді" деп айтады да бес күннен кейін сайлау өткізіу туралы үкім жазып, қол қойып, (қазір тіпті өзі жазбайды да, жазатын адам бар) бір айдан кейін сайлау өткізіп жіберуі мүмкін. Сайланатын адамдарды да өзі таңдайды. Мен қазір саясаткер ретінде, сарапшы ретінде бұған ештеңе айта алмаймын. Ешқандай кепілдік жоқ. Егер Нұрекең (ред. Н. Назарбаев) жақсы ұйықтаса, Парламент тарамайды. Ал түсінде Парламенттегілер оны сынап жатқанын немесе сондай қорқынышты нәрселер көрсе, азаңда сайлау өткізуге бұйрық беріп, Парламентті таратып жібереді. Ешкім оған қарсы тұра алмайды, өйткені бізде диктаторлық жүйе", - деді саясаткер.
Видео Азаттық Радиосынан алынды
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір