• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 01:11:17
Алматы
+12°

23 Шілде, 2019 Саясат

Ұлттық қоғамдық кеңестегілер қанша жалақы алады?

Халықтың сеніміне кіру үшін ел-жұртты толғандырған мәселелерді тыңдау керек. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің өзіне сенім қалыптастыруы керек. Сарапшылар Президент жанынан құрылған жаңа кеңеске осындай пікір айтуда деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап. 

Сондай-ақ, университеттегі, форумға қатысушы студенттермен емес, билік, базарда жүрген жастармен тіл табысуы тиіс дейді олар. Жуырда құрылған кеңестің мүшелері қанша жалақы алады? 

"Менің жеке ойым былай. Еліміздегі қоғамдық саяси саладағы заңдарды өзгерту керек. Ол митинг туралы, партиялар туралы, ақпарат құралы және сайлау туралы. 4 заң. Егер осыны өзгертіп, пакет ретінде Парламентке жіберіп, сол жерде қабылданатын болса, еліміздегі қоғамдық саяси жүйені либерализация жасады деуге негіз бар", - дейді саясатттанушы, Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Сайыров. 

Ұлттық кеңестің мүшесі Ерлан Сайыров осы мәселелерді қолға аламын деп құлшынып отыр.  Әлемдік тәжірибелерді алға тартты. Әсіресе, елдегі өзін-өзі басқару жүйесін жандандыру керек дейді.  Алайда, қазір не көп кеңес көп, кеңесші көп.  Қоғамда ұлттық сенім кеңесінің не үшін құрылғанын түсінбей жүргендер көп. Әлеуметтік желіде де талқылап жатыр.

"Халықтың ортасында Ұлттық кеңес пен Қоғамдық кеңестің айырмашылығын түсіндіру қажет. Екеуі екі бөлек орган. Қазір халықтың ортасында Ұлттық кеңеске деген сенімді молайтпайынша, оның жұмысына да күмән келтіруі мүмкін", - дейді сарапшы, саясаттанушы Алуа Жолдыбалина.

Халықтың сеніміне кіру үшін ел-жұртты толғандырған мәселелерді тыңдау керек.  Ал Президент жанындағы  жаңадан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қалай жұмыс істейді? Халықпен қалай диалог құрады? 

"Осы жерде отырған азаматтардың әлеуметтік желіде аккаунттары бар. Сонда хабарласуға болады.  Ол жерде телефон, барлығы жазылған. Екіншіден, осыдан екі - үш күн бұрын осы кеңестің хатшысы Ерлан Карин өзінің сөзінде аккаунты жақын арада ашылатынын айтты. Өзінің жеке аккаунты болады. Сол жерге жіберуге болады, барлық мәселені", - деп жауап берді Ерлан Сайыров.

Соңғы кезде жастардың жиындары да жиі өтеді. Бірақ көбіне өнер, спорт , журналистика саласындағы жұлдыздарды алдыңғы қатарға отырғызып, белсенді студенттердің жалаулатқан форумдарынан әрі аспайды. Ал оқуға түспеген, тұрақты жұмысы жоқ, базарда жүрген жастар қамтылмай қалады екен. Ұлттық кеңеске мүше болған жастар ұйымдарының өкілдері осы кемшілікті қолға аламыз деген сыңай танытты.

Ұлттық сенім кеңесінің алғашқы жиыны тамыз айына жоспарланып отыр. Сол кезде бірқатар  мәселе нақтыланбақ. Әзірге, мүшелері де көп нәрсені білмейді.  Бір анығы, оның құрамындағы 42 адамға ешқандай айлық төленбейді. Халық қамы үшін тегін жұмыс істейді екен.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір