18 Шілде, 2019 Саясат
Алматы қаласында сайлаудан кейін митингке шыққандарды полицияның ұстау сәті
Мемлекет және қоғам қайраткерлері, заңгерлер, экономистер, әлеуметтік желі белсенділері, партия мен түрлі ұйымдардың мүшесі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кеше белгілі болған құрамы топтап айтқанда осындай.
Президенттің консультативтік орган құрылатыны туралы мәлімдемесінен соң қоғамда аталмыш кеңестің өміршеңдігі мен тиімділігі төңірегінде түрлі әңгіме өрбігені белгілі. Идея жақтаушылары диалог алаңының қажеттілігін басты уәж ретінде ұстанды. Сол арқылы әлеуметтік түйіткілдер шешіліп, халықтың талап-тілегі жоғарыға жетеді, мүмкіндігінше шешіледі делінді. Ал қарсы тарап бұрын болған осы тағылеттес ұйымдардың сәтсіз тәжірибесін алға тартып, бұл қадамды наразылық көңіл-күйдің ауанын басқа арнаға аудару әрекеті деп бағалады.
Расында да ұйым Тоқаев ойлап тапқан ноухау емес-ті. Бұған дейін де қоғамдағы саяси-әлеуметтік ахуал шиеленіскен тұста осы сынды органдар құрылған болатын. Әуелі еске 2004 жылғы парламент сайлауы түседі. Халық арасында үлкен танымалдылыққа ие болғанына қарамастан сол кездегі оппозициялық «Ақ жол» партиясы сайлау қорытындысы бойынша төмен дауыс жинады. Партияның тең төрағасы болған марқұм Алтынбек Сәрсенбаев сайлауды заңсыз деп есептейтінін мәлімдеген соң қоғамда саяси белсенділік арта түсті. Нәтижесінде демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Алайда ешқандай да саяси реформалар жасалған жоқ. Арада екі жыл өткенде Алтынбек Сәрсенбаевтың қастандықтан қаза тапқаны ғана ойға оралып отыр.
Керісінше 2016 жылы жер мәселесі тұсында құрылған комиссия жұмысына оң баға беруге болады. Жұмыс тобы көшеге шыққан халықты келіссөз үстеліне отырғызып, мәселені байыпты талқылауға қол жеткізді. Соңында жерді жекеменшікке сату, шетелдіктерге жалға беруді көздейтін даулы заңға 5 жылға мараторий жарияланды. Ол кезде «кеңесіп пішкен тон келте болмады».
Ал бұл жолғы ұйым бұған дейінгі диалог алаңдарынан ауқымдылығымен ерекшеленбек. Тұрақты түрде жұмыс істейтін консультативтік кеңес президентке қоғамдағы мәселелерді ескеруге, қоғам өкілдерімен тікелей диалог арқылы пікір алмасу барысында тиісті бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, маңызды проблемаларды талқылау да ұйым мақсаттарының негізгілерінің қатарында. Ұйым жұмысының барысы мен бағыты тамызда өтетін алғашқы отырыста белгілі болады.
Іс жүзінде шынайы сенім ұялатарлықтай ұлттық кеңеске айналу үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алдында көкейтесті, тағдыршешті талай міндеттер тұр. Әуелі ұйым жұмысы науқаншылдықтан ада, жүйелі болуы тиіс. Кризистік ситуацияларда ғана тығырықтан шығарар жол табудың амалын жасамай, түйіткілдердің төркініне үңіліп, мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуді қолға алуы қажет. Халыққа құрғақ сөз, пайдасыз басқосулар қызықсыз. Паралельді әлемде өмір сүріп жатқандай күйден шаршады. Енді ол диалогтың тең құқылы қатысушысы болғысы келеді. Мартин Лютер Кинг «бүлік – тыңдалмағандардың тілі» деп айтпақшы, билік бұқарамен шынайы диалог құрғысы келсе алаңға шыққандарды абақтыға қамамай, олардың үніне құлақ түруі тиіс.
Қордаланған мәселелерді шешуде мемлекеттік тілдің жағдайы назардан тыс қалмағаны жөн. Елді құраушы қазақ халқы өз Отанында екінші сортты ұлт болғысы келмейді. Ауық-ауық орын алып жатқан тіл төңірегіндегі даулар мәселесінің сәт-сайын өзектіленіп, өткірленіп бара жатқанын көрсетуде. Мәселе ушығып, қақтығыстарға ұласпай тұрғанда дереу шешілуі керек.
Сенім үдесінен шығуда кеңес мүшелері мен басшылығындағылар артылған жауапкершілік жүгінің ауырлығын түсінетіні анық. Өйткені бүгінде халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Саяси белсенділігі жоғары. Азаматтық қоғам принциптері елде батыл енуде. Халықтың оң өзгерістерді тосып жүргеніне көп болды. Енді нақты шара, нақты нәтиже ғана күтеді. Сонда ғана халықтың билікке деген жоғалған сенімін қайтару мүмкін болмақ. Жуырда мемлекет басшысы Тоқаев The Wall Street Journal-ға берген сұқбатында саяси реформасыз экономикалық дамуға жету мүмкін еместігін айтқаны есте. Енді сол сөздер нақты іс жүзіне асса игі.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір