• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 16:27:33
Алматы
+12°

01 Ақпан, 2013 Ғылым-білім

Бектұр Жүсіпбекұлы: «Әкем Жүсіпбек тірілді десек те, оны құртқан Тоғжановтар өлді дегенге әлі сенбеймін!»

2006 жылы тамыздың 9 жұлдызы күні  М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына   Ресейдің Кемерова облысы, Прокопьевск қаласынан ерекше бір қонақ суыт...

  2006 жылы тамыздың 9 жұлдызы күні  М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына   Ресейдің Кемерова облысы, Прокопьевск қаласынан ерекше бір қонақ суыт келген  еді. Бұл бейсауат қонақтың шашы дудырап, сақалы-мұрты  әбден өсіп кеткен, киім-кешегі кір-қожалақ, жасы болса тоқсаннан асқан еді, бәтеңкесінің бауын қалайы сыммен байланғаны да оқшау  еді.  Бейтаныс қария академик Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасовты іздеп келгенін айтады.  Аң-таң болған жастар түр-сықпыты көзге қораш көрінгенімен мінез-болмысынан дегдарлық пен  паңдық лебі ескен жұмбақ шалды қабылдау бөліміне апарады. Онда отырған институттың кадр бөлімінің меңгерушісі  Бақыт Жұмағалиева апай бұл  үлкен кісіні жыға тани кетеді. Бейтаныс қонақ алаш арысы Жүсіпбектің асыл сынығы Бектұр Аймауытов еді. Қарияны қабылдаған институт директоры Сейіт Асқарұлы дереу жастарға тапсырма береді, қонақкәде ұсынады, ақсақалды орналастыру, құжатын реттеу шаруасын ұйымдастырады. Бұл көзайым оқиғадан құлағдар болған халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, ақын Серікбай Қосан, Жүсіпбектанушы ғалым Нұржан Қуантайұлы бастаған ынтал топтың араласуымен Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытов  Алматы қаласы «Ардагерлер»  үйінде өмірінің ақырғы дәмі таусылған 2008 жылға дейін тіршілік етеді. Сол кезде мен Бектұр атамен етене танысып, үйіме қонақ еттім, перзент ретінде азды-көпті қызметтеріне жарадым. Керемет тағдыр иесі, асылдың сынығы, алаштың үзігі  шаңырағымнан дәм татып, дұға оқып,  ақ батасын бергенін бүгіндері ырым етіп,  бақыт санаймын. Ақсақал орналасқан «Ардагерлер» үйіне  Айгүл Ісмақова, Қайрат Рай, Дүйсенгүл Жаһан, Ермек Қаныкей, Нұржан Қуантай, Мәди Алжанбай, Нұртай Лақан   секілді тағы басқа көптеген зиялылар, журналистер барып, тұрақты хабарласып, сұхбаттасып, жәрдемдесіп тұрды.  Сол кезде атамен әңгімелесіп, көптеген сауалдарыма жауап алдым. Қатирама түртіп қойған сұхбат-әңгімемді жариялаудың сәті енді туып отыр. -              Тоқсанға келген жасыңызда сонау Кемеровадан  жалғыз жаяудың күйін кешіп, құр сүлдеріңізді сүйретіп неге келдіңіз? -             

Мен алаш арысы Жүсіпбектің ұлымын. Сүйегім атажұртта қалсын, ата-баба топырағы Баянауылда өмір сүргім келеді.

-              Кемеровада мекендеген қазақтардың көбі шахтер екенін білеміз. Сіз өзіңіз де шахтыда жұмыс істепсіз. Ал губернатор Аманкелді Төлеев қазақ екенін  мақтан етеміз. Аманкелді Төлеевпен кездестіңіз бе? -             

Аманкелдінің қазақ екенін білемін, бірақ ол қазақша сөйлемейді. Мен Жүсіпбек Аймауытовтың ұлымын, маған ол келіп сәлем беруі тиіс. Сол себептен оған барғам жоқ.

-              Жастық шағыңыз  қиян итжеккенде Ақтеңізде аязды түрмеде, қалған өміріңіз жат ел Ресейде өтті. Жан жарыңыз жаратқанның бұйрығымен  орыс ұлтынан болды, балаларыңыз қазақша білмейді деп сөге алмаспыз. Өзіңіз намаз оқып, қазақша таза сөйлейді екенсіз. Тілден, ділден жаңылмауыңызға не себеп болды? -             

Мен қазақтың ұлы жазушысы Жүсіпбектің баласымын дегенді әрқашан да мақтан еттім. Тіпті түрмеде отырсам да әке әруағы маған азық болды,  қуат-күш, дем берді. Екіншіден,  менің азамат болып қалыптасуым Башқұртстанда, Татарстанда өтті. Әкем ұсталып кеткен соң мені башқұрт зиялылары Уфаға әкелді, солардың қолында тәрбиелендім, бұл ағайындар діндар тақуа, білімді,  ата салтына адал келеді. Осы ағайындардың тәлімі менің қазақшыл болуыма ықпал еткендігі де шындық.

-              Ата, сіздің қоржындарыңыз зілдей ауыр екен. Ішінде не бар деп,  сіздің рұқсатыңызбен   ақтарсақ, соның көбі электрик маманға қажетті түрлі құрал-саймандар, темір-терсек, небір асай-мүсейлер болып шықты. Бұл не үшін қажет? -             

Е, қарағым, адам өз кәсібіне өмірден өткенше  адал болуы керек. Кәсіп  адамға жаратқан тарапынан нәсіп етіледі. Мен кезінде Совет одағындағы ең мықты деген жүз электриктің бірі болғам. Мені Уфада Мәскеуден келген атақты орыс инженері оқытты, еңбекқұмарлығымның арқасында өз кәсібімнің шыңына шықтым, осы саладағы дарынды мамандардың бірі болдым. Мені түрмеге түсіріп, түбіме жеткен де осы электрик мамандығы! Мен қабілетімнің арқасында арнайы өткізілген конкурсқа қатысып,  қатарластарымнан оқ бойы озып, Қазан қаласындағы С.П.Горбунов атындағы  соғыс ұшағын жасайтын жабық зауытқа 1936 жылы 12-інші қазанда жұмысқа қабылдандым. Бұл зауыт сол кездегі әлемдегі ең мықты ұшақ өндіретін зауыт еді.  Жалақым да, тұрмысым да түзеліп сала берді. Ақыры қырсық шалды, 1937 жылы үстімнен арыз түсіп, «Контреволюционер Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы жабық зауытта шпиондық жасап, Совет мемлекетіне қастық жасағалы жүр» деген жаламен ОГПУ  тексеріп,  Ақтеңізге абақтыға айдалып кете бердім, 1937 жылы 30-ыншы желтоқсанда жаламен 10 жылға бас бостандығымнан айырды.

-              Бауырыңыз Жанақ қалай ұсталмай аман қалды? -             

Менің түбіме жеткен де, көркейткен де осы электрик мамандығы дедім. Жанақ мектепте математик болды, ол Мәскеуде жоғары математикадан өмірбақи сабақ берді, көкесі Әлімхан Ермековтың жолын қуды,  қыздары да өзіне тартқан ақылды, математиктер.  Оны әскери зауытта істемегендіктен ешкім тексере қоймаған болар. Қыздары Надежда мен Валентина өте инабатты, үйлерінде өткен жылы қонақта болдым,  Мәскеуде Можайское шосседе тұрады, хат алысып та тұрдық.

-              Елден ұят болады деп, бәтеңкеңізге жіптен бау тағып, қалайы сымды шешейін дегенге неге қарсы болдыңыз? -             

Қарағым, жалпы электриктердің бәрі аяқ киіміне қалайы сымнан бау тағады,  бұл ерсі емес, кәсіби дағды, екіншіден мен секілді кәрі адамға бауды байлағанша, қалайыны ие салғаным дұрыс, әрі жеңіл емес пе?!

-              Ақтеңізде лагерьде кімдермен бірге болдыңыз? -             

Онда неше түрлі ұлттар-ұлыстар, зиялылар бар, түрмеде нағыз интернационализм жайлап тұр. Ондағылардың  көбі шпион деген баппен жазалануға келгендер. 21 жасымнан тұтқындалып Ақтеңіздің  Соликамск, Ныроб лагерінде  1937-1948 жылдың қаңтарына дейін қамауда болдым. Онда аттарымызды айтпайды, арнайы нөмермен шақырады. Ақеділ, бір қызығы онда қытайдан, моңғолдан келген қазақтың нардай азаматтары жаза өтеген. Олар өздері қазақша судай сөйлейді, сонымен бірге олар кәдімгі қытай, моңғолдармен солардың тілінде сөйлеседі. Біз қытаймен, моңғолмен қарым-қатынас жасағанда олар бізге тілмаш болады. Барлығы да «отанын сатқандар, шпиондар» деген жаламен сотталғандар.  Сібір аязы ақырып тұрады, минус 72 градус суық болады, ақпанда нар қарағайлар   аязға шыдамай тарс-тарс айырылып жатады. Бірақ алаштың аруағы, рухы бізді сүйеді, сүйреді, сындырмады.

-              Сіздің блокнатыңызда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының,  сонымен бірге академик Серік Қирабаевтың, Баянауылдағы туыс-туғандардың, тіпті Белбұлақта тұратын ақын Темірше Сарыбаевтың    мекен-жайлары өте көркем жазумен безендіріліп  жазылған екен. Жазу өрнегіңіз әсем-ақ? -             

Әкем Жүсіпбек етік шебері, суретші болған. Ол кісі менің алғашқы сауатымды ашқан. Бұл нақыш, ұқыптылық, ықтияттылық  әке қанынан жұқса керек. Біз лагерьде неміске қарсы соғысайық деп 1943 жылы арыздандық, ешкім құлақ аспады,керісінше азаптай түсті. Бір күні бір генерал келді, мен оның суретін акварель етіп салдым. Ол таң-тамаша болды, қол астындағыларға маған жылы қарауға тапсырма берді. Міне, әке үйреткен өнер тіпті абақтыда да  шапағатын тигізді.

-              Сіз  кімнен қорқасыз? -             

Әкем Жүсіпбек «Психология» деген оқулық жазған. Ол кітапты атамыз Ахмет Байтұрсынұлы үстеліне үнемі қойып қойып оқитын, әкемді білімді деп ерекше қадірлейтін. Сол кітапта адам жанына түсірілген жарақат, жүрекке түсірілген сызат, содан туған үрей туралы да көп айтылған. Мен әкеме жала жапқан, күйелеген,  атқызып жіберген Ғаббас Тоғжанов деген балшабек сыншыдан өмірбақи қорқып өттім. Оны жасыра алмаймын, менің қасіретім осы. Ол әкемді көре алмай, қызғанышпен үстінен арыз жазды, қыр соңынан түсті. Әкем аштыққа жәрдемдескелі қаржы жинаған, оны елге адал  таратқан. Алдымен осыны да жала қылып жаппақ болды. Бірақ оның есеп-қисабы түгел болған соң әкем  сот алдында ақталды. Ақыры «КР», яғни «контреволюционер» деп күйе жағып, түбіне жетті. Ол қутұяқ өзі дарынсыз, ал әкем шын данышпан еді ғой, сондықтан іштарлық қылды, көре алмады.  Бір күні Қызылордада әкем Ахмет атаның үйіне барды. Онда Міржақып,     Ғаббас Тоғжанов бар біраз адамдар бас қосты. Әкем күй тартты, Жақаң ән салды. Біраздан соң сыраға қызып алған Ғаббас Тоғжанов «Сені құртам, сен «КР-сың» деп әкемнің жағасынан алды. Мен ол кезде тоғыз жасар баламын. Әкемнің жағасынан алмақ түгіл үлкен-кіші бір көруге зар боп, иіліп сәлем беретін, тағзым қылатын. Шошып кетіп, бақырып жылап жібердім. Ашуланған алпамсадай денелі балуан  атам Ахмет оны жағадан ұстап ап, алып соғып, үйдің есігінен бірақ лақтырып, қуып жіберді. Біз түнде Міржақыптың киіз үйіне барып қондық. Бірақ Тоғжанов өшпенділігін, қастығын қоймады. Ол жалған жала мен өтірік арызға, тасадан тығылып тас атуға, лас қимылға соншама шебер болғанымен, қолынан түк өнбейтін, өзіне өзі ғашық  болған пасық сорлы еді. Ал, менің әкем роман, повесть жазады, психолог ғалым, елін, түркі жұртын, адамзатты  шексіз сүйетін биік тұлға еді. Соған ызаланған, қорланған  Ғаббас әкемнің обалына қалды. Тіпті сол Ғаббастардың, сапбастардың үрейлі елесі әзірде әлемді кезіп жүр деп санаймын, түнде түсіме кіреді, мазалайды.  Ресейде жүрсем де, Қазақстанға келсем де  біздерді Ғаббас жауыз аңдып жүргендей сезінем, қорқам, сол жауыз мәңгі өлмейтіндей, жер бетінен құрымайтындай шошына берем. Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың көмегімен «Алматы» қонақүйіне люкс бөлмесіне орналастым, бәріне тәуба. Сол кезде түнде көшеде бірдеңе тарсылдады. Мен ертеңінде азанда келген ақын інім Серікбай Қосанға «Түнде бірдеңе тарсылдады. Ғаббас Тоғжановтар мені өлтіргелі жүрген жоқ па?» деп алаңдаушылық білдірдім. Ол Ғаббас Тоғжанов қайтыс болғанын, оның енді тірілмейтінін айтты. Жүрегім шайлыққан, әбден зәтте болған мен сол Ғаббастың құрығанына мүлде сенбедім, сенбеймін де!   Шындық – осы.

-              Әкеңіздің еркіндіктегі өмірінің соңғы сәтінен сыр шертсеңіз? -             

Сен бұл туралы ұмытпай  жаз. Қазір есіме түсіп отыр. Бір күні әкем қатты қуанып келді. Ол қазақтың қаһармандық тарихы туралы үлкен роман жазуға дерек тапқанын айтты. Сыр бойында бір кедей қазақтың атын жолбарыс жарып кетеді. Жалғыз бұт артар көлігінен айырылған ашулы жігіт шеріге қарсы найза ұстап, жекпе-жекке шығады.  Жолбарысты жаяу барып, мылтықсыз ақ найзамен жарып өлтіреді. Ал, қазақтың бір байы осы хас батырдың көзсіз ерлігіне сүйініп, қалыңсыз сұлу қызын береді. Мұны әкем шаттана айтып, «Тырнақты, тісті жолбарысты қызыл қолмен жекпе-жекте өлтіруге жүрегі дауалаған қазақ жігітіндей батыр дүниеде жоқ, сірә. Мен қазекеңнің  батырлығын мәңгі жыр етем» деп шабыттанды. Сүмелек, жалақор, мылжың Ғаббас Тоғжанов  әкемнің түбіне жетпегенде бұл роман дүниеге келер еді деп өкінем.  Өмірімдегі бір өкініш осы болып қалды!

  Әлқисса... Данышпан Мәшһүр Жүсіп Көпей  «Жүсіпбек Аймауытұлына хат» деген өлеңінде былайша толғайды: Жүсіпбек аманбысың, сау саламат, Жігітсің жақсыға – қат, жаманға –жат. Жалғыздық жарасқан-ды бір құдайға, Аман ба Бектұр, Жанақ екі азамат? ...Аман бол , аман болсаң сен аман бол, Сен аман тұрсаң маған дүние мол. Жүсіпбек, Бектұр , Жанақ үшеуіңе, Тұрайын тілеулес боп көтеріп қол! Марқұм, иманды болғыр Бектұр Аймауытұлы Алматыға алғаш 1994 жылы келген болатын. Онда да оны Прокопьевск теміржол бекетінен кездейсоқ алматылық домбырашы шебер Нарбек Оқанов деген азамат «тауып алып» елге әкеліп, сүйінші сұраған. Зиялы қауым Бекеңді басына көтеріп, Елбасы Қазақстан азаматтығына қабылдайды, ақтау куәлігін ұсынады, Алматының «Көктем» шағын ауданынан үй береді (Академик Серағаң, Серік Смайылұлы оған екі бөлмелі баспана алғаның дұрыс дейді, бала-шағаң, немерең бар, әкең туралы жазып-сызуыңа қолайлы болады деп  қамқорлық ниетін білдіреді,  бірақ Бекең бір бөлме жетеді деп қанағат етеді). Содан кейін Бекең өмірлік серігі кемпірінің айтқанына көніп Ресейде өмір сүргісі келеді де елден тағы да саяқ кетеді. Ақыры, кемпірі қайтыс болған соң асыл сүйегін дамылдатуға атамекеніне аман-сау күйінде оралады. Бұл жолы да Бекеңе кездейсоқ жағдайда мейірбан азаматтар жәрдем етеді. Көптеген себептерге байланысты марқұммен қоштасуға мүмкіндік тумады. Бекең  о дүниеге де суыт аттана бергендей. Сүйегі Боролдай зиратына қойылыпты. Ал, Бекеңнің иесімін деп ескерту жасап отырған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына, ондағы ғалымдарға «Ардагерлер» үйінен ешқандай қаралы хабар естіртілмеген. Бірақ ештен кеш жақсы дегендей 2009 жылы ұлтжанды азамат Берік Әбдiғалиев басқарып отырған Мемлекет тілді дамыту Президент қоры тарапынан марқұмның басына ескерткіш тақта қойылды,  зираты қоршалды, құлпытаста: «Қазақ жазушысы, Алаш Орда қайраткерi Жүсiпбек Аймауытовтың баласы – БЕКТҰР АЙМАУЫТОВ 1916–2008» деген жазу бәдiзделген. Етегіне: «Ескерткiштi қойған – қазақ жастары» деген жазу оймышталыпты. Осы сауапты істі ұйымдастыруға саясаттанушы Ерлан Сайыров, сәулетші Жалаледин Шәйкен, журналист Еренғайып Қуатайұлы, жүсiпбектанушы Нұржан Қуантайұлы бастаған біршоғыр азаматтар тегеурінді әрекет еткен. Қоңыраулы Бекең  түрмеде де аты өшіріліп нөмірлі болған дедік, о дүниелік тұрағына да  жетім дарақ шаншылып, оған  «92675» деген  нөмiр жазылған екен. Оның мәңгілік бесігіне азан шақырып қойған ғазиз есімін қазақ жастары  қайтарып бергеніне мың бір тәуба, жаныңыз жанатта, иманыңыз жолдас болсын Бектұр ата! Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір