• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:14:36
Алматы
+35°

28 Қыркүйек, 2016 NEWS

Алматы облысында Зуқа батырдың 150 жылдық мерейтойына арналған ас өтеді

5 қазанда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Зуқа батыр» қорының ұйымдастыруымен Алматы іргесінде айтулы ас өтеді. Қазіргі ҚХР-ға қарасты Алтай...

5 қазанда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Зуқа батыр» қорының ұйымдастыруымен Алматы іргесінде айтулы ас өтеді. Қазіргі ҚХР-ға қарасты Алтай өңірінде азаттық үшін күрескен Зуқа батыр Сәбитұлының туылғанына биыл – 150 жыл. Осыған орай сайтымызда Өмірхан Алтынның Зуқа батыр туралы мақаласын жариялап отырмыз. 

1866 жылы Зайсанның Кендірлік өңірінде білімді отбасында дүниеге келген Зуқа батырдың әкесі Шығыс Қазақстанда аса танымал болған – Сәбит Дамолла. Арғы атасы да атақты Нұрмұхаммет абыз. Бала кезінен бастап өжеттілігімен, өткір ойларымен, әділеттілігімен көзге түскен Зуқа батыр жастай жетім қалсада, әкесінен алған, әсіресе діни саладағы білімімен ерте қоғамдық өмірге араласа бастайды. Кейіннен жат жұрттық әкімшіліктің еліне, жұртына көрсеткен зорлық-зомбылығына төзе алмай, қалған өмірін ұлт азаттығы үшін жұмсайды. Сондай-ақ, ұлтына және дініне қарамастан мыңдаған жетім жесірге, кедей кепшікке, әділетсіздікке  ұшыраған қорғансыз жандарға пана болады. Пайғамбар жасына келген шағында діні үшін, елі үшін, отаны үшін үздіксіз күрескен Қазақтың Халық Қаһарманы, аяулы Алаш ардагері Зуқа батыр, отаршыл Қытай әкімшілігінің әдейі дайындалған жендеттерінің қолынан 1929 жылы Желтоқсанда Алтайдың Көктоғайында басы алынып, шахит болады.

Зуқа батырдың 150 жылдық Халықаралық Мерей тойы Қазақстанның Венадағы елшілігінде ресми түрде басталды.

Қазақтың әйгілі қаһарманы Оспан батыр өзіне бала кезде ақыл кеңесін айтып, батасын берген әке жолдас Зуқа батырды пірім деп атап өткен.

Атақты ақын, діни ғұлама Ақыт қажы «Е, Алла бізге Зуқа сияқты бір пендені бағыштағаның үшін саған сансыз шүкіршілік етем» деген.

Ұлтының намысын қорғаймын дегені үшін қазақ ұлтшылы деген кінәләумен 86 жылдық өмірінің 44 жылын қытай түрмелерінде өткізген әлемге танымал жазушы Қажығұмар Шабданұлы Зуқа батырдың ұлттық мүдде үшін жүргізген күресіне сүйсініп, тұрмеде Зуқа батыр туралы «Пана» романын жазды.

Соңғы жылдары, әсіресе Қазақстанда жарық көрген мәліметтер арқылы Зуқа батырдың кім екенін жақсы түсінген Қазақ елінің алдыңғы қатарлы ғалымдары мен тарихшылары Зуқа батыр өз заманының Кеңесарысы, Қазақтың азаттығы үшін басын берген нағыз Алаш ардагері деп бағалауда.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі, қарулы күштерінің әскери тарихи музейінің есігін айқара ашып, елін жұртын қорғаған Зуқа батырдың өміріне тіке қатысты жәдігерлермен, әртүрлі ақпараттық материалдарға төрінен орын берді.

Жоғарыда келтірілген бірнеше дәйекттің өзі Зуқа батырдың қандай тұлға болғанын айшықтайды.

Тәуелсіздік жолында шахит болған, Қазақ елінің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келген, Зуқа батыр бабамыздың 150 жылдық мерейтойы да оннан астам мемлекетте Халықаралық деңгейде 30-дан астам іс-шарамен аталып өтуде.

«Ата – біздікі, батыр – халықтікі» деп Зуқа батырды еске алудағы негізгі мақсатымыз – атамыздың ұлт мүддесіне арналған күрес жолын келесі ұрпақтарға жеткізу болмақ. Осы бір мақсат орындалып жатса 25 жыл толып отырған Атамекен тәуелсіздігінің мәңгілік боларына  өзімізше үлес қосқан болар едік деген сенімдеміз.

Өмірхан Алтын

Ұйымдастыру алқасының байланыс телефоны:

8-707-510-03-00

8-775-727-23-36

Qamshy.kz

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір