26 Қыркүйек, 2018 Әлеумет
«ҰРЫҚ ДОНОРЫНАН» СҮЙГЕН БАЛА ҰРПАҚ БОЛЫП САНАЛА МА? (18+)
РМИ-ң 210 кабинетіне барғанда қолыма «қарап шығыңыз!» деп каталог ұсынылды.
МК
Даудың басы:
Қос ғашық некені махаббат сезімінің апогеясы деп қабылдайды. Неке жүзігін таққаннан кейін «қызықтың көкесі» енді басталатындығынан көбісі бейхабар. Өмір оларға әртүрлі тосынсый дайындап та үлгерген. Мұның бәрі өкінішке қарай өмір заңдылығы. Тұрмыстық мәселелерден бұрын жастардың жанына көбірек бататыны ұрпақ мәселесі. Әулетке ұрпақ сыйлай алмаған келіншек сый-құрметтен айырылады, еркек болса қысылады, қамығады, қайғы кешеді. «Бала әлі сүймедіңдер ме? Үйленгендеріңе қанша уақыт болды?» деген бітпейтін мазалы сұрақтар тас жаратын тамшы секілді. Отау құрған 1 жыл көлемінде ерлі-зайыптылар тұрақты түрде жыныстық қатынасқа түсіп, жүктілік болмаса, мұны медицина тілімен «бедеулік» деп айтуға болады. Қазақстанда жылына 150 000-160 000 неке қиылса, оның 20 000-ы дәрігердің аузынан осы диагнозды естиді екен. Біздің қоғамда бала көтермеген әйел барлық кінәратты өз бойынан іздейді. Бүкіл жауапкершілікті де қоғам болып сол әйелден сұраймыз, талап етеміз. Тіпті тиісіп, ұялтуға дейін барамыз. Еркек бедеулігі жайлы ойлау ойымызға да кіріп шықпайды. Өйткені бұл қазақ үшін мүмкін емес дүниедей. Ал, статистика, өкінішке қарай, басқаша дейді. Осы ретте жан-жақты медициналық тексеруден өтіп, қайсысы дертті екендігін анықтап алған жөн. Кінәлау үшін емес, толыққанды ем алып, жазылу үшін.
Дайрабайдың денсаулығы: Жеген тамақтан ба, экологиядан ба, әйтеуір күн өткен сайын дәрігерден көмек сұрап келетін ер адамдар көбеюде. Сандарды сөйлетсек, 2011 жылы андролог-дәрігердің (тек қана еркек денсаулығын қадағалайтын маман) қабылдауына 1980 еркек жазылса, 2014 жылы олардың саны 5112 адамға жеткен. Бұл ретте дәрігерге қаралу, өз мәселесімен бөлісу еркекке психологиялық тұрғыда ауыр тиетінін айта кеткен жөн. Әйелдің гинекологтың қабылдауына жазылуы қоғамда қалыпты жағдайға айналса, әйел одан қашпаса, абдырамаса, ер азаматпен жағдай өзгеше. Дегенмен жыл өткен сайын өз денсаулығына алаңдап, ауруын ашық айтатын, айыққысы келетін ер пациенттердің саны артуда. Кейде оларды емдеп шығару мүмкін емес (Абсолютті бедеулік). Мұндай жағдайда медицина қызметкерлері пациентіне «ұрық донорының» көмегіне жүгінуге кеңес береді. Ерлі-зайыптылар донорды ұлтына, қазақ болса, жүзіне, руына қарап таңдай алады. Ең басты қағида – құпиялық. Екі тарап бір-бірі жайлы ешнәрсе білмейді, байланысқа түспейді. Қосымша ақпарат ретінде донордың дене пішіні, бойы, білімі жайлы мағлұмат беріледі. Болашақта да бала өзінің биологиялық әкесін іздеп таба алмайды. Биологиялық әкесі де бала алдындағы барлық жауапкершіліктен босатылған. Қазақстан заңнамасына сәйкес. Ал, шетелде жағдай басқаша. Донорға қойылатын еліміздегі ең басты талап-міндет – мықты денсаулық.
Донор Дайрабай: «Ұрық донорын іздейміз!» деген хабарландыруды Алматыдағы Репродуктология медицина институтының (РМИ) дәлізінде отырғанда оқып қалдым. Өз ұрығын өткіземін дегендерге сыйақы мөлшері де көрсетіліп тұр екен. Бір рет өткізгенге 15 000 тг. Бір айда ең көп дегенде 6 рет тапсыруға болады. Ұрық донорлары айына сонда қосымша 90 000 тг. табыс таба алады екен. Клиника мен донор арасындағы келісімшарт жарты жылдан 2 жылға дейін жасалады. Мен алғашында яғни тақырыпқа терең бойламай тұрғанда ұрық өткізуді бизнестің жаңа түрі деп қабылдадым. Алайда бәрі біз ойлағандай оңай емес.
Донорға қойылатын талаптар:
Жас мөлшері 18-35 жас арасы.
Ешқандай органометриялық, фенотиптік ауытқулардың болмауы.
Ұрыққа қойылатын талаптар:
1) эякулят яғни сыртқа шыққан шәует мөлшері 2 мл кем болмауы;
2) 1 мл шәуетте кем дегенде 60 миллион сперматозоидтың болуы;
3) сперматозоидтардың қозғалғыштығы А+В»50 %;
4) сперматозоидтардың морфологиясы бойынша толық жетілген сперматозоидтардың саны 30 %-дан кем болмауы (Крюгердің қатаң критериясына сүйенсек 14 %-дан кем болмауы);
5) криотолерантность (ұзақ мерзімді сақтауға қойылатын ұрықтың өз қасиеттерін жоғалтпауы);
6) иммунмен қапталған яғни антиспермамен қосақталған сперматозоидтардың саны Мар-тест бойынша 0%-25% аралығында болуы; (Ал, егер көрсеткіш 25%-дан артық болса бедеулік дегенді білдіреді)
Анализ тапсырар алдында пациентке қойылатын талаптар:
- 3 күн жыныстық өмірмен өмір сүрмеу;
- монша, сауна, ыстық ваннаға түспеу; (жоғары температура ұрық сапасының төмендеуіне әсер етуі мүмкін);
- сараптама алдында майлы, ащы тамақ түрлерін және алкоголь өнімдерін пайдаланбау;
Іріктеу кезеңдері:
I кезең: тегін спермограмма (еркек бедеулігінің диагностикасы). Бәрі жақсы болса шәуеттің морфологиясына қосымша зерттеу+МАР-тест алынады.
II кезең: І кезеңнен сәтті өткен донорларды ақысыз негізде андролог-дәрігерге жібереді.
III кезең: Медициналық тексеру.
Дайрабайлар:
РМИ-ң 210 кабинетіне барғанда қолыма «қарап шығыңыз!» деп каталог ұсынылды. Ішінде бар-жоғы 14 бет – 14 адам. 14-тің 6-уы қазақ, 5-уі орыс, 1 кәріс, 1 кавказ, 1 ұйғыр. Қазақстанда жалпы 40 шақты донор болса, соның бір бөлігі аталмыш мекемемен келісімшартқа отырған. Мұндай «қызық» каталогты көруім бірінші рет.
Дайрабай емес, Дайрагүл: Жалпы, «ұрық доноры» болу, «ұрық донорынан» бала сүю біздің менталитетімізге жат дүниелер. Алайда бұл репродуктология медицинасының көш ілгері дамығандығының көрсеткіші. «Ұрық доноры» көмегімен балалы бола алмай жүрген ата-аналар зор бақытқа кенеле алады. Бір өкініштісі, елімізде күйеуге шықпай ақ бала сүйгісі келетін қыз-келіншектер көбеюде. Және заң бойынша олар құқылы. Біреулері махаббатта жолым бір рет болмады деп, еркек атаулыға өшігіп, келешектен үмітін үзіп, «ұрық донорын» іздейді. Енді бірі концерттен кейін әншіге келіп: «Сіз менің бұрынғы жігітіме қатты ұқсайсыз! Ол жол көлік апатынан көз жұмды. Маған «ұрық доноры» болыңызшы» деп өтініш айтып жатады (бір басылымнан оқығаным). Мұның бәрі ақымақтық. Сондықтан қатаң талап донорға ғана емес, пациентке де қойылса деген өтініш бар. Көмек қалтасы қалың кез келгенге емес шын мұқтаж жанға көрсетілгені дұрыс.
Дәрігердің дерегі: Еркек бедеулігін ұрық донорының көмегімен жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы емдеу елімізде 1988 жылдан бастап жүргізіле басталды. Клара Тусеева, уролог-андролог Қайрат Құттықов пен Салтанат Байқошқаровалар бұл әдісті алғашқы рет тәжірибеге енгізген мамандар. Бір жылдан кейін шәуетті ұзақ мерзімге белгілі бір температурада сақтау мақсатында Алматыдағы Қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығында ұрық банкі ашылады. Ал, 1995 жылдың 5-ші қазанында атылмыш орталықтың негізінде экстракорпоральді ұрықтандырудың (ЭКО) алғашқы лабораториясы бой көтереді. 2008 жылы лаборатория РМИ атанып өз есігін айқара ашты. Сол жылы ол «Жыл таңдауы» байқауының нәтижесі бойынша бедеулікті емдейтін «№1 клиника» деген атақ иеленеді. 1995-2015 жылдар аралығында яғни 20 жылдың ішінде РМИ-да 8000 бала жасанды жолмен дүниеге келді. Дәрігер-андролог: Шыңғыс Нұғыманов
Авторы: Жазира Байдалы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір