• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:07:15
Алматы
+35°

20 Маусым, 2016 NEWS

ДИХАННЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Осы мақаланың аты жөнінде көп ойланып, ақыры өзім сөз арнап отырған азаматтың шығармасынан алғанды жөн көрдім. Қазақтың батыр ақыны 

Осы мақаланың аты жөнінде көп ойланып, ақыры өзім сөз арнап отырған азаматтың шығармасынан алғанды жөн көрдім. Қазақтың батыр ақыны  Махамбет Өтемісұлының «Ерлердің ісі бітер ме!» деген өлеңінде «Темірқазық жастанбай, Қу толағай бастанбай» деген жолдар бар. Қазақ мифологиясында Темірқазық тәңірінің құдіретімен аспанға қағылған ат байлайтын алтын қазық, дүниенің кіндігі саналады. Дихан Қамзабекұлының «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» деген жинақта жарияланған мақаласының  атын «Алаш – темірқазық» деп қоюы да бекер емес. Темірқазық әдетте бағытты ажырататын, жол белгісі ретінде  қарастырылатыны белгілі.   Автор да осы мақаласында «Алаш – өркениет бағытындағы Қазақ елінің, зиялылардың айнымас темірқазығы», – деген қорытындыға келеді.

Бүгінде ердің жасына жеткен Дихан Қамзабекұлы 15 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген мерейлі отбасында дүниеге келген. Филолог, әдебиет тарихын зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы. Қазақ жоғары оқу орындарының қара шаңырағы – ҚазПИ-дің түлегі. Сол оқу орнын бітіргелі Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов Әдебиет және өнер институтында,   Еуразия   ұлттық университетінде,  Қазақ ұлттық музыка академиясында қызмет істеген.  Қазір ол – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры. 

Диханның  алаштанушы болып қалыптасуының да өзіндік тарихы бар. Оған шығармашылығының мына тізбегі куә бола алады. «Смағұл Сәдуақасұлы» (1996), «Руханият» (1997), «Алаш және әдебиет» (2002), «Ағартушылық және әдебиет» (2003), «Пайым» (2004), «Алаштың рухани туғыры» (2008), «Смағұл Сәдуақасов» (2009), «Түркістан алқасы» (2011), «Жәдитшілдік және Алаш: түсіндірме сөздік» (2012) атты кітаптары оқырман игілігіне ұсынылды. Сонымен қатар ол Жүсіпбек Аймауытовтың 5 томдығын, Смағұл Сәдуақасұлының 3 томдығын, Қошке Кемеңгерұлының 3 томдығын әзірледі. 3 деректі фильмге сценарий («Қазақтың Қошкесі», «Бата», «Көздің қарашығындай») жазды. Алаш зиялылары туралы ғылыми-шығармашылық еңбектері оның ұйымдастыру қызметімен ұштасты. Соның нәтижесінде «Алаш» мәдениет және рухани даму институтын құрып, осы бағытта ғылыми мектеп қалыптастырды.

Дихан ғылыми еңбектер жазып қана қоймай, қоғамдық-ұйымдастыру қызметімен де айналысты. Мемлекеттік маңызы жоғары іс-шараларға атсалысты. Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның,  Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның және республикалық ономастика комиссиясының мүшесі болды. Астана қалалық ономастика комиссиясының және Қазақстан халқы Кіші ассамблеясының тұрақты мүшесі ретінде белсенді қызмет атқарып келеді.

Диханның осыншама қыруар істері мен ғылыми шығармашылық  еңбектері елеусіз қалған жоқ. Ол – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың  лауреаты, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері,

Дихан Қамзабекұлы өзінің мерейлі жасына елдік іске адал отбасылық тағлымымен келіп отыр. Екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп өсірген оның әулетнамасының қалыптасуына өзі әзірлеген «Бауырнама», «Қазанат», «Он бес үй» атты шаңырақ шежірелерінің ықпалы мол.  Ал замандастарының ұрпақ, ұлт туралы ой-түсінігін, таным-талғамын елеп-екшеген «Жұрт» атты кітабы көпшіліктің көңілінен шықты.

Бүгінгі таңда  Алаш жолының сабақтастығын лайықты жалғастыратын, яғни, Махамбет айтқандай: «Темірқазық жастанып, қу толағай бастанып» жүретін ақжүрек тұлғалар керек-ақ. Міне, осындай ардақты заматтың бірі – Алаш темірқазығының бағытынан айнымаған Дихан Қамзабекұлы. Ол өзі өмір бойы зерттеген тұғырлы тұлғалардың әдеби-публицистикалық мұрасын елдің санасына сіңіруден жалыққан емес.  Сөйтіп, бір кезде Алаштануға ат қосқан талапкер бозбала қазір өзі де Алаштың танымал тұлғасына айналды. 

 

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің

профессоры, тарих ғылымдарының

докторы

Qamshy.kz

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір